7 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     10 - Қазан, 2024 жыл.   


Әһли бәйт

Мүбәрәк жұбайлары: Расулуллаһ саллаллаһу алейһи уә сәлләм хазреті Хадиша анамыз қайтыс болғаннан кейін екінші рет елу бес жасында хазреті Әбу Бәкірдің қызы хазреті Айша анамызға үйленді. Аллаһу та’аланың бұйрығымен некеге тұрған болатын. Хазреті Айша анамызбен бақилық болғанға дейін, яғни соңғы сегіз жыл өмірін бірге өткізді.

Қалған әйелдеріне діни, саяси себептермен немесе мейірімділік таныту, жақсылық жасау ниетімен үйленген. Олардың барлығы жесір болып, көпшілігі егде жаста болатын. Мысалы, Меккедегі кәпірлердің мұсылмандарға көрсеткен азаптары мен жәбірлері адам төзгісіз жағдайға жеткен кезде сахабалардың бір бөлігі Хабашстанға хижрет еткен еді. Хабаш патшасы Нәжаши христиан болатын. Мұсылмандарға әр түрлі сұрақтар қойып, алған кемел жауаптарына таң қалып, иман келтірген. Мұсылмандарға көптеген жақсылықтар жасады. Иманы әлсіз болған Убайдуллаһ бин Жахш кедейліктен құтылу үшін поптарға алданып, мүртәд болған, дінін дүниеге ауыстырып жіберген болатын. Расулуллаһтың әпкесінің баласы болған ол малғұн, әйелі Умми Хабибаны да  (радиаллаһу анһа) діннен шығып, бай болуға күштеп, зорлады. Алайда әйелі кедейлік пен өлімге риза екенін, бірақ Мұхаммед алейһиссаламның дінінен шықпайтынын айтқандықтан, онымен ажырасып кетті. Кедейшіліктен қиналып өлгенін күтіп отырған еді. Бірақ, аз уақыттан соң өзі өлді. Умми Хабиба (радиаллаһу анһа) Меккедегі Құрайштың сол кездегі бас қолбасшысы Әбу Суфйанның қызы болатын. Расулуллаһ алейһиссалам ол кездері Құрайш әскерімен қақтығыста болатын. Әбу Суфйан Ислам дінін жою үшін бар күшін салып, күресуде еді.

Расулуллаһ Умми Хабибаның иманының күштілігін және басына түскен ауыр қайғысын естіді. Нәжашиге «Сол жердегі Умми Хабибаға үйленемін. Некемді қи. Сосын оны осында жібер» деп хат жазды. Нәжаши одан бұрын мұсылман болған болатын. Хатта жазылғандарға құрмет көрсетіп, сол жердегі мұсылмандарды сарайына шақырып, дастархан жайды. Хижреттің жетінші жылы неке қиылып, сыйлықтар берілді. Осылайша, Үмми Хабиба (радиаллаһу анһа) иманының сыйлығына қауышты, бай болып, рахат өмір сүрді. Оның арқасында басқа да мұсылмандар рахаттыққа қауышты. Жаннатта әйелдер күйеулерінің қасында болатындықтан оған жұмақтың ең биік дәрежесі сүйіншіленді, дүниенің барлық ләззаттары мен нығметтері бұл сүйіншінің қасында кішкентай болып қалды. Бұл неке Әбу Суфйанның алдағы уақытта мұсылман болу абыройына қауышуына себеп болатындай етіп дайындалған еді. Бұдан көріліп тұрғанындай, бұл неке Расулуллаһтың ақылының, зейінінің, даналығының, жақсылығының және мейірімділігінің деңгейін де көрсетеді.

Екінші мысал: Хазреті Омардың қызы хазреті Хафса (радиаллаһу анһа) жесір қалған болатын. Хижреттің үшінші жылында хазреті Омар хазреті Әбу Бәкірден және хазреті Османнан «Қызымды аласың ба?» деп сұрағанында олар ойланатындықтарын айтқан еді. Бір күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сол үшеуі және басқалардың қасында тұрғанда «Йа Омар! Сен бір нәрсеге ренжулі сияқтысың. Себебі не?» деп сұрады. Шыны ыдыстағы сияның түсі оңай көрінетіні сияқты Расулуллаһ алейһиссалам да барлық адамның ойын бір қарағанда түсінетін. Керек деп тапса сұрайтын. Оған, тіпті барлық адамға шындықты айтуымыз парыз болғандықтан хазреті Омар: «Йа Расулаллаһ! Қызымды Әбу Бәкірге және Османға ұсындым, олар алмады» деді. Расулуллаһ ең қатты жақсы көретін бұл үш сахабасының ренжігенін қаламай, оларды қуанту үшін «Йа Омар! Қызыңды Әбу Бәкірден және Османнан да хайырлы адамға бергің келе ме?» деп сұрады. Хазреті Омар аң-таң болып қалды. Өйткені, хазреті Әбу Бәкір мен хазреті Османнан артық адамның жоқ екенін білетін. «Иә, йа Расулаллаһ» деді. Расулуллаһ алейһиссалам «Йа Омар, қызыңды маған бер» деді. Осылайша, хазреті Хафса (радиаллаһу анһа) хазреті Әбу Бәкірдің және хазреті Османның және барлық мүміндердің анасы болды және бұлар оған қызмет жасады. Хазреті Әбу Бәкір, хазреті Омар және хазреті Осман бір-біріне жақындаса түсті.

Үшінші мысал: Хижреттің бесінші немесе алтыншы жылында Бәни Мусталақ тайпасынан алынған жүздеген тұтқынның арасында болған Жуәйрийя (радиаллаһу анһа) деген қыз, сол тайпаның басшысы болған Харистің қызы болатын. Расулуллаһ оны сатып алып, азат етіп, өзімен некесін қидырғанда сахабалардың (алейһимурридуан) барлығы «Біз Расулуллаһ алейһиссаламның отбасының, анамыздың туыстарын күң ретінде, қызметші ретінде қолдануға ұяламыз» деп, барлығы тұтқындарын азат етті. Бұл неке жүздеген тұтқынның азат етілуіне себеп болды. Хазреті Жуәйрийя (радиаллаһу анһа) бұл жағдайды әрдайым айтып, мақтанып отыратын. Хазреті Айша (радиаллаһу анһа) «Жүуәйриядан асқан хайырлы, берекелі әйел көрмедім» дейтін.