Өзін кінәлі білуӘһли хикмет ғұламалар былай деген: Екі түрлі ақыл бар: Сәлим ақыл және Сақим ақыл. Сәлим ақыл діннің барлық үкімін еш қарсыласпастан қабыл етеді. Ондай ақыл пайғамбарларда, сахабаларда, ғұлама және әулие кісілерде болады. Сақим ақыл қалған адамдарда болады. Аллаһу та’ала кім нені қаласа соны жаратады. Сүйікті құлдарының қалауларын кейде жаратпайды. Өйткені ол құлдардың қалаулары кішкентай баланың отқа, ыстық нәрсеге ұмтылуы сияқты. Олай жасаған балаға ата-анасы оны жақсы көргендіктен кедергі болады. Аллаһу та’аланың сүйген құлдарының кейбір қалауларын жаратпауы осыған ұқсайды. Кәпірді жақсы көрмегендіктен оның барлық дерлік қалауын жаратады. Қандай да бір қайғылы, қиын жағдайға тап болғанда кінәні басқалардан іздемей, өзімізден іздеуіміз керек. Өйткені Аллаһу та’ала құлдарына зұлымдық жасамайды. Дініміздің ішінде ешқандай зиян жоқ, болуы да мүмкін емес. Дініміздің сыртында ешқандай пайда жоқ және бола алмайды. Қиыншылықтан құтылудың шарасы – көп истиғфар етіп, өз-өзін есепке тарту, кінәні, кемшілікті өзінен іздеу. Имам Раббани хазретке бір шәкірті «Ұстаз, қатты ауырып жүрмін» деп шағымданып хат жазады. Имам Раббани хазрет «Сенің басқа ауруың бар. Сол ауруыңды неге айтпайсың? Ол аурумен өлетін болсаң тозаққа түсесің. Сенің көңілің ауру» деп жауап береді. Шәкірті қателігін түсініп, қайта хат жазады: «Иә, көңілім ауру. Маған дұға етіңіз». Имам Раббани хазрет оған былай жауап жазады: «Сен дұғаға лайық болу үшін әуелі мына нәрселерді орында: 1) Адам алдымен өз кінәсін, өз ауруын мойындауы керек. Ауру емеспін деген адамға ешкім дәрі бермейді. 2) Өкініп тәубе етуі, күнәдан тыйылуы керек. 3) Тілмен Аллаһу та’алаға жалбарынуы қажет. Осы үш шарт орындалса дұға қабыл болады. Бұл үш шарт орындалмаса дұғаның пайдасы тимейді». Адам өзін қаншалықты кемшілікті деп білсе, сонда дін бауырын соншалық кінәсіз, қадірлі көреді. Бұл оның құтылуына себеп болады. Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Өзінікі дұрыс бола тұра «кінә өзімде, сенікі дұрыс» деп айтқан адамға жәннатта зәулім сарай беріледі, мен бұған кепілмін» деген. Ешқандай кінәсі болмаса да, талас-тартыстың алдын алу үшін дін бауырына «Мен кінәлімін, сенікі дұрыс» деу керек. Өйткені қандай ниетпен болса да талас-тартыс басталса, қарсыдағы адам кінәланған болады немесе «сенікі қате» деген сөзге тап болады. Нәтижеде ренжиді, көңілі қалады. |

