Сүйіктіге жамандық жасалмайды
Әһли хикмет ғұламалар былай деген: Адам дұшпанын тек сыртта іздейді. Алайда, ең үлкен дұшпан біздің ішімізде. Пайғамбарымыз алейһиссалам «Ең жаман дұшпан – нәпістерің» деген. Әулиелер бізге басқа біреуге емес, өз-өзімізге дұшпан болуды үйреткен, «Дұшпанды сыртта іздемеңдер, дұшпан іштеріңде» деген. Өз-өзін ұнатып «Мен» деген адам нәпсінен айтқан болады. Әулиелер «Мен» демейді. Мәселен Сәйид Абдулхаким Арваси хазреттерінің өмірінде «мен» дегені мүлдем байқалмаған. Тіпті «Сол ұлы әулиелердің жандарында болсақ, бізді есепке алмайды. Ал егер ол жерде болмасақ, бізді іздемейді, естеріне де түспейміз. Біз ешкім емеспіз» деген. Ешбір көз өзін көре алмайды, алдындағыны көреді. Алайда, тасаууфта әркім өзін көруге тырысқан. Адам өзін қалай көре алады? Әулиелердің айнасында көре алады. Өзін қандай жағдайда көреді? Әрине лайықсыз түрде көреді, жақсы күйде көре алмайды. Бүкіл жақсы қасиеттерді оның бойында, бүкіл жамандықтарды өзінде көреді. Сол кезде өзін емдеуді бастайды. Сондықтан әулиелердің өмірбаяндарын оқуда, жақсы адамдармен бірге болуда өте үлкен құндылықтар бар. Адам өзінің кемшіліктерін және қателіктерін сол кезде түсінуі мүмкін. Әйтпесе маскүнемдермен, ұрылармен бірге жүретін адам, әрине, әрдайым өзін жақсы санайды. Біз қауышқан ниғмет өте үлкен. Ниғмет қаншалықты үлкен болса, дұшпандары да соншалықты көп болады. Ең үлкен дұшпан – адамның өзі, нәпсі. «Ұстаз, адамдар арасында қысылып-қымтырылмай отыруым үшін не істеуіме болады» деп сұраған шәкіртіне ұстазы «Сен өз-өзіңді неғұрлым жақсы көрмейтін болсаң, ұнатпасаң, басқалар сені соғұрлым жақсы көреді. Егер көңіліңде бір түйірдей өз пайдаңды ойласаң, сені ешкім жақсы көрмейді» деп жауап береді. Асхаби кирамнан Әбу Зәр Ғифари хазреттерінен біреу хат жазып насихат сұрайды. Ол хаттың артына тек «Ең қатты жақсы көретініңе жамандық жасама!» деп жазып жібереді. Адам мұның не мағына беретінін түсіне алмайды және өзі алдына келіп, бұл сөздің түсіндірмесін сұрайды. Әбу Зәр хазреттері былай түсіндіреді: «Адамның ең қаты жақсы көретіні – нәпсі, адамның өзі. Ал өзіне жасалатын ең үлкен жамандық – күнә істеуі. Өйткені күнә – от, қатты жақсы көретін денесін жағады. Күнәлардан сақтану арқылы қатты жақсы көретін осы денеңді отта жанудан қорға, осылайша оған жамандық жасама!» |