8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Иманды қорғау

Иманды қорғау

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Иманды сақтап қалу қиын болып қалды. Аллаһ сақтасын, адам бір қате сөз айтса, бір қате іс жасаса немесе бір қате нәрсеге сенсе, күпірге түседі, мүртәд болады. Сол кезге дейін жасаған бүкіл ғибадаттарының сауабы жоқ болады, иман кеткеннен кейін неке де кетеді. Иманды жоғалту – ақылға симайтындай үлкен пәлекет. Адамның бұл жағдайдан құтылуға тырысуы үшін сол жағдайға түскенін білуі қажет. Көбі мұны білмейді, бұдан хабары да болмайды. «Ширктен сақтаныңдар! Ширк – құмырсқаның басқан қадамының дыбысынан да жасырын» хадис шәрифі ширкке түскен адамның мұны оңайшылықпен түсіне алмайтынына ишара болып табылады.

Имансыз өлу – мәңгі-бақи тозақтық болу деген сөз. Мәңгіліктің не екенін елестете аламыз ба? Біреуге бір бөлменің ішіне елу жылға қамау жазасы берілсе, ол жерде бұдан басқа ешқандай жаза берілмесе де адам қиналады. Міне осы себептен күпірге түспеу үшін Әһли сүннет ғалымдарының кітаптарынан иманға зиян беретін сөздерді, істерді және үлкен күнәларды, жүрек (көңіл) ауруларын, яғни дінімізді жақсылап үйренуіміз қажет. Бұл тақырыптар Ислам Ахлақы кітабында өте жақсы баяндалған. Бүкіл ғибадаттар, сауаптар, сүйіншілер иманды болғандарға тән. Иман кететін болса бәрі бітеді. Сол себептен Сәйид Абдулхаким Аруаси хазреттері «Аллаһу та’ала бір құлына иман берген болса, оған не бермепті? Оған иман бермеген болса, басқа не беріпті?» деген. Сондықтан күпірге түсуден қатты қорқуымыз қажет.

Бұл заманда бір адамға беру мүмкін болған ең жақсы сыйлық – күлімдеген жүз бен жылы сөз. Бәрінің бұған мұқтаждығы бар. Күлімдеген жүз бен жылы сөз – осы заманның жиһады және сәттіліктің сыры. Ашуланбау керек, мүлдем дөрекілік танытпау керек. Бұл күндері көпшілік ашушаң болып қалған. Ұрыс-керіс, қылмыстар, жанұя ішіндегі қиындықтар, барлығы осының кесірі.

Біз бұл дүниеде аманат сақтаушымыз. Мал-мүлік, білім, бала-шаға, бүкіл иелігіміз – бізге жеке-жеке аманат. Бұл аманаттарға қиянат жасау оларды пәлекетке тастау болады. Хақ та’ала аманат ретінде берген денені Ол әмір еткен жерлерде және орынды қолдану керек. Ақша аманат еткен болса, жаман жерге емес, қайырлы жерлерге жұмсау қажет. Білім берген болса, Аллаһ жолында қолдану керек. Білімді, ақшаны сақтамау керек, оны қолданбай сақтап, жинап қою дұрыс болмайды. Жинаған адамды Хақ та’ала жақсы көрмейді. Бала-шаға деген аманатқа Ислам тәрбиесін беру керек. Оларды өз қолымызбен отқа тастамауымыз керек. Әйел де аманат, оны ренжітпеу керек және күнәдан сақтау керек. Қолдан келгенше ғибадаттарды ықыласпен орындауға және адамдарды қуантуға тырысу керек, осылайша аманаттарды қорғаған боламыз.

 

Не дүние, не ахирет

Ахирет – дүниенің терісі. Дүние қиыншылық, ал ахирет рахаттық жері. Жәннатта көздер көрмеген, құлақтар естімеген, ақыл түсінбейтін ниғметтер бар. Дүниеде халалдың шегінен шығып, зауық пен рахаттыққа берілген адам ахиретте бұлардан мақрұм қалады. Дүниеде Аллаһу та’аладан қорқпаған адам ахиретте өте қатты қорқады. Дүние өткінші, ал ахирет мәңгі.

Адам не дүниені, не ахиретті таңдайды. Дүниені таңдаған адам ахиретті тәрк етіп, тек дүниеге байланған болса, тек қана дүниеге қолжеткізу үшін тырысатын болса, тек дүниеге табынатын болса, бұл адамда бәрі бітті деген сөз. Алайда ахиретті тәрк етпестен, нәпсіне алданғаны үшін дүниеге көңілі ауған мүминнің құтылуына үміт бар.

Дүниенің өзі жаман емес, оны жақсы көру жаман. Бір жүректе екі махаббат болмайды. Бір адам бір уақытта екі жаққа, мәселен әрі Меккеге, әрі Парижге бара алмайды. Кезкелген адам я ахирет, яки дүние жолаушысы. Ахирет жолаушысы болған адам ең үлкен күнәларды істесе де, егер өкініп тәубе етсе, Аллаһу та’ала оны кешіреді. Тәубе етпей өлетін болса, сонда да кешірім мен шапағатқа қауышуы мүмкін. Қауыша алмаса да өлім, қабір, махшар және соңында тозақ азаптарымен кешіріледі. Себебі иманы бар. Егер де дүниені таңдап, ахиретті толығымен тастап кәпір болып өлетін болса, онда оның құтылуына ешқандай мүмкіндігі жоқ.

Адамдарға Аллаһты және Расулын таныту, ахиретті еске түсіру, дұрыс кітап беріп Ислам дінін үйрету қажет. Ғибадат ету тек иманы бар болғандарға ғана парыз болады. Имансызға ғибадат парыз емес. Осы себептен ең көп көңіл бөлу керек болған нәрсе – иман. Өмір ағашының негізгі тамыры осы. Діңгегі, бұтақтары және жемістері, яғни ғибадаттар одан кейінгі орында тұрады. Ғибадаттар міндетті түрде қажет, бірақ иман, яғни тамыры жоқ болса, ағаш тамырсыз бола алмайды. Осы себептен Сәйид Абдулхаким Аруаси хазреттері «Біздің асыл дертіміз, негізгі мақсатымыз – иманды қорғау. Күпір Әмудария өзені сияқты ағуда. Алайда өте күшті сел бір шынар ағашының қуысына кірген сабан шыбығын әкете алмағанындай, Имам Раббани хазреттері сияқты әулиенің, осындай ұлы шынардың қуысына кірген мұсылмандарды да әкете алмайды, олар құтылады. Әйтпесе бұл ағысқа төтеп беру, бұл ағыстан құтылу мүмкін болмайды» деген.

Бұл әулиелерді таныған, жақсы көрген, кітаптарына қос қолымен жабысқан, бір кітабын алып оқыған адам күпір ағысының алып кетуінен құтыла алады. Сондықтан олардың кітаптарын барлық жерге жеткізуге, осылайша өзіміздің және көптеген адамдардың құтылуына тырысуымыз қажет.