12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Ислам ахлақы / ҮШІНШІ ТОМ, 9-шы ХАТ

ҮШІНШІ ТОМ, 9-шы ХАТ

Имам Раббани Мужаддид-и әл-фи сани Ахмед Фаруқидың “рахимә-һуллаһу та’ала” «Мәктубат» атты кітабынан үшінші томының тоғызыншы хаты Мір Мұхаммед Нуманға жазылған. «Расулуллаһ алып келгендерді қабылдаңдар!» аяти каримасын түсіндіруде. Бұл хат арап тілінде жазылған, төменде аудармасы:

Бисмиллахиррахманиррахим! Хашр сүресінің 7-ші аяти каримасының мағынасында «Расулуллаһ сендерге алып келгендерді қабылдаңдар. Тыйымдарынан сақтаныңдар және Аллаһтан қорқыңдар!» делінген. [Әмірлерді орындауға және харамнан сақтануға «Ислам діні»-не мойынсұну делінеді.] Аллаһу та’аланың «Тыйымдардан сақтаныңдар» дегеннен кейін «Аллаһу та’аладан қорқыңдар» деп айтуы, тыйымдардан сақтанудың маңыздырақ екенін көрсетеді. Өйткені, Аллаһу та’аладан қорқу, яғни «Тақуа» – харамдардан сақтану деген сөз. Тақуа – діннің негізі. Күмәнді нәрселерден де сақтануға «Уәра» делінеді. Расулуллаһ “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” «Діндеріңнің тірегі – уәра» деді. Басқа бір хадис шәрифте «Еш нәрсе уәра сияқты бола алмайды» делінді. Дініміздің харамнан сақтануға осыншама мән беруі, тиылатын нәрселердің көбірек болуынан және пайдасының да көбірек болуынан. Себебі, әмірлерді орындауда да тиылу бар. Бір әмірді орындау – мұны орындамаудан тиылу деген сөз. Пайдасының көбірек болуы нәпіске мүлдем ермегендігінің нәтижесі. Әмірді орындағанда нәпіс те ләззат алады. Бір амалда нәпіске еру қаншалықты аз болса, пайдасы соншалықты көбірек болады. Яғни Аллаһу та’аланың разылығына тезірек қауыштырады. Өйткені ислам дінінің әмірлері мен тыйымдары нәпісті қинау, тәрбиелеу, жүдету үшін жіберілген. Нәпіс – Аллаһу та’аланың дұшпаны. Хадис құдсиде «Нәпсіңе дұшпандық ет! Себебі, ол менің дұшпаным» деп бұйырылды. Осы себептен, рухани жолдардың ішінде адамды Ислам дінін көбірек ұстануға итермелейтіні – Аллаһу та’алаға жақынырақ жол болады. Өйткені, мұнда нәпіске ермеу басымырақ. Мұны меңгергендер біледі. Біздің ұстанған жолымыз да осы. Осы себептен, үлкеніміз, жолбастаушымыз, ұлы ғалым Бахауддин Бұхари «Аллаһу та’алаға қауыштыратын жолдардың ең қысқасын таптым» деді. Өйткені бұл жолда нәпіске қарсы тұру басқа жолдарға қарағанда көбірек табылады. Бұл жолда, Ислам дінін ұстанудың көптігіне келсек, кітаптарды зерттейтін зерек және ынсапты адам үшін мұны түсіну өте оңай. Ол мәселенің осындай екенін анық көреді. Соған қарамай көптеген хатымда мұны жан-жақты білдірдім. Барлық нәрсенің ең дұрысын бәрібір Аллаһу та’ала ғана біледі. Ол бізге жәрдемші ретінде жетеді. Ол өте жақсы уәкіл. Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссаламға, оның отбасына, сахабаларына “радиаллаһу та’ала анһум әжма’ин” және дұрыс жолда болғандарға дұға және сәлем болсын!