2 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     4 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Пайғамбарымыз / Пайғамбар қиссасы / Ансар мен мұхажирлердің бауыр болуы

Ансар мен мұхажирлердің бауыр болуы

Пайғамбарымыз Мәдина Мүнәууәрәда тығыз байланыстың орнауы үшін, көшіп келген мұхажирлер мен оларды үйлеріне қонақ еткен ансарларды бір-біріне бауыр етті. Хазіреті Әли ең соңында қалған кезде ұмытылдым деп ойлап, «Йа, Расулаллаһ! Мені ұмытып кеттіңіз бе?» дейді. Әлемдердің мырзасы – Пайғамбарымыз «Сен дүниеде және ахыретте менің бауырымсың» деді. Бұл бауырластық материалдық және рухани көмек беру негізіне сүйенетін. Осылайша, мұхажирлер елдерінен, отандарынан, туыстарынан ажыраудың қайғысынан біраз да болса арылатын еді. Онсыз да мәдиналық мұсылмандар (радиаллаһу анһум) Аллаһу та’аланың дінін ұстану және тарату үшін отандарын тастап келген мұхажир бауырларына құшақтарын ашып, үйлерінен жай беріп, оларға барлық жақтан көмектесіп жатқан еді. Бұл бауырластық арқылы  меккелік және мәдиналық мұсылмандар бір-біріне одан да жақындай түсті. Пайғамбарымыз әрбір мұхажирді мінезіне сай келетін бір ансармен бауыр етті. Бұл бауырластықтың деңгейі әкелерінен қалған мал-мүлікті бөлісетіндей жағдайда еді.

 

Әрбір мәдиналық мұсылсан жерін, бау-бақшасын, үйін, малын, несі бар болса бәрін екіге бөліп, жартысын мұхажир бауырына қуана-қуана берді. Мұхажир Абдуррахман бин Ауф былай дейді: «Біз Мәдинаға көшкен кезде пайғамбарымыз Са’д бин Рәби екеумізді бауыр етті. Осыған байланысты бауырым Са’д маған «Ей, бауырым Абдуррахман! Мен мал-мүлік жағынан мәдиналық мұсылмандардың ішіндегі ең байымын. Мүлкімнің жартысы сенікі» деді. Мен оған «Аллаһу та’ала мал-мүлкіңе береке берсін. Менің малға қажеттілігім жоқ. Мені базарларыңа апар, сол жетеді» дедім.

 

Осындай жан қиярлық бауырластық қасиет тек Ислам бауырластығы арқылы ғана қалыптасуы мүмкін еді. Адам алейһиссаламнан сол күнге дейін адамзат тарихында қауымдардың көптеген көштері орын алды. Бірақ, көшіп келгендер мен жергілікті халық арасында осыншалықты ынтымақ пен адал ниетті достық орныққан мынандай мәнді және ұлы көш болмаған еді. Аллаһу та’ала «Мүминдер бір-біріне бауыр» деді. («Хужурат» сүресі, 10) Осылайша, нағыз сүйіспеншілік пен адалдықтың материалдық пайдамен емес, иман және сенім арқылы қалыптасатыны меңзелді. Сахабалардағы бұл хал, пайғамбарымыздың сұхбатымен көркейіп жатты. Пайғамбарымыздың жүрегінен шыққан парасатты сөздер, файз-берекелер сахабалардың жүрегіне жетіп, осының нәтижесінде бауырластық сезімдері оянып, шын көңілдерімен бір-бірлерін жақсы көре бастайтын.

 

Ансар мен мұхажирлер осы Ислам орталығында бір-бірімен етене жақын араласып, біте қайнасып, Ислам дінінің күшеюі үшін барлық қиындықтарға төтеп беруге және осы жолда шаһадат мәртебесіне қауышуға уәде берісті. Осылайша, пайғамбардың қасына жиналып, Ислам дінінің негіздеріне бағынып, жаңа жүйе орнатып, жаңаша өмір сүру салтын қалыптастырды. Енді Ислам діні хижрет оқиғасы арқылы мемлекет болу жолына алғашқы қадамын басты. Мәдина Мунәууәрә болса, Ислам дінінің бесігі мен орталығына айналды.

 

Мәдинада сахабалардан басқа христиандар, яһудилер және пұтқа табынатын мүшриктер де бар болатын. Яһудилер Бәни Қайнуқа, Бәни Қурәйза және Бәни Надр деген үш тайпадан тұратын. Олар Исламға, әсіресе пайғамбарымызға қас дұшпан болды.

 

Осы арада меккелік мүшріктер пайғамбарымыздың Мәдинада сахабаларды бір-бірімен бауыр етіп, туыс етіп жатқанын өздері үшін үлкен қауіп деп санады. Қысқа уақыт ішінде бұл іске тосқауыл қойылмаса мұсылмандар күшейіп, Меккеге шабуылдауы мүмкін, қалдырып кеткен жерлерін, үйлерін, атамекендерін олардан алып қоюы мүмкін еді. Осындай оймен меккелік мүшріктерден мәдиналық мұсылмандарға қорқытатын мәндегі хаттар келе бастады. Бұл хаттардың бірінде «Күмәнсіз, арамызда дұшпандық бар, бізді ешбір араб тайпасы сендер сияқты ренжіткен жоқ. Өйткені, бізден шыққан адамды бізге қайтарудың орнына Оған көмектесіп, құшақ жайып, қорғадыңдар. Бұл сендердің ең үлкен айыптарың. Сендер Онымен біздің арамызда тұрмаңдар. Оның ісін бізге тапсырыңдар. Егер Оның әрекеттері көңілдегідей болса, оған ең көп қуанатын біздер боламыз. Керісінше болса, оны тәртіпке шақырып қою да біздің міндетіміз» делінген еді.

 

Бұл хатқа хазіреті Ка’б бин Малик пайғамбарымызды мадақтаған өте керемет жауап хат жазды.

 

Меккелік мүшріктер мәдиналық мүшріктерге де дәл сондай мазмұндағы хаттар жазған еді. Оларға да «Егер біздің адамымызды қалаларыңнан шығарып жібермесеңдер немесе өлтірмесеңдер, сендерге шабуыл жасап, өздеріңді өлтіріп, әйелдеріңді тұтқынға аламыз» деп қорқытты.

 

Осыған орай мәдиналық мүшріктер Абдуллаһ бин Үбәй деген мұнафықтың қасына жиналып, мүмкіндік туған сәтте пағамбарымызға зиян келтіруге шешім қабылдады.

          Мұсылмандар мұны естіп, пайғамбарымызды қорғау үшін қолдарынан келген шараның бәрін қолданып, үнемі Оның айналасында жүріп, араларынан шығармады. Түнде көшеге шықпайтын, үйлерінде ұйықтамайтын жағдайға жетті. Үбәй бин Ка’б айтады: «Расулуллаһ пен сахабалар (радиаллаһу анһум) Мәдинаға көшіп келгенде мұсылмандар мүшрік араб тайпаларының дұшпанына айналды. Сахабалар қару асынып, азанға дейін пайғамбарымызды және мұсылман отбасыларды кезектесіп күзететін». Сахабалар бірауыздан бірігіп, қатер төнген жағдайларда бар күштерімен мұсылман бауырларына көмекке ұмтылатын. Олардың басында пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) тұрды. Пайғамбарымыз барлық жақсы мінездерімен қоса ер жүректікте де сахабалардың басында тұрды. Түннің кез-келген сәтінде болса да бір дауыс естісе, ешкім бармастан бұрын ол жерге атымен сол жерге құстай ұшып жететін, сахабаларына қорқатындай ешнәрсенің жоқ екенін айтып, оларды  тыныштандыратын.