19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Жәннатқа қалаған есігінен кіретіндер

Жәннатқа қалаған есігінен кіретіндер

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Дос болсын, дұшпан болсын, бәріне күлімдеген жүзбен және жылы сөзбен қарау керек, ешкіммен сөз тартыспау керек. Әркімнің кешірімін қабылдап, айыптарын кешіре білу керек, зиян тигізсе, өш алмау керек. Мәрттік – жамандық жасаған адамға жақсылық жасау, сені жақтырмағанға сый-сияпат көрсету және жақтырмаған адамыңмен де жылы сөйлесу. Иса алейһиссалам «Аллаһу та'аланың мейірімімен, рұқсатымен өлілерді тірілттім, ең ауыр ауруларды жаздым, бірақ ақымаққа сөз ұқтыра алған жоқпын» деген. Ақымаққа берілетін жауап – үндемеу.

Сүйікті пайғамбарымыз «Үш нәрсеге ие болған адам жәннатқа қалаған есігінен кіреді: Құл ақысын өтеген, әр намаздан соң он бір рет Ихлас сүресін оқыған және қастандық еткен адамын кешіріп өлген адам» деген.

Біріншісі, құл ақысын өтеу. Құл ақысы тек мал-мүлік емес, әрі заттық, әрі рухани құл ақылары бар. Біреуді ренжітіп қойған адам оған барып көңілін аулау керек. Ал заттық дегеніміз – қарызды өтеу керек. Құл ақысы өте маңызды, кісінің ақысы өзгеге харам болып табылады, жәннатқа кіруге бөгет болады. Тіпті бір адам намаз оқып жатқанда үстіндегі бүкіл киімі халал болып, тек бір түймесін тіккен жіп қана харамнан болса, бұл намазға сауап берілмейді. Сүйікті пайғамбарымыз «Бір бөлмеде харам жолмен келген бір жіп бар болса, бұл бөлмеде оқылған намаз қабыл болмайды» деген. Яғни намаз міндетін орындаған болады, қияметте «Сен неге мына намазды оқымадың?» демейді, бірақ бұл намазына сауап берілмейді. Харам қабыл болуға тосқауыл болады.

Ғибадаттардың ең басы – халал азық. Халал азық жеген адам ғибадатқа беріледі, ғибадаттың ләззатын сезеді. Харам жеген адам ғибадаттың ләззатын сезе алмайды, намаз оқу оған бір тауды көтеру сияқты қиын болады. «Намазға кел!» деп шақырылғанда қашады. Харам азық намазға, яғни Аллаһу та'аланың алдына шығуға кедергі болады.

Екіншісі, әр намаздан соң 11 рет Ихлас сүресін оқу. Мұны істеу қиын емес, қалдырмай оқу керек. Жолда да, бір іспен айналысып жатқанда да оқуға болады. 11 рет Ихлас сүресін оқыған адам жәннатқа қалаған есігінен кіреді.

Үшіншісі, қастандық еткен адамын кешіріп өлу. Қастандықпен өлтірілген адам бірден өлмей, мысалы бірнеше сағаттан кейін өліп, өлімінен бұрын «Мені өлтірген адамды кешірдім, оған тиіспеңдер» деген өсиет қалдырса, жәннатқа қалаған есігінен кіреді. Хазреті Омар, хазреті Әли сияқты ұлы тұлғалар бұл хадис шәрифті білгендіктен, өздерін шәһид еткен өлтірушілеріне қатысты осындай өсиет қалдырған еді.