12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Неке және отбасы / Береке және берекесіздік

Береке және берекесіздік

Сұрақ: Береке, берекесіздік деген не?

Жауап: Береке – аз нәрсенің көп пайда тигізуі, көп нәрсеге жарауы деген сөз. Аздаған зат берекелі болса, көп адамның пайда көруіне, өте жақсы амалдар жасалуына жарайды. Берекелі болмаған көптеген мал-мүлік бар, иесінің дүние мен ахиретте пәлекетке түсуіне себеп болады. Олай болса, мал-мүліктің көп болуын емес, берекелі болуын сұрау керек!

Ризық мүлдем өзгермейді, азаймайды және көбеймейді. Ешкім ешкімнің ризығын жей алмайды. Ешкім өз ризығын жеп бітірмегенше өлмейді. Кімде-кім Аллаһу та'ала әмір еткендіктен жұмыс істеп, ризығын халал жолдан іздесе, ежелде белгілі болған ризығына қауышады. Бұл ризық оған берекелі болады. Егер ризығын Аллаһу та'аланың тыйым салған жерлерінен іздесе, тағы ежелде ажыратылған белгілі ризығына қауышады. Бірақ бұл ризық оған қайырсыз, берекесіз болады. Ризығына қауышу үшін тапқан күнәлары оны пәлекеттерге жетелейді.

Ислам ғалымдары айтқан:

«Үйде Құран кітап сақтау береке. Жақсылық жасаған адамның мүлкі берекелі болады. Асхаби Кәһфтің және Асхаби Бәдірдің есімдері жазылған қағазды үйде және үстінде алып жүруде береке бар. Егінді дәретсіз егу берекесіздікке себеп. Ұстасына құрмет етпеген адамның да табысында береке болмайды. Сәре уақытында тұру береке.»

Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Асты жиналып бірге жеуде береке бар.» (Ибн Мажа)

«Бисмиллаһпен желінген тамақ берекелі болады.» (Ибн Мажа)

«Береке тамақтың ортасына түседі. Сондықтан шетінен жеңдер, ортасынан жемеңдер!» (Тирмизи)

«Сәреде және сәре асында береке бар.» (Табарани)

«Тамақтан бұрын және тамақтан кейін қолын жуған адамның үйінде береке артады!» (И.Ә.Шәйба)

«Ыстық тамақта береке болмайды.» (Дәйләми)

«Балда береке және шипа бар.» (Т.Ғафилин)

«Сірке суында, құрмада, сүтте береке бар.» (Ибн Мажа)

«Ризығына разы болған адамның берекесі артады, разы болмағанда берекесіз болады.» (Ахмед)

«Сауда-саттықта көп ант ету заттың берекесін кетіреді.» (Мүслим)

«Сауда-саттықта береке бар, саудаға өтірік, қиянат араласқанда береке кетеді.» (Бұхари)

«Береке араларыңдағы үлкендеріңде.» (И.Рафии)

«Тұнғыш баланың қыз болуы әйелдің берекесінен.» (Ибн Асакир)

«Қыз перзенті берекелі.» (Дәйләми)

«Баласыз үй берекесіз болады.» (Әбушшайх)

«Үйіне кіргенде үйдегілерге сәлем бер, үйдің жақсылығы мен берекесі артсын!» (Хараити)

«Дұға – өмірдің берекесін арттырады.» (Тирмизи)

«Құран оқылған үйдің берекесі артады. Құран оқылмайтын үй берекесіз болады.» (Дарими)

«Қонақ мың береке және мың рахметпен (мейіріммен) келеді.» (Нисаб-ул-ахбар)

«Үйінен ерте шыққан кісінің жұмысы берекелі болады.» (Бәззар)

«Жолға шығарда достарымен қоштасқан адам олардың дұғаларымен берекеге қауышады.» (Дәйләми)

«Ата-анасына қызмет еткен адамның өмірі берекелі, ал оларға қарсы шыққанның өмірі берекесіз болады.» (И.Ахлақы)

«Мұхаммед есімді адам болған үй мен жерде береке болады.» (Дәйләми)

«Таң намазының сүннетін үйде оқу ризықтың берекесіне себеп болады.» (Имад-ул-ислам)

«Намаз оқитын (намазхан) адамның ризығы берекелі болады.» (М.Жәннә)

«Несиелік (пайызсыз бөліп төлеу) сауда-саттықта, қарыз беруде және арпа араласқан нанда береке бар.» (Ибн Мажа)

«Үйде қоқыстың болуы берекесіздікке себеп.» (Дәйләми)

«Әнші және өсімқорлардың (пайызшылардың) табысында береке болмайды.» (Дәйләми)

«Жиында бірі сөйлеп жатқанда басқалары үндемей отырмаса, ол жер берекесіз болады.» (Бәйһақи)

 

Қоқысты жабық ұстау

Сұрақ: Үйде қоқыстың тұрып қалуы берекесіздікке себеп болады екен. Қоқыс шелегінің ауызын жауып қойсақ, сонда да берекесіздікке себеп болады ма?

Жауап: Қоқыс ашық тұрмаса, жабық ыдыстың ішінде болса, көрінбей тұрса, берекесіздікке себеп болмайды.