8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Неке және отбасы / Жақсы жар таңдау

Жақсы жар таңдау

Сұрақ: Жар таңдағанда ата-ананың айтқан қызды алу керек пе, әлде өзім іздеп табуым керек пе?

Жауап: Үйленуге шешім қабылдаған жастардың жар таңдауда ата-ана, аға-әпке, ағайын-туыс, көрші, дос-жараң сияқты жақындардың кеңесіне, көмегіне міндетті түрде жүгіну керек. Бұлардың тәжрибелерінен пайдалану керек. Жастардың өз бастарымен жар таңдау жөнінде, оның келешекте қандай жар бола алатынын болжай алу, адам тани алу қабілеттері бәсеңдеу болуы мүмкін. Өйткені көбінесе жастар ақыл, тәжрибеге емес, сезімге сүйеніп әрекет етеді. Ал сезімдер көбінесе адамды жаңылыстырады. Сондай-ақ жастар бір-біріне тек жақсы қырларымен ғана көрінуге тырысады, бір-біріне шынайы бетпердесін аша бермейді. Ал ата-ана немесе ағайындардың пәлен жерде пәлен қыз бар өте діндар, сыпайы, пысық, өте қарапайым деген сияқты кеңестерімен жар таңдау өте жақсы дәстүр. Мұны кей жерлерде “қыз көру” салты, кей жерлерде “жеңгетайлық” деп те жатады. Бұрындары “атастыру” дәстүрі де бар болатын. Бұл да екі жақты бір-бірін жақсы танитын ата-аналардың балалары үшін жақсы жар болатын адамды таңдап беруі еді. Бір-бірін бұрыннан танитын, бұрыннан силасып жүрген адамдар болғандықтан құдалар арасы кикілжің бола бермейді, өзі таңдап бергендіктен келін-ене араздығы болмайды және «құдалардан ұят болады» дегендей сөздермен балаларының ұрыстарының ұзамауын, үлгілі болуын құлақтарына құйып отырады. Отбасы құру, ажырасу істерін зерттеген көп мамандар, мысалы «Бақыттың бұлағы Жанұя» атты кітаптың авторы Түркиялық Мехмет Оруч мырза осындай әдіспен, яғни үлкендердің кеңесімен үйленгендерде ажырасу мүлде болмайды дерлік өте сирек кездеседі деп мәлімдеген. Бұл дәстүрді батыстың шырмауына түскен кейбіреулер әдейлеп жамандайтындар бар. Жастардың бір-бірін көруіне жол бермей, келіспей мәжбүрлеп үйлендіреді екен деп те ойлайтындар да аз емес. Ал негізінде бұл олай емес. Екі жақты ата-аналар өздері немесе жеңгетай арқылы сөйлескен соң. Жастарды әрине кездестіреді. Бұл онсыз да дініміздегі сүннет амал. Үйлену мақсатындағы жастар қылует болмайтындай жерде (адамдардың көзінен таса болмайтын жерде) кездесуіне, сөйлесуіне болады. «Көрмей тұрып үйленудің арты қайғы мен өкініш» деген хадис шәриф некеден бұрын жастардың көрісуінің маңыздылығын білдіреді. Ата-ананың пікірін міндетті түрде алу керек, бұл маңызды шешімде олардың да рөлі, үлесі болуы қажет. Ата-анасын тыңдамай, қарсы шығып үйленгендердің опық жеп, кейін өкініп жататыны, ажырасып жататыны көп кездеседі. Үлкендердің өмірлік мол тәжрибелерінен пайдалану керек. Әрине соңғы шешімді жастар береді.

Жалпылама болашақ жарының бойынан діндарлық (ғибадаттарын орындайтын, күнә атаулыдан аулақ жүретін), дені сау болуы яғни жанұялық өмірге көлеңке түсіретін аурулары болмауы және жақсы мінезді болуына мән беру керек. Мінезі нашар, болмашыға ашуланатын, ашуланғанда қырып-жоятын адамдардармен тұрмыс қиын болады. Жаман мінездің кесірінен, арақ ішетін, есірткі, құмар ойындарына тәуелділік және т.б. күнәларды әдеттенгендерге үйленіп күйреген немесе бақытсыздық ішінде күн кешіп жатқан қаншама отбасы бар.  

 

Сұрақ: Болашақ күйеуімнің ақылды, намаз оқитын діндар, жақсы адам болуын қалаймын. Исламда жігіт пен кыз танысып араласуға, жүруге тыйым салынған. Ондай ер жігітпен тұрмыс құру үшін не істеу керек?

Жауап: Намаз оқитын жанұясы бар әйелдермен араласып тұратын болсаңыз, бұл мәселелер солардың араға түсуімен, жеңгетайлық етуімен шешіледі. Өзіңіз де көп дұға етіңіз. Жігіттің мазһабсыз, сектант болмауына мән беріңіз.