12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   


Уәда (қоштасу) хутбасы

... Ей, адамдар! Сөзімді жақсылап тыңдаңдар! Білмеймін, бәлкім бұл жылдан кейін сендермен бұл жерде қайта кездесе алмайтын шығармын.

Адамдар! Осы күндерің қаншалықты қасиетті күн болса, бұл айларың қандай қасиетті ай болса, бұл қалаларың (Мекке) қандай қасиетті қала болса, жандарың, малдарың, намыстарың да сондай қасиетті. Әр түрлі жауыздықтан қорғалған.

Сахабаларым! Ертең Раббыларыңмен қауышасыңдар және бүгінгі барлық әл-әрекеттерден міндетті түрде есепке тартыласыңдар. Менен кейін бұрынғы азғындықтарыңа қайтып, бір-біріңді өлтірмеңдер. Бұл өсиетімді осы жердегілер бұл жерде болмаған адамдарға жеткізсін. Естіген адам бұл жерде болып естіген адамнан да жақсы түсініп, есінде сақтауы мүмкін.

Сахабаларым! Кімде біреудің аманаты бар болса оны иесіне қайтарсын. Өсімқорлықтың (пайыздың) барлық түрі жойылған. Аяғымның астында. Бірақ, қарыздарыңның негізін берулерің керек. Зұлымдық етпеңдер, зұлымдыққа ұшырамаңдар. Аллаһу та’аланың бұйрығымен өсімқорлыққа енді тыйым салынды. Надандық дәуірінен қалған бұл жаман әдеттің барлығы аяғымның астында. Алғаш жойған өсімқорлығым - Абдулмутталибтің ұлы (көкем) Аббастың өсімқорлығы.

Сахабаларым! Надандық дәуіріндегі қан даулары да толығымен жойылды. Жойған алғашқы қан дауым - Абдулмутталибтің немересі Рәбианың қан дауы.

Ей, адамдар! Қалаған уақытта соғысу үшін қан төгу харам болған айлардың орындарын ауыстыру – күпірліктің дәл өзі. Бұл - кәпірлердің үлкен адасушылыққа түскен нәрсесі. Олар бір жылы адал деп қабылдаған бір айды келесі жылы харам деп жариялады. Хақ та’аланың халал және харам еткендерінің санына сай етеміз деп осылай жасады. Олар Аллаһу та’аланың харам еткенін халал, ал халал еткенін харам етеді.

Күмәнсіз, уақыт - Аллаһу та’аланың жаратқан күніндегі түр мен тәртіпке енді.

Ей, адамдар! Бүгін шайтан сендердің мына жерлеріңде жаңадан билігін жүргізу және үстемдік құру күшінен мәңгілікке айрылды. Бірақ, сендер осы жойған нәрселерімнен басқа кішкентай деп санаған нәрселеріңде оған бағынсаңдар бұл оны қуантады. Діндеріңді қорғау үшін бұлардан да сақтаныңдар!

Ей, адамдар! Әйелдердің құқықтарын құрметтеуді және осы мәселеде Аллаһу та’аладан қорқуларыңды ұсынамын. Сендер әйелдерді Аллаһу та’аланың аманаты ретінде алдыңдар, олардың намысы мен арын Аллаһу та’аланың атымен уәде беріп, халалдыққа алдыңдар. Сендердің әйелдерде құқықтарың, олардың сендерде құқықтары бар. Сендердің әйелдердегі құқықтарың – олардың отбасылық махремдікті сендер ұнатпайтын ешкімге таптатпауы. Егер сендер ұнатпайтын біреуді үйлеріңе кіргізсе, оларды жеңіл ұрыспен жазаландырып бұл тірліктерінен қайтарсаңдар болады. Әйелдердің де сендердегі құқықтары – оларға халал жолмен әр түрлі тағамдар мен киім-кешектерін қамтамасыз етулерің.

Ей, мүміндер! Сендерге бір аманат қалдырамын, одан мықтап ұстасаңдар жолдарыңнан адаспайсыңдар. Ол аманат - Аллаһу та’аланың кітабы Құран Кәрім (Басқа риуаяттарда «сүннетім» және «әһли бәйтім» деп көрсетілген).

Ей, мүміндер! Сөзімді жақсылап тыңдаңдар және естеріңе жақсылап сақтаңдар. Мұсылман мұсылманның бауыры, осылайша барлық мұсылмандар бір-біріне бауыр. Діндес бауырларыңның жаны, қаны, малы-мүлкі, ар-намысы және ақысына сұрамай қол созу ешкімге халал емес.  Тек өзі көңіл разылығымен берсе ғана халал болмақ.

Сахабаларым! Өздеріңе зұлымдық жасамаңдар. Мойындарыңда өздерің жайлы да сақтауға тиіс болған құқықтарың, жауапкершіліктерің бар.

Ей, адамдар! Аллаһу та’ала әрбір құқық иесіне құқығын (Құран Кәрімде) берген. Мұрагердің, өсиеттің қажеті жоқ. Бала кімнің төсегінде туылса соған тән. Зинақорлық еткен адамға махрұмдық бар. Өзін әкесінен басқаның тегіненмін деп айтқан тексіздер немесе өз қожайынынан  қашып басқаның қолына сыйынған көрнемек адам Аллаһу та’аланың азабына, періштелер мен барлық мұсылмандардың қарғысына ұшырасын. Хақ та’ала мұндай адамдардың тәубаларын да, куәліктерін де қабылдамайды.

Ей, адамдар! Раббыларың бір. Әкелерің де бір. Барлығың Адамның балаларысыңдар. Адам болса топырақтан жаратылды. Аллаһтың алдында ең қадірлілерің - ең көп тақуа болғандарың. Арабтың араб еместерден артықшылығы жоқ. Артықшылық тек тақуалықта.

Ей, адамдар! Ертең сендерден мен жайлы сұрайды, не дейсіңдер?

Сахабалар «Аллаһу та’аланың дінін уағыздадыңыз. Міндетіңізді орындадыңыз. Бізге уағыз айтып, насихат жасадыңыз» деп куәлік етеміз» деді.

Осы кезде Расулуллаһ сұқ саусағын көтеріп, жамағатқа қаратып, «Куә бол, йа Раб! Куә бол, йа Раб! Куә бол, йа Раб!» деді.

Пайғамбарымыз Уәда хұтбасын оқыған күні «Маидә» сүресінің «Бүгін діндеріңді сендер үшін толықтырдым. Сендерге деген ниғметімді аяқтадым және сендерге дін ретінде Исламды беруге разы болдым» деген мағынадағы 3-аяты түсті. Пайғамбарымыз бұл аятты сахабаларына оқыған кезде хазіреті Әбу Бәкір жылады. Сахабалар оның себебін сұрағанда «Бұл аяти кәримә расулуллаһтың қайтыс болатын уақытының жақындағанын білдіреді. Сол үшін жылап жатырмын»- деді.

Пайғамбарымыз Меккеде он күн болып, Уәда қажылығын жасап, Уәда тауабын орындады. Сөйтіп, Мәдинаға қайтты. Уәда қажылығынан кейін сахабалар өз отандарына қайтып пайғамбарымыздың айтқан және бұйырған нәрселерін сол жердегілерге жеткізді.

Хижреттің оныншы жылында орын алған тағы бір оқиға – пайғамбар екендіктерін айтқан адамдардың шығуы болды. Солардың бірі Йеменнен шыққан Әсуәди Анси болатын. Пайғамбарымыздың бұйрығымен Әсуәди Анси Йемендегі мұсылмандар тарапынан өзінің үйінде өлтірілді. (Екіншісі Мусәйләмәтул Кәззаб. Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін хазіреті Әбу Бәкір Мусәйләмәге хазіреті Халид бин Уәлид басқарған әскерді жібереді. Мусәйләмә Уахши (радиаллаһу анһ) тарапынан өлтірілді).