12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   


Жаман күнәлар

Сұрақ: Зина немесе лиуата (гомосексуалдық, артқы тесіктен жақындау) сияқты жаман күнәларды істеген және кейіннен тәубе етіп, салих мұсылман болған адамның, бұрыңғы жағдайын біліп, оны жақтырмаған адамдарға имам болуы не себептен мәкрух болады? Аллаһ кешірген таза адамды неліктен құлдары кешірмейді? Тәубе еткен адамды жақтырмау дұрыс болады ма?

Жауап: Иә, тәубе еткен және одан кейін күнә істемеген адам таза болады. Тәубе еткен адамды емес, жасалған жиіркенішті істі жақтырмайды. Бұл жақтырмаушылық, яғни жиіркенушілік адамның қолында емес. Таза болу бөлек нәрсе, жиіркену бөлек нәрсе. Кейбір адамдар таза екенін білсе де, басқалардың ішкен суынан артылғанды да іше алмайды. Бұл нәрсе жаратылыстан келетін сезім. Мысалы, баланың горшогы жақсылап жуылса, дезинфекция жасалса, толығымен тап-таза болса да, адам ол горшокта сорпа іше алмайды. Бұл нәрсе горшоктың лас екенін, яғни жуылмағанын көрсетпейді. Адам, өз қолында болмай, еріксіз жиіркенеді, іше алмайды. Осы сияқты, кейбір адамдар жезөкшелер үйінен шыққан, тәубесіне келген әйелге де үйлене алмайды. Кейбір адамдар лиуата жасап, тәубе еткен еркекті де жек көреді. Бұл жек көрушілік – адамның қолында болмаған сезім. Төмендегі оқиға да бұған бір мысал:

Хазреті Хамзаны шәһид еткен (өлтірген) Уахши, Меккенің жаулап алынуынан кейін өзінің кім екенін білдірмей, Мәдинадағы мешітке келіп сәлем берді. Расулуллаһ алейһиссалам сәлемін алды. Уахши:

– Йа Расулаллаһ! Бір адам Аллаһқа және Расулына дұшпандық етсе, ең жаман, ең үлкен күнәны істесе, одан кейін өкініп, шын көңілімен иман келтірсе, Расулуллаһтың алдына өзі келсе, оның жазасы қандай болмақ? – деп сұрады.

– Иман келтірген адам кешіріледі, бауырымыз болады.

– Йа Расулаллаһ! Мен иман еттім. Аллаһты және Расулын бәрінен де қатты жақсы көремін. Мен Уахшимын.

Расулуллаһ Уахши есімін естіген кезде хазреті Хамзаның шәһид етілген күйі көз алдына елестейді. Жылай бастайды. Уахши «өлтірілемін» деп ойлап, есікке қарай жүреді. Сахабалардың бәрі қылыштарын ұстап, белгі күтіп тұрған еді. Уахши «Соңғы демдерімді алып жатырмын-ау» деп ойлап тұрғанда, Жәбірейіл алейһиссалам келіп, Аллаһу та’аланың мына әмірін білдірді:

«Ей сүйікті пайғамбарым! Бүкіл өмірін пұтқа табынумен өткізген, құлдарымды маған дұшпан қылуға тырысқан бір кәпір ықыласпен кәлимаи шәһәдат оқыса, мен оны кешіремін. Сен, көкеңді өлтірді деп Уахшиды кешірмей тұрсың ба? Ол өкінді. Қазір саған иман келтірді, сенді. Мен кешірдім, сен де кешір!»

Бәрі «өлтіріңдер» деген әмірді күтіп тұрғанда, Расулуллаһ «Бауырларыңды шақырыңдар!» деді. Бауыр сөзін естіген кезде сахабалар оны құрметпен шақырды. Расулуллаһ Уахшиға кешірілгенін сүйіншілеп, «Бірақ сені көрген кезімде шыдай алмаймын, өз еркімсіз қайғырамын» деді. Хазреті Уахши да Расулуллаһты мұңайтпау үшін одан кейін мүлдем жанына келмеді. Қысылып, басын көтермей өмір сүрді. Дәл сол найза және жебемен өзін пайғамбар санап жүрген Мүсәйләмәні өлтіріп, Ислам дініне үлкен қызметін тигізді. («Асхаби кирам» кітабы)

Хазреті Уахши “радиаллаһу анһ” Aсхаби кирамнан болып, ең үлкен дәрежелерге жетті. Асхаби кирамның ең төменгі деңгейіндегі кісі Aсхаби кирамнан болмаған бүкіл әулиелер мен ғалымдардан үстем болып табылады. Бұл оқиғаның көрсетіп тұрғаны, бір адам тәубе етіп, ең үлкен әулие болса да, бұрыңғы күнәсін білетіндердің жанында жағымсыз жағдай тудыруы мүмкін.