8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Неке және отбасы / Жас көрінудің сыры

Жас көрінудің сыры

Жетпіс, сексен және тоқсан жаста болған үш ағайынды бауырлар бар екен. Бірақ үшеуі де алпыс жастағы егіз ағайындылар сияқты көрінеді екен. Бір күні  адамдар жетпіс жастағы кісіден осылай жас көрінудің сырын сұрапты. Ол «Сексен жастағы ағамнан сұраңдар. Менен он жасқа үлкен болса да, мен сияқты алпыс жасар болып көрінеді» дейді. Адамдар сексен жастағы атаға барады, ол да тоқсан жастағы ағасын сілтеп: «Менен үлкен болса да, алпыс жасар адам сияқты көрінеді, содан сұраңдар» дейді. Енді адамдар тоқсан жастағы “жас” қарттан бұл сырдың себебін сұрауға барады. «Ал келіңдер, онда сендерге айтып берейін. Алдымен тамақтанып алайық, содан кейін айтып беремін» дейді.

Тамақтанғаннан кейін жұбайынан дастарханға қарбыз алып келуін өтінеді. Жұбайы да “жап-жас” әже екен, жоғарғы қабаттағы бөлмеден бір қарбыз таңдап әкеледі. “Жас” қарт қарбызды ұнатпай, жақсырағын әкелуін сұрайды. Әйелі барып, қайтадан бір қарбызбен келеді. Бұл қарт мұны да ұнатпайды да, басқа қарбыз әкелуін сұрайды. Әже қайтадан бір қарбыз әкеледі, бірақ оны да ұнатпайды.

Қонақтарға «Жұбайым жақсысын таба алмады, жүріңдер өзіміз барып бірге таңдап алайық» дейді. Бөлмеге көтеріліп қараса, бір қарбыз ғана бар екен. “Жас” әженің сол бір қарбызды қайта-қайта әкеле бергенін түсінеді.

“Жас” қарт қонақтарына «Енді жас көрінуімнің сырын түсіндіңдер ме?» деп сұрайды. Олар түсінбедік деген кезде, қарт: «Мына бөлмеде бір қарбыз ғана бар емес пе? Жұбайым мені ұялтпау үшін әр әкелгенінде басқа-басқа қарбыз әкеліп жатқандай көрінді. “Бұдан басқа қарбызымыз бар ма еді, бір қарбыз ғана бар ғой” деген жоқ. Ол мені ешқашан ренжітпеген, мен де оны ренжітпедім. Отбасы ішіндегі ешбір қиыншылықтарымызды да сыртқа, яғни ата-анамызға да, басқаларға да мүлдем айтпадық. Яғни бір-бірімізді басқалардың алдында ешқашан қиын жағдайға түсірмедік, ұялтпадық. Осылайша екеуміз де жас болып сақталдық» – деп, жас көрінудің сырын айтып берген екен.