12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Мақтану адамның қадірін түсіреді

Мақтану адамның қадірін түсіреді

Адам өзін-өзі мақтай бастаса қадірі түседі. Өйткені пайғамбарымыз: «Мақталуды, мадақталуды жақсы көру адамды соқыр, әрі керең етеді. Енді ол өз айыптарын, кемшіліктерін көрмейтін болады. Дұрыс сөздерді, өзіне айтылған насихаттарды естімейтін болады» деген.

Ислам ғалымдары мақталуды жақсы көрудің көңіл (жүрек) ауруы екенін білдірген және оны емдеу жолдарын да көрсеткен. Мақталуды жақсы көрудің себебі – адамның өз-өзін ұнатуы, өзін басқалардан үстем, жоғары, жақсы адаммын деп санауы. Мұндай адамдарға мақтаулар ләззатты, ұнамды келеді. Уәһб бин Мунәббих хазреттері: «Мұнафықтың ерекшеліктерінің екеуі – мақталуды жақсы көру, ал басқаларды кемсітуді, қорлауды ұнату» деген.

Бір күні Зуннун Мысри хазреттерінен:

– Адам Аллаһу та’аланың пәк құлдарының бірі екенін қашан және қалай біле алады? - деп сұралғанда:

– Адам бұл жағдайды мына төрт нәрсе арқылы біледі. Рахаттықты тәрк етсе, аз болса да барынан берсе, кедей болу жағымды келсе, жұрттардың оны мақтауы мен жамандауы да бірдей болса, - деп жауап береді.

Әбул Аббас Мурси хазреттері айтады:

«Бір түні түсімде хазреті Омарды көрдім. Одан:

– Ей мүминдердің әмірі! Дүниелікке деген махаббаттың белгісі қандай? - деп сұрадым.

– Жамандалудан қорқу және мақталуды жақсы көру, - деп жауап берді.

Дүниені жақсы көрудің белгісі осылар болса, дүниені тәрк етудің белгісі – дұрыс жолда болып жамандалудан қорықпау және мақталуды ұнатпау болып табылады.»

Юнус бин Убәйд хазреттері напақасын мата сатумен айналысып табатын. Құл ақысынан қатты қорқатын, күмәнді болады-ау деген уайыммен мубахтардың көбін тәрк ететін еді. Тауарын мақтамайтын, мақтанбайтын да. Бір күні қызметшісі бір матаны алушыға көрсетіп: «Йа Раббым! Бұл жаннат матасынан маған да нәсіп ет!» дегенін естіп, бұл сөздің матаны мақтау мағынасына келуі мүмкін екенін ойлап, ол матаны сатқызбады. Алушылар кемшілігі бар тауарды кемшіліксіз деп ойлап сатып алу ықтималын ойлап, бұлтты, қараңғы күндері базарға шығып сауда жасамайтын еді.

Әли бин Сәһл Исфахани хазреттері: «Байлықты іздедім, ілімде таптым. Мақталуды іздедім, кедейлікте таптым. Күнәсіз болуды іздедім, зухдте, яғни шүбһәлі (күмәнді) нәрселерге түсіп қалу қорқуымен мубахтардың көбін тәрк етуде таптым. Есептің оңайлығын іздедім, үндемеуде таптым. Рахат пен бақытты іздедім, қайырымдылықта, жомарттықта таптым» деген.

Адамның тектілігімен, ата-бабаларымен мақтануы және басқалардың алдында олардан өзін үстем санауы, тәкәппарлануы надандық және ақымақтық болады. Өйткені Қабыл Адам алейһиссаламның, ал Йам Нұх алейһиссаламның баласы еді. Әкелерінің пайғамбар болуы бұларды күпірден құтқармады. Адамдардың әкелерінің, аталарының салих болғандығымен мақтануы да орынсыз, ақылды адамның ісі емес. Маңызды болғаны, олар сияқты салих болуға және олардың жолында болуға тырысу. Өйткені хадис шәрифте: «Адамның өзі жаман болса, ахиретте тегінің үстемдігі оған пайда бермейді» делінген.

Сүйікті пайғамбарымыз тағы бір хадис шәрифінде: «Ата-бабаларымен мақтанған жаман адам, Аллаһтың мейірімінен ұзақ, жаһаннамның отыны» деген.

Аллаһу та’аланың берген ниғметтерімен басқалардың алдында өзін үстем деп санау және мақтану да дұрыс емес. Өйткені бұлай мақтану харам, күнә болады. Бірақ бұл ниғметтер менде аманат, бұлардың негізгі иесі Раббым деп ойлайтын және айтатын болса, онда бұл жағдай шүкір болады, құнды әрі қабыл болады. Өйткені сүйікті пайғамбарымыз: «Аллаһу та’аланың берген ниғметтерін білдіру – бұларға шүкір ету болады» деген.

Бір тамшы судан жаратылып, кейіннен топыраққа кіріп, ол жерде құрт-құмырсқаға жем болатын адамның мақтануы, өзін басқалардан үстем деп санауы өте жаман, әбес тірлік. Бұл – жаман ауру. Дініміз осы себепті мақтануға тыйым салған. Пайғамбарымыз: «Аллаһу та’ала надандық дәуірінен қалған мақтануларды сендерден алып тастады. Бәрің Адам алейһиссаламның ұрпағысыңдар. Ал Адам топырақтан жаратылған» деген.

Адамның мақтануы, басқаларды өзінен төмен көргендіктен туындайды. Алайда хадис шәрифте: «Дін бауырын төмен деп санау, өзі үшін жамандық ретінде жеткілікті» делінген.

Мақтаншақтық ауруы адамның өзін басқалардан үстем санауынан туындайтындықтан, ондай адамдар әңгімелерінде басқаларды төмендететін, кемсітетін сөздер қолданады. Бұлар адам болмайды, бұлардан қайыр жоқ, деп өзінің үстемдігін бетке шығарғысы келеді. Ал бұл – тәкәппарлық, адамды пәлекетке апарады. Өйткені хадис шәрифте: «Адамдар құрыды дегеннің өзі құрыды» делінген.

Дін ұлыларынан болған бір кісі, оған мақтау айтып тұрған бір адамға: «Мені не үшін мақтап жатырсың? Ашулы кезде сынап көріп менің сабырлы, кәміл екенімді анықтадың ба? Әлде менімен сапарға шығып жақсы адам екеніме көз жеткіздің бе? Маған бір аманат беріп, мен оны сақтадым ба? Танымайтын адамды қалай мақтайсың?» деген.

Адам үшін өлім сәті, яғни соңғы демінде иманмен кетуі өте маңызды. Өлген кезде иманмен кетпеген адамды өмірінде мақтау не нәрсеге жарайды? Сондықтан өз-өзімізді мақтау, бізді мақтағандарға дауыс шығармау, танымайтын адамдарды мақтауымыз дұрыс болмайды.