8 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     11 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Екі түрлі өлім

Екі түрлі өлім

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Екі түрлі өлім бар: Шұғыл өлім және рұқсатты өлім.

Өте тәкәппар бір патша мемлекетін аралауға бел буады. Қызметшілеріне «Киімдерімді әкеліңдер!» деп бұйырады. Әкелінген киімдердің бірін әрең таңдайды. «Маған ат дайындаңдар!» дейді. Әкелінген аттардың бірін әрең таңдайды. Содан кейін жанына қызметшілерін алып, халықтың арасына кіріп, аралауды бастайды. Атының үстінде тәкәппарлығынан халықпен сөйлесу, дерттерін тыңдау былай тұрсын, тіпті беттеріне де қарамайды.

Осы кезде нұрлы жүзді бір қарт кісі аттың алдына келіп, аттың тізгінінен ұстайды. Патша өте дөрекі түрде «Тізгінді ұстауға қалайша батылың жетті? Жібер тізгінді!» деп айқайға салады. Қарт кісі жергілікті еместігін және ерекше сыры бар екенін айтады. Патша «Ал, айт онда сырыңды!» дейді. Қарт «Бұл сырды тек сіз ғана естуіңіз керек, еңкейсеңіз құлағыңызға айтамын» деген кезінде патша иіліп құлағын тосады. Сонда әлгі қарт оған: «Мен Әзірейілмін, жаныңды алуға келдім» дейді. Патшаның бірден реңі бозарып, кекештеніп, «Қап, маған рұқсат бер, үйіме қайтып, бала-шағаммен соңғы бір рет көрісейін» деп жалбарынып сұраса да, Әзірейіл алейһиссалам оған «Жоқ! Саған бір сәтке де рұқсат берілмейді!» дейді де, рухын алады.

Содан соң бір ауылға барады, бір есікті қағады. Есікті ашқан жас бала «Қош келдіңіз» деп қарсы алады. Әзірейіл алейһиссалам «Әкеңізбен көрісуге келдім, кездесуім керек еді» дейді.

Жас бала іште Құран оқып жатқан әкесінің жанына барып: «Әкешім» деп шақырған сәтінде әкесі тоқтап, баласына қарайды. Баласы «Есік алдында бір қарт кісі күтіп тұр, сізбен көрісуге келіпті» дейді. Сонда әлгі кісі «Балам, мен онсыз да оны күтіп отырған едім, дереу кіргіз!» дейді. Қарт кісі ішке кіргенде әкесі оны танып, «Қош келдің! Дайын болып күтіп отырған едім, неге кешіктің?» деп сұрайды, сонда Әзірейіл алейһиссалам былай жауап береді:

- Әмірге бағынып қазір келдім. Раббым сені қатты жақсы көреді, рухынды қалай қаласаң, солай алуымды бұйырды.

- Қазір намазға тұрайын, рухымды соңғы рәкатта соңғы сәждеде ал! Раббымның алдына сәжде жасап жатқан күйімде баруды қалаймын, – дейді.

Сөйтіп әлгі кісі намазға тұрады және соңғы сәждеде сол күйінде қалады, қайтыс болып, тікелей жәннатқа аттанады. Бірі шұғыл түрде өлді, ал бірі рұқсатпен қайтыс болды. Бірі дүние адамы болса, екіншісі Аллаһтың досы.