2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Әр ыдыстан сыртқа ішіндегісі ағады

Әр ыдыстан сыртқа ішіндегісі ағады

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Жақсы мінезді болу керек, елдің бәріне жақсылық жасау керек. «Ол жақсылыққа лайық емес қой» деп, жақсылық жасаудан бастартпау керек. Алдымызда кім болса да, біз өз-өзімізге қарауымыз керек. Ешқашан қан қанмен, зәр зәрмен тазаланбайды, екеуі де сумен тазаланады. Біз су сияқты болайық, ол не болса да өзі білсін!

Адамдардың мінезі мен абыройы қай дәрежеде болса, соған сай сөйлейді және әрекет етеді. Пайғамбарымыз алейһиссалам «Әр ыдыстан, ішінде не бар болса, сыртына сол нәрсе ағып шығады» деді. Су ыдысынан су, шарап бөтелкесінен шарап ағады. Яғни ыдыста не бар болса, сыртқа сол нәрсе ағады. Адамда да жүрек деп аталатын бір ыдыс бар. Мұны немен толтырсақ, аузымыздан сол нәрсе шығады және істегендеріміз де соған сай болады. Мысалы, жүректе жомарттық бар болса, адам қолындағы бәрін беріп жібереді. Осы жүректе қандай жақсылық бар болса, айналамыздағылармен соған сай қарым-қатынас жасаймыз. Ал егер ішіміз күнә, бұзылғандық, кек, ашкөздік, зорлық сияқты жаман нәрселерге толы болса, онда қоршаған ортаға әрдайым зиян келтіретін адам боламыз.

Кейбір әулиелер кейде сондай адамдармен серіктестік құратын еді, шәкірттері түсіне алмайтын еді. Тіпті кейбір шәкірттері «Бұл адаммен бірігіп жұмыс атқаруға болады ма екен?» деп күмәнға түсетін еді. Алайда сол бірігіп жұмыс істеген жаман мінезді адамдар, өмірі бойы, әрдайым сол әулиелерге дұға етіп өткен. Өйткені олар да адам, бір жақсылық көрген кездерінде олар да таңданады және мінездері өзгереді.

Бір күні бір адам Иса алейһиссаламды өте қатты жәбірлейді, жаман сөздер айтып балағаттайды. Ең соңында Иса алейһиссалам «Маған айтатындарың бітті ме?» деп сұрайды. «Бітті» деген жауапты алғаннан кейін: «Мен пайғамбармын. Егер ауруың бар болса, дұға етіп, жазылып кетуіңе себеп болайын. Ақшаң жоқ болса, ақшамен қамтамасыз етейін. Қайғың бар болса, шарасын табайын. Менен не қалайсың?»  дейді. Әлгі адам мұндай жауапқа таң қалып, сасқалақтап, не істерін білмей қысылып, ол жерден кетіп қалады. Иса алейһиссалам жаман балағаттарға қарсы өте жақсы сөздер айтады. Шәкірттері Иса алейһиссаламға «Бұл кісі сізді балағаттады. Ал сіз оған керісінше жақсы нәрселер айттыңыз, оның үстіне оған жәрдемші болғыңыз келді. Мұның хикметі не?» деп сұрады. Сонда: «Әркім бойында не бар болса, соны береді. Әркім өзінің қасиетін қолданады. Оның қасиеті сондай, менің қасиетім осындай. Оның қасиеті менде жоқ, менің қасиетім оның бойында жоқ. Мен ол сияқты бола алмаймын» дейді.