11 - Шәууал, 1445 жыл.
     20 - Сәуір, 2024 жыл.   


Ахирет табысы

Малик бин Динардың «рахметуллаһи алейһ» айтып бергені:

«Бір жылы нәпіл қажылық жасауға ниет еткен едім. Сол жылдың бір күнінде қираған үйдің жанынан өтіп бара жатып, сол үйге кірген бір әйелді көріп қалдым. Шығарда біреулерден жасырынғандай жан-жағына қарап, бір өлген тауықты қолтығына қыстырып қиранды үйден шығып кетті. Әлгі әйел үйіне келгенге дейін мен де артынан қалмай жүрдім. Есіктен кіре бергенінде бірнеше бала алдынан жүгіріп шығып: «Анашым! Бізге жейтін нәрсе әкелдіңіз бе?» деп сұрады. Анасы: «Иә, сендерге бір тауық алып келдім. Қазір пісіріп беремін, жейсіңдер» деді. Бұл жағдайды көріп таң қалдым. Әлгі әйелдің не үшін бұлай істегенін білгім келді. Оған: «Қазір сенің артыңнан андып келдім. Өлген тауықты алғаныңды көрдім. Өлген тауықты жеу күнә ғой. Неге бұлай істедің?» деп сұрадым. Ол: «Қанша күннен бері үйде бірде-бір жейтін нәрсе жоқ. Көршіміз ет пісірген еді, сол еттің иісі балаларымды мұңайтты. Сосын өлі тауық болса да алып келдім»,- деді. Мұны естіп жаным ашып кетті, қажылыққа деп жинап қойған шамамен он мың дирхам ақшамды соған бердім.»

Қажылар қажылықтан қайтқан кезде Маликті көріп: «Сен қашан келдің? Біз сені Минада және Арафатта көрген едік қой» дейді. Малик: «Бұл қызық екен! Мен Куфада (Ирак) едім» деп жауап береді. Сол арада бір кісі Малик бин Динардың жанына келіп: «Сіз Малик бин Динарсыз ба?» деп сұрайды. Малик: «Иә» дейді. Әлгі кісі: «Мына ақшаларыңызды санап алыңыз, сізге беруім керек болған аманатыңыз. Қажылықта Минадағы шатырда отырған кезде бір кісі келіп: «Сіздер Куфалықсыздар ма?» деп сұрады. Мен «иә» дегенімде, «Куфаға барғаныңда мына әмиянды Малик бин Динарға беріп қойсаңыз»?- деп кетіп қалды. Малик ақшаны алып санап қараса тура он мың дирхам шығады. Сол түні түсінде бір дауыс естиді: «Бұл сенің дүниелік табысың, игі ісіңнің дүниедегі қайтарымы. Одан басқа ахиреттегі табысың да сақталуда».