1 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     3 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Хабаршы келмеді ме?

Хабаршы келмеді ме?

Сұрақ: Ұзақ өмір сүруді қалаудың діндегі орны қандай?

Жауап: Сүйікті пайғамбарымыз үш шыбық алды. Бірін алдына, бірін жанына қадады. Ал үшіншісін алысқа лақтырды. Содан соң «Бұл шыбық – адам, жанындағысы – ажалы, ал ұзақтағысы – жоспарымен амалы. Адам амалдарының артынан жүгіреді, бірақ ажалы оны ұстап алады, ойлаған амалына жете алмайды» деді.

Өлім қорқынышты нәрсе болса да, адамдардың өлімнен бейхабар сияқты өмір сүруі, өлімді аз ойлағандығынан туындайды. Тіпті дүниелік ләззаттарымен әуре болған жүрекпен өлімді ойлаудың әсері аз болады немесе мүлдем болмайды. Қорқынышты болған өлімнің оңай өтуі үшін өлімді ойдан мүлдем шығармау керек. Бұл үшін, өз достарының арасындағы өзінен бұрын өліп, бала-шағасын, мал-мүлкін, достарын қалдырып, топырақ астына жерленгендерді ойлау керек. Мансап иесі болғандардың абыройларының қалмағандығын, оларды топырақ қалай шірітетіндігін ойлау керек. Тірі кезінде не істейтін, қалай сөйлейтін еді. Әлі істейтін көп тірлігі бар еді. Өлімді ұмытып өмір сүріп жүрген еді. Біреулер байлығымен, біреулер атағымен, біреулер жастығымен мақтанып жүрген еді. Өлім бұларды күтпеген жерден, кенеттен ұстады. Ал қазір бәрі ұмытылып кетті, қиял болды.

Міне осы нәрселерді ойлап, мазарларын зиярат етіп, өзінің де дәл сондай жағдайға тап болатынын білсе, жүрегі жұмсаруы мүмкін, дүниенің пайдасыз нәрселеріне жармасудан бас тартуы мүмкін.

Тек ләззаттану мақсатымен ұзақ өмір сүруді қалаудан сақтану керек. Сүйікті пайғамбарымыз былай деген:

«Жәннатты қалайтын адам ұзақ өмір сүруді қаламасын, дүниелік істермен айналысуы оған өлімді ұмыттырмасын, харам істеуге Аллаһтан ұялсын!» (Бәриқа)

«Аллаһтан ұялыңдар! Басқаларға тастап кететін нәрселерді жинаумен уақыттарыңды жоғалтпаңдар! Қол жетпейтін нәрселерге қол жеткізуге тырыспаңдар, қажеттіліктеріңнен артық ғимарат соғумен өмірлеріңді өткізбеңдер!» (Бәйһақи)

Әзірейіл алейһиссаламмен бауыр сияқты болған, жиі көрісіп тұратын Яқуб алейһиссалам былай дейді:

- Саған бір өтінішім бар. Ажалым жақындағанда маған хабар бер!

- Жарайды, саған бірнеше хабаршы жіберемін.

Біраз уақыт өткеннен соң хазреті Әзірейіл тағы келеді. Хазреті Яқуб екеуінің арасында мынадай әңгіме болады:

- Қонақ болып келдің бе?

- Жоқ, жаныңды алуға келдім.

- Маған бірнеше хабаршы келеді дегенің қайда?

- Саған хабаршы келмеді ме? Шаштарың ағармады ма? Денең әлсіремеді ме? Тік тұратын арқаң бүгілмеді ме?

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Адам өзінің өлетін уақытын білетін болса, ақылы кетіп алжитын еді. Өлім уақытының адам баласынан жасырылғаны қандай жақсы. Егер ғафлет (көңіл ұйқысы) болмағанда, бәрі тірліктерін тастайтын еді, жұмысына қарамайтын еді. Ғафлет және ұзақ өмір сүруді қалау – жаман қасиет болуымен қатар, бір жағынан екі үлкен ниғмет болып та табылады. Егер бұл екі қасиет болмаса, мұсылман көшеде жүре алмайтын жағдайға келетін еді.

Ең қызығы - өлім сенің ізіңде, ал сен дүниеліктің ізіндесің. Дәруіштік ұзын шапан киюде емес, ұзын амалды тастауда!

Өлім мойынға асылған, ал дүние арқаға жүктелген. Адам өлімге қылыш мойынды дәл қазір шабатындай дәрежеде дайын болу керек.

Күн өткен сайын өлімге жақындап жатырсың. "Ажалың келді" деген хабар келмей тұрып өлімге дайындықта болу керек, Әзірейіл алейһиссалам келген кезде «Біраз уақыт рұқсат берші, ақысын жегендерімнен кешірім сұрайын, балама телефон соғайын, мына жұмысымды былай істесін деп айтайын, біреулерге қарызбын, біреулер маған қарыз. Осы тірліктерімді тындырып алайын» деп айтуға қажеттілікті сезбеу керек. Өсиетті әрдайым қасында дайындап жүру керек.

 

Дүниеге алданған адам

Сұрақ: Хадис шәрифте «Дүние – малғұн» делінген. Дүние деген не?

Жауап: Дүние – дініміз тыйым салған харамдар мен мәкрухтар. Бұларға батып, ахиретті ұмытқан адам алданды деген сөз. Хадис шәрифте былай делінген:

«Соңының не болатынын ойламай дүниеге алданған адам жібек құртына ұқсайды. Жібек құрты өзіне ұя өреді және соңының не болатынын білмейді. Содан соң ол жерден шыққысы келеді, шығатын тесік таппайды, өрген ұясының ішінде өледі және істеген жұмыстарынан басқалар пайдаланады.» (Рисала-и Мүнира)

Сондықтан, харамдардан, мәкрухтардан және қажетсіз мубахтардан сақтану керек! Харамдардан және күмәнді нәрселерден сақтанып, халалдан ақша табу керек. Ақыр заманда бұларға мән беретіндер аз болады. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Ақыр заманда халал ақша мен сенімді дос аз болады.» (И.Асакир)