12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Иманның бар болуының белгісі

Иманның бар болуының белгісі

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Біреу қайтыс болған кезде «Біз Аллаһ үшін жаратылдық, соңында қайтадан Аллаһқа қайтамыз» деген мағынадағы «Инна лиллаһ уә инна илайһи ражи’ун» аяти каримасы айтылады. Бұл өмірге Аллаһтың разылығына қол жеткізу үшін келдік. Нәпіс және шайтанды разы қылу үшін, рахат өмір сүру үшін, яғни Аллаһтан басқа нәрселермен уақыт өткізу үшін келмедік. Оның разылығын ала алмаған адам құриды, жанады. Барлық нәрсені жаратқан, әр сәтте бар қылып ұстап тұратын, ішіп-жегізетін, азықтандыратын, барлық нәрсені атқаратын Аллаһу та’ала, бірақ Оған шүкір етіліп жатқан жоқ. Алайда ниғметке шүкір ету, ниғметтердің Одан келгендігін білу – иманның белгісі.

«Ұстаз, дінге-иманға ешқандай қатысы болмаған адамдар да кейде дұға етеді, шүкір етеді. Олардың да иманы бар ма?» деп сұраған шәкіртіне ұстазы былай жауап береді:

«Балам, иманның бар немесе жоқ екендігі іс-әрекеттерінен белгілі болады. Бұл іс-әрекеттер – харамдардан сақтану, орану, бес уақыт намаз оқу, Аллаһу та’аланың басқа да әмірлері мен тыйымдарына мойынсұну. Осындай адамға иманы бар делінеді. Әйтпесе бұлардан мүлдем хабары болмастан, тек өз ойындағы бір құдайға ғибадат ету, шүкір ету иман емес.»

Еуропалықтар мен Америкалықтар да «Құдайға сенеміз» дейді. Ғылым адамдары да «Барлық нәрсені жаратқан бір жаратушы бар» дейді. Бірақ бұлай айтумен иман пайда болмайды. Иман – Аллаһу та’алаға тән болған сипаттарды біліп, "Әмәнту..."-дегі алты негізге сену арқылы болады. Бұдан басқа жолмен иман келтірілген болмайды. Өйткені иманның негіздері бір бүтін.

Адам өз ақылымен Аллаһу та’аланы тани алмайды, біле алмайды. Сондықтан сенуден басқа шарасы жоқ. Адамдар «Бұл әлемді жаратушы бар» дейді, бірақ ешкім ақылымен Аллаһты таба алмайды. Кәпірлер қиялдарындағы өздері елестеткен кейіпке Құдай дейді. Алайда Аллаһу та’аланың заты белгісіз, сипаттары да тек бір пайғамбар арқылы ғана адамзатқа білдірілген. Өйткені Жәбрейіл алейһиссалам пайғамбарларға Аллаһтың сипаттарын, әмірлері мен тыйымдарын білдірген.

Аллаһтың разылығына қауыштыратыны, жәннатқа апаратыны хабар берілген есепсіз жолдар бар. Бірақ Пайғамбарлар білдіргенінен басқа ешбірі қауыштырушы, құтқарушы емес. Құтылу да тек шынайы және бір болған Аллаһқа сеніп, жіберген дінге, яғни Ислам дініне бағыну арқылы мүмкін бола алады.