8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Ораза / Күнә істеп жүрген адамның оразасы

Күнә істеп жүрген адамның оразасы

Сұрақ: Кейбір адамдар «Намаз оқымайтын, ішкілік ішетін, орамалсыз ашық-шашық жүретін немесе басқа күнәларды істеп жүрген адам босқа ораза ұстамау керек» деп жатады. Бұл сөз дұрыс па?

Жауап: Жоқ, дінге қайшы. Бірнеше күнә істеген адамның басқа күнәларды да істеуі қажет емес. Әрі ораза тұтып, әрі күнә істейтін адам, ораза ұстау арқылы берілетін үлкен сауапқа жете алмайды, бірақ ахиретте неге ораза ұстамадың деп есепке тартылмайды. Ораза парызын өтеген болады, тіпті оразаның берекетімен басқа күнәлардан да сақтану мүмкіндігі болады.

Имам Раббани хазреттері былай деген:

«Бүкіл күнәларға тәубе етіп барлығынан сақтану үлкен ниғмет. Бұл нәрсе орындалмаса, еш болмағанда кейбір күнәларға тәубе ету де ниғмет болып табылады. Бұлардың берекетімен бәлкім бүкіл күнәларға тәубе ету нәсіп болады. «Бір нәрсені толығымен орындай алмаған адамның ең болмағанда барлығынан да айрылып қалмауы керек» деген қағида бар.» (2/66)

Намаздың дініміздегі орны оразаға қарағанда маңыздырақ болса да, бір адамға намаз оқымағаны үшін «Ораза ұстама» делінбейді. Керісінше «Намаз оқымасаң, ең болмағанда оразаны жіберіп алма» деу керек. Намаз оқымауымен үлкен күнәға батқан адам ораза ұстамаса, күнә мөлшері де арта түседі.

Бірнеше күнәға батқан адам бірінен бас тартқысы келген кезде, оған «Басқаларын да тоқтата алмайтын болсаң, бұл күнәңды жалғастыра бер» деп айтуға болмайды. Күнәнің мөлшері қаншалықты азайса, соншалықты жақсы болады. Өйткені Аллаһтан қорқып бір күнәдан бас тарту – имандылықтың белгісі. Хадис шәрифте «Өмірінде бір рет Аллаһты еске алған немесе Одан қорыққан мұсылман тозақтан шығады» делінген. (Тирмизи)

Бір күнәхар адам ғибадаттың бірін орындап жатқан болса, «Ең болмағанда осыны қалдырма» деу керек! Осы бір ғибадатты да орындамаса, діннен толығымен ұзақтауы мүмкін. Қорқытуға қарағанда көбірек сүйіншілеуші болу керек. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Аллаһтың мейірімінен үмітті үздіріп, діннен бет бұрғызатын адамға лағнет болсын!» (Нәсаи)

«Оңайлатыңдар, қиындатпаңдар, сүйіншілеңдер, қуантыңдар, діннен алыстатпаңдар!» (Бұхари)

Бір жас жігіт Расулуллаһ алейһиссаламға «Мына үш күнәдан арыла алмай жүрмін» деді. Бұл үш күнә – өтірік, зина және ішкілік еді. Сүйікті пайғамбарымыз «Бұл үш күнәның біреуін мен үшін таста» деді. Ол жас жігіт үш күнәның бірі болған өтірік айтудан арылуды таңдап, кетті. Одан кейін қалған екі күнәні істемекші болғанында «Бұл күнәларды істеп Расулуллаһтың алдына барғанымда "Мен істемедім" десем, өтірік айтқан боламын. Егер істегенімді айтсам, жазаға ұшыраймын» деп ойлады. Сөйтіп қалған екі күнәдан да бастартып, бұлардан арылады. (Шира)

Адамдардан ұялып күнәні жасыру да ар-намыстан. Ал ар-намыс, ұят иманнан. Күнә жасырылмаса, пасықтар (күнәхарлар) мұны көріп күнә істеуге батылдығы артады. «Пәленше күнә істеп жүр ғой. Мен де істесем не болады екен?» деуі мүмкін. «Пәленшелер ананы, мынаны істеп жүр, оларға күнә емес те, бізге күнә болады ма?» деуі мүмкін. Бұған себеп болмау керек.

Кейбір адасқандар «Күнә істеген адам, мысалы намаз оқымайтын адам кәпір болады» деп қанша айтса да, күнә істеген адам мұсылмандықтан шықпайды. Хадис шәрифте былай делінген:

«Жәбірейіл алейһиссалам "Үмбетіңе сүйінші бер, мүшрик болып өлмеген адам жәннатқа кіреді" деді. Мен "Зина мен ұрлық істеген адам да жәннатқа кіреді ме?" деп үш рет сұрадым. "Иә, зина мен ұрлық істеген адам да жәннатқа кіреді" деп жауап берді. Содан соң "Ішкілік ішсе де соңында жәннатқа кіреді" деді.» (Бұхари)

Бұл Әһли сүннет сенімі. Күнәларды жеңіл деп санау емес. Бұл сенім адамды күнәға ынталандырмау керек! Барлық күнәлар жүректі қарайтады және адамды күпірге жетелеп, тозақта мәңгілікке қалуға себеп бола алады. Барлық күнәлардан сақтану керек, себебі Аллаһтың ашуы күнәлардың ішінде жасырылған. Бәлам Баура көп ғибадат еткен үлкен ғалым болса да, бір күнәның кесірінен кәпір болды. Күнә істеген адам дереу тәубе ету керек! (К.Сәадәт)