12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   


Рәжи оқиғасы

Хамра-ул Әсад жорығы: Пайғамбарымыз Мәдинаға қайтқан кезде мүшріктердің кез-келген сәтте кері қайтып, Мәдинаға шабуылдау мүмкіндігін ойлап шара қолданды. Ертеңіне жаралы бола тұра мұсылмандардың кешегі соғыстан әлсіремегенін білдіру, дұшпанды қорқытып ескерту, олардың Мәдинаға қайтып келуін болдырмау үшін Біләл Хабәшиге (радиаллаһу анһ) «Расулуллаһ сендерге дұшпанның ізіне түсуді бұйырды. Кеше Ухудта бізбен бірге соғыспағандар бармайды, тек соғысқа қатысқандар ғана барады де» деді. Ол сахабаларға бұл хабарды айтқанында олар жаралы болса да әп сәтте жиналып дайын тұрды. Тіпті, ауыр жарақат алған Абдуллаһ пен Рафи (радиаллаһу анһум) деген ағайындылар да пайғамбарымыздың бұл хабарын ести сала ауырғандарына қарамастан «Пайғамбарымызбен соғысқа шығу мүмкіндігінен айырыламыз ба?» деп, мүжахидтердің сапына қосылды.

 

Пайғамбарымыз сахабаларымен мүшріктердің соңына түсті. Рауха деген жерде мүшріктердің жиналып, Мәдинаға шабуыл жасап, мұсылмандарды қыру туралы шешім қабылдағандарын естіді. Осылайша бұл қолданылған шараның да пайғамбарымыздың бір мұғжизасы екендігі белгілі болды.

 

Мүшріктер пайғамбарымыздың өздеріне қарай келе жатқанын естіп, қорқып, отырған жерлерін тастап, Меккеге қайтты.

 

Пайғамбарымыз олардың соңынан Хамра-ул Әсад деген жерге дейін барды. Мүшріктерден екі адам ұсталды. Ол жерде үш күн болып, сосын Мәдинаға қайтты.

 

Аллаһу та’ала Хамра-ул Әсадке барған осы сахабаларды аяти кәримәмен былай мадақтады: «Жараланғаннан кейін тағы да Аллаһу та’аланың және пайғамбарының шақыруына жүгіргендер және жақсылық жасап, жамандықтан сақтанғандар үшін үлкен сыйлар бар». («Али Имран» сүресі, 172)

 

Ухудта пайғамбарымызды өлтіруге ант ішкендерден Ибн Қамиа Меккеге қайтқаннан кейін бір күні қойларын көруге тауға шығады. Таудың төбесінен қойларын табады. Олардың ішінен бір үлкен қошқар оны сүзіп-сүзіп, паршалап өлтіреді.

 

Абдуллаһ Шихаб Зухриді де Меккеге бара жатқанда ақ таңбасы бар бір жылан шағып өлтірді. Пайғамбарымызға қастандық жасағандардың барлығы бір жылдың ішінде өз жазаларын алып  дүниемен қош айтысты.

 

Рәжи оқиғасы: Ухуд соғысының мергендерінің бірі Асым бин Сабит (радиаллаһу анһ) бұл соғыста мүшріктерден Мусафи бин Талха мен бауыры Харисті өлтірген болатын. Аналары, қатты кек сақтаған Сулафә бинти Са’д екі баласын өлтірген хазіреті Асым бин Сабиттің басын әкелген адамға жүз түйе беремін деп уәде етті. Асым бин Сабиттің (радиаллаһу анһ) бас сүйегімен шарап ішуге ант етті. Сондай-ақ пайғамбарымыз жіберген бір жорықта хазіреті Абдуллаһ бин Унәйстің Лыхиян ұлдарынан Халид бин Суфйанды өлтіруіне байланысты Лыхиян ұлдары Адәл және Карә тайпаларымен келісім жасасты. Мәдина маңында орналасқан бұл екі қауым жоспар құрып, елшілер дайындады. Оларға «Мұсылман екендіктеріңді айтыңдар. «Зекет береміз, соны алатын және бізге Исламды үйрететін ұстаз қалаймыз» дейсіңдер. Келгендердің біразын өлтіріп, өшімізді аламыз. Біразын Меккеге апарып, құрайыштарға сатамыз» деді.

 

Хижреттің төртінші жылының сапар айында осы екі тайпадан алты-жеті адамдық топ пайғамбарымызға барып «Мұсылман болдық, бізге Құран кәрімді және дінді үйрететін ұстаз жібер» деді. Бұл кезде пайғамбарымыз Меккелік мүшріктердің соғысқа дайындалып жатқан-жатпағанын бақылау үшін он адамнан тұратын жасақ дайындаған болатын. Адәл және Карә тайпасынан да осындай елшілердің келіп, ұстаз сұрауларына байланысты жағдайды анықтау, хабар әкелу үшін осы он адамдық жасақты келгендерге қосып жіберді. Сахабалардан құралған бұл жасақта Мәрсәд бин Әби Мәрсәд, Халид бин Әби Букәйр, Асым бин Сабит, Хубәйб бин Ади, Зәйд бин Дәсиннә, Абдуллаһ бин Тариқ, Муаттиб (Муғир) бин Убәйд және есімдері белгісіз тағы үш сахаба бар еді (радиаллаһу анһум).

 

Бұл жасақ күндіз жасырынып, түнде жүріп отырып, таңсәріде Рәжи деген жерге барды. Сол жерде біраз демалып, Мәдинаның Ажуә деген ең жақсы құрмасынан жеді. Сосын ол жерден кетіп, жақын жердегі бір тауға шығып, жасырынды. Хузәйл тайпасынан қой бағып жүрген бір әйел Рәжи суының басына келген болатын. Құрманың сүйектерін көріп, Мәдинаның құрмасы екенін білді. «Бұл жерде Мәдинадан келген адамдар болған» деп айқайлап, тайпасына хабар берді. Бұл кезде сахабалардан осы он адамдық жасақпен келе жатқан Адәл мен Карә тайпасының елшілерінің бірі бір сылтаумен олардан бөлініп кетіп, Лыхиян ұлдарына хабар жеткізді.

 

Лыхиян ұлдары осы хабарға қарай дереу іске кірісті. Жүз садақшысы бар екі жүз адамдық күшті осы жасаққа қарсы жіберді. Бұл мүшріктердің тобы хазіреті Асым бин Сабит пен оның жолдастарын таудың төбесінен тауып, сол жерде қоршауға алды. Осы кезде он сахаба туралы хабар берген адам да мүшріктердің сапына келіп қосылды. Сахабалар сол кезде өздерінің алданғанын түсініп, қылыштарын суырды. Мұны көрген мүшріктер оларды алдауға тырысып, «Егер біздің қасымызға түссеңдер, ешқайсысыңды өлтірмейміз. Сөз береміз. Уаллаһи, сендерді өлтіруді қаламаймыз. Бірақ сендерге қарсы меккеліктерден құн ақша алуды қалаймыз» деді. Асым бин Сабит, Мәрсәд бин Әби Мәрсәд және Халид бин Әби Букәйр (радиаллаһу анһум) «Мүшріктердің сөздері мен анттарын ешқашан қабылдамаймыз» деп барлық ұсыныстарын кері қайтарды. Асым бин Сабит (радиаллаһу анһ) «Ешқашан мүшріктердің қамқорлығын қабылдамауға ант іштім. Уаллаһи олардың сөзіне сеніп, төмен түсіп, берілмеймін» деді. Қолын жайып, «Аллаһым! Пайғамбарымызға біздің жағдайымызды білдір» деп дұға етті. Аллаһу та’ала оның бұл дұғасын қабылдап, пайғамбарымызды бұл жағдайдан хабардар етті.

 

Хазіреті Асым мүшріктерге «Біз өлуден қорықпаймыз. Өйткені, дінімізде өлсек, шәйіт болып, жұмаққа барамыз» деді. Мүшріктердің басшысы «Ей, Асым! Өзіңді, жолдастарыңды текке құртпа, беріліңдер» дегенде Асым бин Сабит (радиаллаһу анһ) оған оқпен жауап қайтарды. Асымда жеті оқ бар болатын. Әр атқан оғы бір мүшрікке тиді. Оғы таусылған соң біразын найзасымен жаншыды. Найзасы да сынып қалды. Дереу қылышын суырып, қынабын сындырып лақтырып жіберді. Бұл өлгенше соғысамын дегенді білдіретін еді. Сосын «Ей, Аллаһым! Мен бүгінге дейін сенің дініңді үйрендім. Сенен осы күннің соңында менің денемді қорғауыңды сұраймын» деп дұға етті. Хазіреті Асым бин Сабит пен басқа сахабалардың «Аллаһу әкбар» деген дауыстары тауды жаңғыртты. Екі жүз адамға қарсы он мүжахид бар күштерін салып соғысты. Асым (радиаллаһу анһ) екі аяғынан жарақат алып, жерге құлады. Кәпірлер одан қатты қорыққандықтан жерге құласа да оның қасына жақындай алмады. Алыстан оқ атып, оны шәйіт етті. Сол күні сондағы он сахабаның жетеуі шәйіт етіліп, үшеуі тұтқынға түсірілді. Лыхиян ұлдары Сулафә бинти Са’дқа сату үшін Асым бин Сабиттің (радиаллаһу анһ) басын кесіп алуды қалады. Бірақ, Аллаһу та’ала хазіреті Асым бин Сабиттің дұғасын қабыл етіп, бір топ құжынаған араны жіберді. Олар бұлт секілді Асым бин Сабиттің төбесінде тұрды. Мүшріктер оның қасына жақындай алмады. Сосын «Қоя беріңдер, кешке аралар кетеді, сол кезде келіп аламыз» деді. Кешке Аллаһу та’ала қатты нөсер жауын жаудырды. Су селдей ағып, Асым бин Сабиттің (радиаллаһу анһ) денесін ағызып басқа жаққа алып кетті. Олар қанша іздесе де таба алмады. Осылайша, олар хазіреті Асымның еш жерін де кесе алмады. Аралардың Асымның (радиаллаһу анһ) денесін қорғағаны туралы айтылғанда хазіреті Омар «Аллаһу та’ала әрине мүмін құлын қорғайды. Асым бин Сабит тірі кезінде мүшріктерден қалай қорғанса Аллаһу та’ала да ол өлгеннен кейін оның денесін солай қорғап, мүшріктерге тигізбеді» деді. Содан кейін Асым (радиаллаһу анһ) туралы айтылғанда «Аралар қорғаған адам» деп айтылатын болды.

 

Лыхиян ұлдары хазіреті Асым бин Сабиттен бастап жеті адамды шәйіт етті. Үш сахабаны тұтқынға түсірді. Олар Хубәйб бин Ади, Зәйд бин Дәсиннә және Абдуллаһ бин Тариқ (радиаллаһу анһум) болатын. Лыхиян ұлдары олардың үшеуін де садақтың жібімен байлады. Абдуллаһ бин Тариқ (радиаллаһу анһ) жүрмей «Шәйіт болған достарым жұмаққа барды» деп айқайлады. Қолының жібін үзіп кетті, бірақ Лыхиян ұлдары оны таспен ұрып шәйіт етті. Хубәйб бин Ади мен Зәйд бин Дәсиннә (радиаллаһу анһум) «Пайғамбарымыздың берген тапсырмасын орындауға мүмкіндік табармыз» деген оймен сабырлылық танытты.

 

Лыхиян ұлдары екеуін де Меккеге апарды. Бәдір және Ухуд соғыстарында туыстары өлтірілген мүшріктер өшпенділік отына өртеніп, мүмкіндік іздеп жүргенді. Хубәйбті (радиаллаһу анһ) мүшріктерден Хужәйр бин Әби Ихаб Тәмими Бәдір соғысында өлтірілген бауырының, ал Зәйд бин Дәсиннәні (радиаллаһу анһ) Сауфан бин Умәййә Бәдір соғысында өлтірілген әкесі Умәййә бин Халәфтің кегін қайтару үшін сатып алды. Мүшріктердің ниеті екеуін де өлтіру болатын. Бірақ соғысуға болмайтын айларда болғандықтан қамау арқылы уақыттың өткенін күтті. Оларды жеке-жеке орындарға қамады. Екі сахаба да осындай тұтқын кезінде сабырлылық танытып, шыдамдылық көрсетті.

 

Хубәйб бин Ади (радиаллаһу анһ) қамалған үйдегі азат күң болған Мәуийә (бұл әйел кейіннен мұсылман болған) былай түсіндіреді: «Хубәйб (радиаллаһу анһ) мен жүрген үйдің жер төлесіне қамалған болатын. Мен одан жақсы тұтқын көрмедім. Бір күні қарасам қолында құмандай үлкен бір бас жүзім бар екен. Соны жеп отырған болатын. Күнде сондай жүзім жеп отыратын. Ол маусымда, оның үстіне Меккеде жүзім табу мүмкін емес еді. Аллаһу та’ала оған ризық беріп отырды. Қамалған жерінде намаз оқитын, Құран Кәрім оқитын. Оқыған Құранын естіген әйелдер жылап, оған жандары ашитын. Кейде «Бір нәрсе керек пе?» деп сұрасам «Маған дәмді су бер, пұттар үшін сойылған малдың етін әкелме және де мені өлтіретін болса маған хабар бер, басқа еш нәрсе керек емес» дейтін. Өлтірілетін күні белгіленгенде барып оған бұл туралы айттым. Мұны естігенде оның жүзінде ешқандай өзгеріс байқалған жоқ. Сол күн жақындағанда жуынғысы келетінін айтып, бір ұстара сұрады. Мен баламнан ұстара беріп жібердім. Балам оның қасына барған кезде «Бұл адам баламды ұстарамен кесіп өлтірмей ме?» деп қорықтым. Қорқып балама қарадым. Хубәйб (радиаллаһу анһ) менің жіберген ұстарамды алып, баланы сүю үшін тізесіне отырғызыпты. Мен мұны көріп, айқайлай бастадым. Ол сонда барып түсінді де «Бұл баланы өлтіреді деп ойлайсың ба? Біздің дінімізде мұндай нәрсе жоқ. Орынсыз жерде адам өлтіру бізде жоқ» деді.

 

Хубәйб бин Ади мен Зәйд бин Дәсиннәні (радиаллаһу анһума) өлтіретін күн келген еді. Мүшріктер сол күні таңертең ерте екеуін Меккенің сыртындағы «Тәмим» деген жерге апарды. Мекке халқы олардың қалай өлтірілетінін көруге жиналды.

 

Мүшріктер екі дар ағашын құрды. Хубәйбті (радиаллаһу анһ) дар ағашына көтеріп жатқанда ол «Мені жіберіңдер, екі рәкат намаз оқиын» деп рұқсат сұрады. Оған рұқсат берілді. Ол намаз оқыды. Айналадағы мүшріктер, әйелдер, балалар барлығы оған қарап тұрды. Намазын оқып болған соң «Уаллаһи егер өлімнен қорқып намазын ұзатып жатыр деп ойламасаңдар намазымды ұзағырақ оқыр едім» деді. Осылай өлтірілер кезде алғаш рет екі рәкат намаз оқыған, әдет және сүннет болуына себепші болған хазіреті Хубәйб бин Ади болатын. Пайғамбарымыз оның өлер алдында екі рәкат намаз оқығанын естігенде бұл істің орынды екенін айтқан.

 

Хубәйбті (радиаллаһу анһ) намазын оқып болғаннан кейін дар ағашына байлап, бетін құбыладан Мәдинаға қаратты. Сосын «Қане, дініңнен шық. Сені босатамыз» деді. Ол: «Уаллаһи, шықпаймын. Барлық дүние маған берілсе де Исламнан шықпаймын» деп жауап берді. Сөйтіп, мүшріктер «Қазір сенің орныңа Мұхаммедтің өлтірілгенін қалайсың ба? Иә десең босатамыз» деді. Хубәйб (радиаллаһу анһ) «Мұхаммед алейһиссаламның табанына бір тікеннің батқанын да қаламаймын» деді. Мүшріктер мазақ етісіп, күлді: «Ей, Хубәйб! Ислам дінінен шық. Егер шықпасаң сені шынымен өлтіреміз» деді. Хубәйб (радиаллаһу анһ) «Аллаһтың жолында өлтірілетін болғандықтан бұл ешқандай қорқынышты емес» деп жауап берді.

 

Содан соң Хубәйб (радиаллаһу анһ) «Аллаһым! Мына жерден дұшпанның бетінен басқа ешкімді көріп тұрған жоқпын. Аллаһым! Менен Расулыңа сәлем жеткіз. Бізге жасалған бұл әрекетті Расулыңа білдір» деп дұға етті де «Әссәләму алайкә йа Расулаллаһ» деді. Хубәйб бұл дұғаны оқыған кезде пайғамбарымыз сахабаларымен бірге отырған болатын. Зәйд бин Хариса (радиаллаһу анһ) былай баяндайды: «Бір күні Расулуллаһ сахабаларымен бірге отырған кезде «Уә алейһиссалам» деді. Сахабалар «Йа, Расулаллаһ! Кімнің сәлеміне жауап қайтардыңыз?» дегенде «Бауырымыз Хубәйбтің сәлемін алдық. Жәбрейіл (алейһиссалам) Хубәйбтің сәлемін маған жеткізді» деді.

 

Хубәйбтің маңына жиналған құрайыш мүшріктері «Міне, әкелеріңді өлтірген осы адам» деп жастарды арандатып, оның денесіне найза қадатып, жаралады. Осы кезде Хубәйб Қағбаға бет бұрды. Мүшріктер оны Мәдинаға қарай бұрды. Хубәйб «Аллаһым! Егер мен сенің алдыңда қабыл болған құл болсам жүзімді құбылаға бұр» деп дұға етті. Жүзін тағы да құбылаға қаратты. Мүшріктердің ешқайсысы оның бетін Қағбадан басқа жаққа қарата алмады. Осы кезде Хубәйб дар ағашында дұшпандарының қолында шәйіт болғалы тұрғанын айтып, өлең оқыды. Мүшріктер қолдарындағы найзаларын қадап, қорлай бастағанда «Уаллаһи мен мұсылман болып өлетін болғандықтан қалай өлтірілсем де қайғырмаймын. Бұлардың барлығы Аллаһу та’ала үшін» деді. Хубәйб (радиаллаһу анһ) сосын мүшріктерге былай қарғыс айтты: «Аллаһым! Құрайыш мүшріктерінің барлығын құрт. Қауымдарын тарат. Біртіндеп жандарын ал, оларды тірі қалдырма». Мүшріктер бұл қарғысты естіп, қорқып біразы ол жерден қашты. Қалғандары найзаларын лақтыра бастады. Оның бірі ішіне тиіп, арқасынан шықты. Хубәйб (радиаллаһу анһ) денесінен қан атқылап тұрып, өмірінің соңғы сәтінде «Әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһү уә Расулуһү» деп, шәйіт болды.

 

Хубәйб бин Адидің (радиаллаһу анһ) денесі қырық күн бойы дар ағашында ілініп тұрды. Денесі шіріп, сасыған жоқ. Әрдайым қан ағып тұрды. Пайғамбарымыз оның денесін әкелуге сахабалардан Зубәйр бин Аууам мен Микдад бин Әсуәдті (радиаллаһу анһума) жіберді. Олар түнде жасырын түрде Меккеге кірді. Хубәйбті (радиаллаһу анһ) ілініп тұрған дар ағашынан түсіріп, түйеге жатқызып, Мәдинаға қарай жолға шықты. Мұны естіген мүшріктер топтасып олардың арттарына түсті. Екі сахаба қорғану үшін мәйітті жерге қояды. Біраздан соң мәйітті қойған жерлерінің жарылып, мәйітті ішіне алып қайта жабылғанын көрді. Бұдан кейін олар ары қарай Мәдинаға бет алды.

 

Мүшріктер Зәйд бин Дәсиннәні (радиаллаһу анһ)  еккен ағаштарына байлады. Дінінен шығару үшін оны қинады. Бірақ Зәйдтің иманы одан сайын күшейе берді. Сосын Зәйдтті (радиаллаһу анһ) оқтың астына алды. Соңында Сауфан бин Умәййәнің азат құлы Нистас оны шәйіт етті.