8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Дүниені жақсы көру – күнәлардың басы

Дүниені жақсы көру – күнәлардың басы

Сұрақ: Бір хадис шәрифте «Дүниеде осы жақта қалатындай мөлшерде, ахиретке сол жақта қалатындай мөлшерде әрекет етіңдер!» делінген. Қаншалықты үлкен болса да, бір санның шексіздіктің жанындағы құны нөл деп қабылданғанына қарағанда, дүние үшін мүлдем әрекет етпеу қажет емес пе?

Жауап: Дініміз дүние үшін де, ахирет үшін де жұмыс істеуді әмір етуде. Құран кәрімде «Дүниеден де нәсібіңді ұмытпа!» делінген. (Қасас 77)

Хадис шәрифтерде де былай делінген:

«Дүниелеріңді жақсартуға, түзетуге тырысыңдар! Ертең өлетіндей ахирет үшін амал етіңер!» (Дәйләми)

«Мүлдем өлмейтіндей дүние үшін, ертең өлетіндей ахирет үшін жұмыс істеңдер!» (Ибн Асакир)

«Сендерден қайырлыларың – ахирет үшін дүниесін, дүниесі үшін ахиретін тәрк етпеген және адамдарға жүк болмаған адам.» (Дәйләми)

«Дүниелік заттан айрылғанда қайғыру, оған қол жеткізгенде қуану және ашулану адамды тозаққа апарады.» (Тирмизи)

«Дүниені жақсы көрген адам ахиретіне зиян тигізеді. Ахиретті жақсы көрген адам дүниесіне зиян тигізеді. Олай болса, өткінші болғанды емес, үздіксіз, мәңгі болғанды таңдау керек.» (Бәйһақи)

«Ілім Аллаһ разылығы үшін емес, дүниелік пайда үшін үйренілгенде және ғибадаттар, дүние пайдалары үшін құрал етілген кезде фитналар пайда бола бастайды.» (А.Рәззақ)

Құран кәрімде де былай делінген:

«Мал-мүлік пен бала-шаға – дүние өмірінің әшекейі. Бақи (мәңгі) болғаны – салих амалдар Раббының алдында мал-мүлік пен бала-шағадан және дүниеліктерден жақсы.» (Кәһф 46)

 

Дүние – көлік

Имам Мауәрди хазреттері былай деген:

Дүние – жұмыс істеу орны. Хадис шәрифте «Дүние – қандай жақсы көлік. Оған мініңдер, сендерді ахиретке жеткізсін!» делінген. Дүние толық мағынада жаман емес. Ахирет азығын дайындайтындар үшін молшылық мекені. Ибрахим алейһиссалам «Йа Раббым, қашанға дейін дүниенің соңынан жүремін» деген кезінде, Аллаһу та’ала былай дейді: «Йа Ибрахим, олай сөйлеме! Бала-шағаның напақасы үшін жұмыс істеу, дүниеге шағымданатындай, дүниенің талабы емес қой!» (Әдеб-уд-дүнийа)

Дүние – құрал, себепші. Бұл құралды жақсы жолда қолданған адам табысқа жетеді, жаман жолда қолданған адам табыссыз қалады. Мысалы, сізге жаңа, жақсы автокөлік беріледі. «Бұл көлікпен пәлен уақытта мына көпірді өтуіңіз керек, өтсеңіз құтыласыз» дейді. Ал сіз көлікке қарап «Қандай әдемі көлік» деп, оған сүйсінумен әуре болып, берілген уақыт ішінде арғы бетке өтпесеңіз, дұшпан келіп, сізді қаша алмайтындай етіп ұстап алады, көпірден өте алмай қаласыз. Бұл көлік жолаушыларды құрлыққа шығаратын кеме де болуы мүмкін. Бұл көлікке уақытылы мініп кетпеген адам құтыла алмайды. Дініміз бұл көлікті жамандамаған. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Дүние – ахиреттің егістігі.» (Дәйләми)

«Дүние – ахиреттің көпірі.» (Дәйләми)

«Аллаһ разылығын алу, ахирет қамын жасау үшін дүние қандай жақсы жер. Аллаһ разылығын ала алмаған, ахирет қамын жасай алмаған адам үшін дүние қандай жаман жер. Бір адам "Аллаһ дүниені төмен қылсын!" десе, дүние де оған "Қайбіріміз Раббымызға қарсы болсақ, Аллаһ соны төмен қылсын!" дейді.» (Хаким, Ибн Лал)

«Дүниені жамандамаңдар, өйткені ол мүмин үшін қандай жақсы көлік. Қайырымдылыққа ол арқылы жетеді, жамандықтан ол арқылы құтылады.» (Дәйләми, Ибн Нәжжар)

 

Дүниені жақсы көру

Дініміз бұл көлікті (дүниені) жақсы көруді жамандаған. Яғни «Көлік қандай тамаша екен» деп, онымен әуре болып, мақсатқа жете алмау жамандалған. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Дүниені жақсы көру – бүкіл күнәлардың басы.» (Бәйһақи, Ибн Әбиддүнийа)

Демек, көлікті (дүниені) жақсы көрумен әуре болмай, оған мініп, бір сәтке болса да ертерек бақыт тарапына жетуге тырысу керек!

Бізді мақсатымызға жеткізетін көліктің жақсы, сау болуы талап етіледі. Ол үшін Аллаһу та’аланың бізге берген ақыл, денсаулық, мал-мүлік сияқты ниғметтерін орнымен қолдану керек! Хақ та’ала дүние бақытын да сұрауымызды әмір етуде. «Ей Раббымыз, бізге дүниеде де, ахиретте де жақсылық, әсемдік берегөр!» деп дұға етуімізді қалаған. (Бақара 201)

Хадис құдсиде де былай делінген:

«Хақ та’ала: "Ей дүние, маған қызмет еткен адамға қызметші бол! Саған қызмет еткен адам да сенің қызметшің болсын" деді.» (Әбу Нуайм)

Дүниенің пайдасыз істерінен ұзақ тұрып, ахиретке жарайтын істерді орындауымыз керек. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Дүниеге берілген адамның талпынысы ұзақ болады, соңын таба алмайды, бітпейтін, аяқталмайтын қажеттілікке түседі, сондай әурешілік қаптайды, оның қиыншылығынан өзін құтқара алмай қалады.» (Дәйләми)

«Ахиретті таңдап, ол үшін жұмыс істеген адам күнкөріс қиыншылығын тартпайды, таңды бай болып қарсы алады, кешті бай болып шығарып салады. Ал дүниені таңдап, оның соңынан жүгірген адам күнкөрісте қиналады, таңды кедей болып қарсы алады, кешті кедей болып шығарып салады.» (Ибн Нәжжар)

«Ахирет ісі сен үшін оңай болып, дүние ісі қиын болса, онда біліп ал, сен жақсы жағдайдасың. Ахирет ісі қиын, дүние ісі оңай болса, онда біліп ал, сенің жағдайың жаман.» (Бәйһақи)

 

Жаман жолмен келген табыс

Мұхаммед алейһиссалам пайғамбар болып жіберілгенде, шайтандар Ібілістің жанына жиналып, қайғыларын білдірді. Бұған орай Ібіліс оларға «Олар дүниені жақсы көреді ме?» деп сұрады. Олар «Иә» деген кезде: «Олай болса, қайғыратын ештеңе жоқ. Оларға жаман жолдан ақша тапқызамын. Қажетсіз шығындар жасатып, қажетті жерлерге жұмсатқызбаймын. Онсыз да барлық жамандық осы үш нәрседен келеді» деді.

Дүниелік үшін қаншалықты қайғырсаң, сол мөлшерде ахирет махаббаты жүректен шығады. Ахирет үшін қаншалықты қайғырсаң, сол мөлшерде дүние қиыншылықтары жүректен кетеді. Дүниеде бәрі жолаушы. Қолындағының бәрі аманат. Жолаушының кетуден, ал аманаттың кері алынуынан басқа шарасы жоқ. Хадис шәрифте былай делінген: «Дүние – мүмин үшін зындан, кәпір үшін жәннат.» (Мүслим)

Мүминге дүниенің зындан болуы – жәннаттың бар болуына байланысты. Жәннатта мүминдер көздер көрмеген, құлақтар естімеген, ақылға, қиялға қонбайтын үлкен ниғметтерге қауышады. Ешқандай қиыншылық көрмейді. Жәннаттың шексіз ниғметтерінің жанында дүние өмірі мүминдер үшін бір зындан, тозақ азабы сияқты келеді. Ал кәпірлер үшін тозақ азабы сондай қатты болады, дүниедегі ең ауыр азап та олар үшін жаннаттай көрінеді.

 

Напақа табу

Сұрақ: Напақамды табу үшін саудамен айналысамын. Пайда (табыс) көргенде қуанамын. Дүниелік затқа қуанғаным үшін харам істеген боламын ба?

Жауап: Напақаны табу парыз, напақадан артығын табу сүннет болып табылады. Пайда көргенде қуану харам емес, ниетке қарай сауап та алынған болады. Нәпістің күнә болған қалауларын жасау харам болып табылады. Мәселен, пайда көргенде «Мендей істің көзін білетін адам бар ма екен?» дегендей тәкәппарлану харам болады.

 

Дүниелік істерде қайғыру

Сұрақ: Дүниелік істеріміз жөнімен кетпегені үшін қайғыруымыз күнә ма?

Жауап: Дүниелік істер ахиретке жарайтын да, жарамайтын да іс болуы мүмкін. Бұл дүние ісі ахирет үшін орындайтын ғибадатқа кедергі болса, онда қайғыру ахирет үшін болады, дүние үшін болмайды. Егер ол істің ахиретімізге пайдасы болмаса, қайғыру орынсыз. Имам Раббани хазреттері де былай деген:

«Дүниелік істердің дұрыс кетпеуінен және жағдайларыңды реттей алмағандарыңнан мүлдем қысылмаңдар! Себебі дүниелік істер қайғыруға арзымайды. Бұл дүниеде бар болған бүкіл нәрсе өтеді, жоқ болады. Аллаһу та’ала разы болған нәрселердің соңынан жүгіру керек. Қиын болса да, оңай болса да, бұларды орындауға тырысу керек.» (1/150)