12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Өз-өзін ұнату ширкке дейін апарады

Өз-өзін ұнату ширкке дейін апарады

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Жасаған жақсылықтарымызды ұмытайық, есімізге түсірмейік және басқалардың да есіне түсірмейік. Егер айтатын болсақ, міндетсінгендей боламыз. Аллаһу та'аланың бізге берген ниғметтерінің жанында біздің жақсылықтарымыз көзге көрінеді ме? Біз ешкім емеспіз.

Тауда жалғыз өзі қалып, көп ғибадат ететін бір дәруиш, Мұса алейһиссалам Тури Сина тауына бара жатқанда, жолына шығып: «Ей, Мұса, Аллаһу та'аладан сұрашы, менен разы ма екен?» деп өтінеді. Мұса алейһиссалам таудан қайтып бара жатқанда әлгі адамға «Аллаһу та'ала "Оны кешірдім" деді» деген кезінде, дәруиш: «Мен күндіз-түні ғибадат жасаймын. Аллаһ мені кешіретіндей мен таудың басында қандай күнә істеген екенмін?!» дейді. Сонда Мұса алейһиссалам: «Ал осы ғибадаттарыңды қалай, кімнің жәрдемімен орындадың?» деп сұрағанында, әлгі адам мақтанышпен: «Кім болушы еді, әрине өзім істедім» деді.

Аллаһу та'ала дереу Жәбірейіл алейһиссаламға: «Оның күре тамырын біраз қысып, кейін жібер!» деп бұйырады. Жәбірейіл алейһиссалам тамырын қысқан кезде дәруиш жерге жатып, бүрісіп қалады. Мұса алейһиссалам «Не болды?» деп сұрайды. «Өліп бара жатырмын, ей Мұса, күнәларым кешірілсін деп дұға етші!» деп айқайлайды. Сонда:

«Аллаһтан қорқ! Хақ та'ала берген осыншама ниғметтің арасындасың. "Өте күнәхар адаммын" деп айт, "Менің айыбым не?" деме. Қара, тамырың біраз қысылып еді, қандай жағдайға душар болдың!» – дейді.

Сүйікті пайғамбарымыз «Кіші күнәдан сақтанасыңдар, бірақ одан да үлкен күнәға түсулеріңнен қорқып жатырмын» деген. Кіші күнәлардан да сақ жүрген адам үлкен күнәға қалай түседі? Белгілі бір дәрежеге жеттім деп ойлап, өз-өзін ұната бастайды-да жүрегінде ужб пайда болады. Аллаһу та'ала мүлдем жақтырмайтын екі жаман мінездің бірі – тәкәппарлық, екіншісі – өз-өзін ұнату. Міне осы өз-өзін ұнату мінезі күнәларды кішісінуге, жеңіл санауға, тіпті ширкке дейін апарады.

Мұсылманның жасаған ғибадаттарын емес, істеуі керек болып, істемеген ғибадаттарымен істеген күнәларын ойлауы керек. Дұрыс деп санап істеген ғибадаттарымызда негізінде тәубеге мұқтаж.

Адам ғибадаттарға беріліп, харамдардан сақтануы мүмкін, жүрегі Аллаһқа деген сүйіспеншілікке толы деп санап, ахиретке өте жақын екенін сезуі мүмкін. Бірақ мұның дұрыс, яғни Рахмани екенінің немесе ондай еместігінің бір белгісі бар. Ол белгі – бұл сүйіспеншілігі артқан сайын өзінің қателіктерін, күнәларын көбірек көре бастайды. Осы көру қабілеті бара-бара артады, жасалған қателіктер өмір бойы мүлдем ұмытылмайды. Міне осы жайт тәубесінің қабыл болғанын және бағытының дұрыс жақта екенін көрсетеді.