8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Қиыншылықсыз ниғмет болмайды

Қиыншылықсыз ниғмет болмайды

Адамдардың дүниеде тыныштықта, амандықта, дені сау, бақытты, қуанышты өмір сүрулеріне және ахыретте шексіз бақытқа қауышуларына себепші болатын пайдалы нәрселер ниғмет деп аталады. Аллаһу та’ала құлдарына мейірім етіп, құлдарына қажетті бүкіл ниғметтерді жаратты және бұларды қалай қолдану керектігін пайғамбарлары арқылы жіберген кітаптарында білдірді. Мұсылман болсын, кәпір болсын, яғни кез-келген адам бұл кітаптарға сай өмір сүретін болса, дүниеде бақытты, салауатты өмір кешеді. Ал егер иман келтірген түрде бұларға сай өмір сүретін болса, дүниеде бақыт тапқаны секілді, ахыретте де мәңгі бақытқа кенеледі.

 

Иман етіп, діннің әмірлерін орындап, тиымдарынан сақтанған адам дүниеде де, ахыретте де бақытқа қауышады. Аллаһу та’ала ниғметтерін белгілі бір себептер арқылы, қиыншылық арқылы ихсан етуде (беруде). Әмірлерді орындау, тиымдардан сақтану адамның нәпсіне ауыр келуде, Аллаһу та’ала мұны да қиыншылық ретінде жіберуде. Бақытқа қауышу үшін осы қиыншылыққа төтеп беру керек.     

 

Бұл дүние сынақ жері. Мұнда дұрыс пен бұрыс, хақ пен нахақ аралас. Мұнда иман еткендерге қиыншылықтар, бәлелер берілмегенде, тек қарсы шыққандарға (кәпірлерге) ғана бәле келгенде, доспен дұшпан ажыралып, білініп тұрар еді және сынақтың пайдасы, мәні болмас еді. Аллаһу та’ала иман еткендерді қиыншылық ішінде етіп көрсетіп, қарсы шыққандардың көздерін перделеген. Дүние осылайша сынақ болды.

 

Адам алейһиссалам тап-тақыр дүниеге келді, жүз жылдап қиыншылық тартты. Кейін екі баласының бірі екіншісін өлтірді. Әке үшін  бұл өте ауыр жағдай.

 

Нұх алейһиссалам 950 жыл дінге шақырды. Қауымы оған сенбей, ұрып соғып көп азаптады. Әр жолында өлді деп ойлап тастап кететін еді. Жәбрейіл алейһиссалам жараларын орап жазатын, кейін қайтадан дінді уағыздауға шығатын.

 

Ибраһим алейһиссалам отқа тасталды. Оған қоса Исмаил алейһиссаламды құрбандық ету әмірі берілді, алайда Ибраһим алейһиссалам Аллаһу та’аланың халилі (досы) еді.

 

Мұса алейһиссалам да көп қиындық көреді. Туылған жылында бүкіл ұл балалар өлтіріледі. Көп жылдар бойы қойшы болып жүрді.

 

Әййуб алейһиссалам қаншама жыл ауырды, құрттамаған жері қалмаған еді. Юсуф алейһиссалам құдыққа тасталды. Зәкария алейһиссалам ағаштың ішінде ағашпен бірге араланды. Иса алейһиссалам да көп қиыншылық тартты. Бұлардың бәрі пайғамбар еді. Неліктен мұншама қиыншылық көрді? “Лә илаһа иллаллаһ” дегендері үшін, адамдарды ең үстем ниғмет болған иманға шақырғандары үшін. Пайғамбарымыз «Ешбір пайғамбар менің тартқан азабымды тартпады, менің ренжігенім сияқты ренжімеді.» деп бұйырған.

 

Хазреті Әбу Бәкір де көп азап шекті, қаншама рет соққыға жығылды. Ал негізінде бәрінен бұрын иман келтірген еді, малын және жанын осы бақыт жолында пида еткен еді. Хазреті Омар намаз оқып жатқанда, Хазреті Осман Құран кәрім оқып отырғанда шәһид етілді. Хазреті Әлидің тартқан азаптары, хазреті Хусейннің басынан өткендері баршаға мәлім.

 

Хазреті Имам Раббани былай дейді:

«Қиыншылықтардың келулері көріністе (сырттан қарағанда) өте ауыр, өте ащы болса да бұларды ниғмет деп білу керек. Бұл дүниенің ең құнды қазынасы –машақатпен реніштер. Дүние дастарханының ең дәмді, ең тәтті тағамы дертпен қиыншылықтар. Бұл тәтті ниғметтер ащы дәрілермен қапталып, сынақ жолына салынған. Бағы бар, ақылды адамдар бұлардың ішінде орналасқан тәттілерді көреді. Оларға бетіндегі ащы қаптамалары да тәтті болып сезіледі. Ащылардан ләззат алады. Неге тәтті болмасын, сүйіктіден келетін барлық нәрсе тәтті болады емес пе? Көңілі ауру болғандар мұның ләззатын сезіне алмайды. Көңілдің ауру болуы, Аллаһу та’аладан басқа нәрселерге байлануы. Бақыт иелері сүйіктіден келетін қиыншылықтардан ләззат алатыны соншалықты, қуанышты жағдайлардан оншалықты ләззат ала алмайды. Екеуі де сүйіктіден келгенімен қиыншылықтардан адамның нәпсі үлес алмайды. Ал қуанышты жағдайларды нәпіс те қалайды.»  

            Қорыта айтқанда барлық ниғметтердің өтеуі – қиыншылық. Иман келтіргендер дүниеде бірнеше күн қиыншылық, дерт, бәле көрмегенде Жаннат ләззаттарының қадірін түсіне алмас еді, мәңгі ниғметтердің қадірін білмес еді.