Ұмытылған сүннеттер мен парыздар
Сұрақ: Бұл заманда қандай ұмытылған сүннеттер және қалып кеткен парыздар бар? Жауап: Сүннет екі түрлі болады: 1) Сүннети худа (муәккәд сүннет), 2) Зәуәид сүннеттер (әдетке байланысты сүннеттер). Ұмытылған бір сүннеттің үмбет арасында қайта орындалуына себеп болу өте құнды болады. Бір хадис шәрифтің мағынасы мынадай: «Ұмытылған бір сүннетімді қайта әдетке айналдырған адамға жүз шәһидтің сауабы бар.» (Хаким)
Ұмытылған муәккәд сүннеттердің кейбірлері мыналар: 1) Екі кісі болса да парыз намазды жамағатпен оқу, 2) Намаздарды сәлде немесе тақиямен оқу, 3) Дәретте қол мен аяқтарды үш реттен жуу, 4) Дәрет алғанда басқа толығымен мәсіһ тарту (Малики және Ханбали мазһабтарында парыз болып табылады), 5) Мисуак қолдану, 6) Сәске, Әууәбин, Тәһәжжүд, Тахийатул мәсжид, Субха деген нәпіл намаздарды оқып тұру, 7) Истишара жасау (адамдармен ақылдасу) және Истихара намазын оқу, 8) Түшкірген кезде «Әлхамдулиллаһ» деу, 9) Қарыз беретін кезде екі куәгердің болуы және құжат жазу. Бұған уәжіп деген ғалымдар да болған, 10) Сүннетке сай сәлем беру, 11) Жұма күні ғұсыл алу, 12) Дұға еткенде қолдарды сүннетке сай ашып жаю, 13) Пайдалы істерді бастарда «Бисмиллаһ...» айту, 14) Төсекке дәретті болып жату, 15) Біреудің өлімін немесе жаман хабар естігенде «Инна лиллаһ уә инна иләйһи ражи’ун» деу.
Ұмытылған зәуәид сүннеттердің кейбірлері мыналар: 1) Сақалды бір ұстамдық ұзындықта өсіру, 2) Мұртты қастың ұзындығындай етіп өсіру, 3) Тамақтануды тұзбен бастап, тұзбен аяқтау, 4) Дастарханда сірке суының болуы, 5) Қайлулә жасау (түске дейін кішкене ұйықтап алу), 6) Тақ санға мән беру (1, 3, 5, 7 сияқты), 7) Мұсылманның үйіне оң аяқпен кіріп, сол аяқпен шығу. (Мешітке де осылай кіріп-шығу керек. Мубах болған жерлерге оң аяқпен кіріп, сол аяқпен шыққан жақсы. Әжетханаға сол аяқпен кіріп, оң аяқпен шығу керек.) 8) Қырқылған тырнақ, шаш және түскен тістерді жерге көму, 9) Жұма күндері жаңа және таза киім кию, 10) Тамақтанудың алдында және кейін қолдарды жуу. (Тамақтанудан бұрын қол жуғанда сүртпеу сүннет. Тамақтанғаннан кейін жуған кезде қол сүртудің зияны жоқ.)
Адамдардың көбі тастап қойған парыздардың кейбірлері мыналар: 1) Парыздарды және харамдарды үйрену (білмейтін адам ылғи күнә істеп жүреді), 2) Дұрыс сенімде болу (Әһли сүннет сенімін үйрену), 3) Аллаһтың достарына дос, дұшпандарына дұшпан болу, 4) Намаз оқу және ұшыр беру, 5) Орануға (хиджапқа) мән беру, 6) Сәлем берген адамның сәлеміне жауап беру, 7) Түшкіріп «Әлхамдулиллаһ» деген адамға «Йархамукаллаһ» деу, 8) Халалдан ақша тауып, халалдан ішіп-жеу, 9) Ризыққа Аллаһтың кепіл екендігіне сену, 10) Тәуекел және қанағат ету, 11) Аллаһу та’алаға берген ниғметтері үшін шүкір ету, яғни оларды дінге сай қолдану, 12) Хақ та’аладан келген бәле-жалаға сабыр ету, яғни қарсылық білдірмеу, 13) Күнәларға тәубе ету, 14) Ата-анаға жақсылық жасау, 15) Әмри маруф (адамдарға дінді үйрету) жасау. (Фарзи кифая болып табылады.) 16) Күнәлардан сақтанып, ғибадаттармен шұғылдану, 17) Әлемге ғибрат көзімен қарау, 18) Тілді ұятсыз сөздерден қорғау, 19) Ешкімді мазақтамау, 20) Харамға қарамау, 21) Құлақты музыкадан сақтау.
Бір сүннетті орындаған адамға жүз шәһид сауабы берілетін болса, онда парызды орындаған адамға қандай сауап берілетінін ойлау керек, әсіресе парыздарды мүлдем қалдырмау керек. |