7 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     8 - Желтоқсан, 2024 жыл.   


САЛАУАТ БӨЛІМІ

106 – Бір адам жұма күндері көп салауат айтатын болса, Аллаһу та’ала ол адамның жүз қажеттілігін өтейді, оның отызы – дүниелік, жетпісі – ахиреттік қажеттіліктер.

Пайғамбарымыз алейһиссалам былай деді: «Кімде-кім күніне жүз рет [мағынасын ойлап] салауат айтса, қияметте күннің ыстықтығынан құтылып, Арштың көлеңкесінің астында менімен бірге болады. Сондай-ақ, кімде-кім мен үшін бір салауат айтса, рахмет періштелері оның күнәларының кешірілуі үшін дұға мен истиғфар етеді.»

107 – Расулуллаһқа (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) көп салауат айт! Өйткені бір хадис шәрифте: «Есімім айтылған кезде маған салауат айтпағандарға қандай обал! Сондай-ақ, Рамазан айы келгенде оны құрметпен қарсы алып разы етпеген және ата-анасынан біріне немесе екеуіне де қауышып, олардың разылығын алмағандарға да обал болсын!»

108 – Жақсылап біліп ал, кімде-кім бір кедейге оның ұнататын тағамын алып беріп тойдырса, Аллаһу та’ала ол адамға жәннатта мың дәреже береді және жәннатта оған көптеген ниғметтер сыйлайды.

109 – Кедейлерге садақа беруді ұмытпа! Жұбайыңа, бала-шағаңа және туыстарыңа берген нәрселерің де садақа болып саналады. Әбу Әмама “радиаллаһу та’ала анһ” Расулуллаһтан (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) риуаят еткен хадис шәрифте: «Жұбайына және туыстарына жақсылық жасаудан артық не болуы мүмкін?» делінеді. Алдымен жұбайына, бала-шағасына халалдан жегізіп, халалдан киіндіру керек, осыдан артылған ақшаның зекетін беру керек. Одан кейін садақа беру керек.

110 – Саған айтар насихатым – мына төрт мінезге иелен. Сонда мухсиндер (яғни жақсылар) қатарында боласың.

1) Бай кезде зекет, кедей кезде садақа беру.

2) Ашуланған кезде ашуды жеңу.

3) Басқа біреудің айыбын көргенде оны жарияламай, жасыруға тырысу.

4) Қызметшіге, жұбайына, бала-шаға мен туған-туыстарға жақсылық жасап, оларды жақсы жағдайда ұстау.

111 – Шөлдеген кісіге су беру де өте үлкен сауап. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деген: «Аллаһу та’ала Жәбірейіл алейһиссаламнан: Жер бетіне түссең не істер едің? – деп сұрады.

Сондай Жәбірейіл алейһиссалам былай жауап берді:

Йа, Раббым! Не істейтінім саған мәлім. Төрт нәрсені істер едім:

1) Шөлдеген адамдарға су беретін едім.

2) Бала-шағасы көп болғандарға көмектесер едім.

3) Ренжіскендерді жарастыратын едім.

4) Мұсылмандардың айыптарын жасыратын едім.»

Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тағы былай деді:«Шөлдеген бір адамға су ішкізген адамның амал дәптеріне жетпіс жылдық сауап жазылады. Егер су тапшы жерде ішкізетін болса, Исмаил алейһиссаламның балаларының бірін кәпірдің қолынан құтқарып, азат еткендей сауап беріледі.»

112 – Әрдайым көп жақсылық жасап жүр! Аллаһу та’ала қайырлы іс жасайтын құлдарын қатты жақсы көреді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деді: «Бір адам бір кедейге бір үзім тамақ берсе, сол үзім ол адамға бес нәрсені сүйіншілейді:

1) Бір дана едім, мені көбейттің.

2) Мен кішкентай едім, мені үлкейттің.

3) Дұшпан едім, мені дос қылдың.

4) Фәни, жоқ болып кетпекші болғанымда, мені бақи, мәңгі қалатындай қылдың.

5) Осы сәтке дейін сен мені қорғайтын едің. Бұдан кейін мен сені қорғайтын боламын.»

113 – Садақа және зекет берумен мал-мүлік азайып қалмайды, керісінше артады. Абдуррахман ибн Ауф “радиаллаһу та’ала анһ” пайғамбарымыз алейһиссаламнан естіп, былай дейді: Үш нәрсеге ант етемін:

1) Зекет берумен мал-мүлік азаймайды, көбейеді.

2) Зұлымдық көрген адам залымды кешірсе, Аллаһу та’ала қияметте ол құлдың дәрежесін көтереді.

3) Үнемі әр нәрсе сұрай беретін адамды Аллаһу та’ала кедейліктен құтқармайды.

114 – Әбу Хурайра “радиаллаһу анһ” пайғамбарымыздан алейһиссалам былай естігенін айтып берген: «Адамдар садақаны Аллаһ разылығы үшін беретін болса, Аллаһу та’алаға берілгендей саналады да, оған мың сауап [басқа бір риуаят бойынша екі мың сауап] алады.»Біреуге қарыз беретін болсаң, жақсылықпен бер және жақсылықпен ал! Қарыз алған кісі кедей болса және намаз оқитын, харамнан сақтанып жүретін адам болса, қарыз берген адам оны кешіп жіберсе, қиямет күні арштың көлеңкесінде болады және жәннатта үлкен дәрежеге ие болады.

Анықтама: Садақа беру – нәпіл ғибадат. Ал зекет беру, қарызын өтеу және біреудің хаққысын қайтару – парыз. Мойнында парыздың қарызы бар болғандардың сүннеттері мен нәпілдері қабыл болмайды. Олай болса, бір теңге зекеті немесе бір теңге қарызы бар кісінің садақасы қабыл болмайды. Миллиондаған ақша садақа берсе, мыңдаған қайырымдылық жасаса, зекетін бермегенше немесе өзгеден алған қарызын өтемегенше, ешбірі қабыл болмайды, яғни ешқандай сауап алмауымен қатар, зекет пен қарыз күнәсынан да құтыла алмайды. Зекет жайында 212-ші бөлімде кеңірек мәлімет бар.

115 – Бір кісіге қарыз беру садақа беруден қайырлырақ. Өйткені пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деген: «Қарыз беру, садақа беруден он сегіз есе құндырақ.»

Бір адамға бір жұмыс жасатқан кезіңде, оның ақысын дереу төле! Егер бермей, ақысы қиямет күніне қалатын болса, қиямет күні ол кісінің қорғаушысы Аллаһу та’ала болады. Бір-бірлеріңмен іс түскен кездерде, қарыз алып-берген уақыттарыңда жақсы қарым-қатынаста болыңдар! Бір-бірлеріңді ренжітпеңдер. Өйткені, жақсылық жасалатын жерде күнә істеген боласыңдар. Қарыз алмақшы болған адам қайтару ниетімен алуы керек. Үш себеппен қарыз алуға болады:

1) Өте кедей болып, жұмыс істеуге шамасы жетпейтін адамның напақасын қамтамасыз ететіндей шамада қарыз алуы.

2) Тұрғылықты жерінің әдетіне сай жалға немесе мүлік ретінде қоныс, баспана алу үшін.

3) Үйлену үшін.

Осы себептер үшін Аллаһу та’алаға тәуекел етіп және өтеуге ниет ету шартымен қарыз алғандарға Аллаһу та’ала тез арада өтеуді нәсіп етеді. Көп қарыз алмаңдар, рахат боласыңдар. Өйткені, қарыз алған адам құл сияқты болады, күндіз-түні уайымдап жүреді.

116 – Сауда-саттықта және қарыз бергенде рибадан, яғни «Пайыз» алып-беруден сақтан! Сенен қарыз алған адамнан пайда күтпе! Өйткені, алған немесе берген аздаған пайыздың күнәсі Аллаһу та’аланың алдында, анасымен жетпіс рет зина жасаумен бірдей. Яғни пайыздың азы да, көбі де, алуы да, беруі де харам болып табылады. Пайызға куәгер болған, жазған және уәкіл болған адам да Аллаһу та’аланың алдында малғұн және жауапкер болады. Бұдан қатты сақтану керек.

Анықтама: Имам Раббани Мужаддиди әлфи сани Ахмед Фаруқи Сәрхәнди  “қаддасаллаһу сиррух” хазреттері «Мәктубат» кітабының бірінші томы, жүз екінші хатында былай деген: «Бір мұсылманға белгілі мөлшерде артығымен өтеу шартымен қарыз берілген кезде, өтелетін ақшаның артығы пайыз болумен шектелмейді. Алдын ала жасалған «Ақд», яғни келісім шарт пайыз болады. Осындай келісім шарттың өзі харам және харам себебімен алынған барлық нәрсе харам болады. Олай болса, қарызға мың теңге беріп, қайтарымына бір мың бір жүз теңге алу шартымен жасалған келісім, яғни сауда харам болып, алынған бір мың бір жүз теңге ақшаның барлығы пайыз болады, харам болады. «Жами’ур-румуз» фикһ кітабында және Ибраһим Шахидың кітабында да осы мәселе жақсы түсіндірілген. Ал пайызға ақша алуға мұқтаж болғандарға келер болсақ, рибаның (пайыздың) харам екендігі Құран кәрім мен хадис шәрифтерде айқын жазылған және мәлім. Яғни мұқтаж болғанға да, болмағанға да харам болып табылады. Мұқтаж болғандарды ажырату – Аллаһу та’аланың және пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұйрықтарын өзгерту болады. «Қынийа» кітабының осы бұйрықтарды өзгертуге ақысы және құқығы жоқ. Лахор қаласындағы ғалымдардың ең үлкені болған Мәулана Жамал “рахимә-һуллаһу та’ала” «Қынийа кітабының көптеген сөздеріне сенуге болмайды және құнды кітаптарға қайшы» деген. Қынийадағы «Қажеттілігі бар адамдардың пайызға қарыз алуы жаиз (рұқсат) болады» деген сөзін дұрыс деп қабыл ететін болсақ та, егер пайызға ақша алуға қажеттілігі туындағандардың бәріне рұқсат болады десек, пайыздың харам етілуінің бір мәні қалмайтын еді. Өйткені, әр адамды пайызға ақша алуға итермелейтін себеп, әрине, қажеттілік. Ешкім, қажеттілігі туындамағанша, өзіне шығынды болған істі жасамайды және бүкіл әлемнің иесі Аллаһу та’аланың осы бұйрығы пайдасыз және орынсыз болар еді. Аллаһу та’аланың кітабы болған Құран кәрімге осындай жала жабу – батылдықтың ең жаманы. Парызды маңызсыз санап, әр қажеттілікті үзір деп қабылдасақ, мұқтаждық, қажеттілік болады деген сөз. Қажеттіліктің де өз өлшемі, дәрежелері бар. Той жасау үшін пайызға қарыз алу қажеттілік емес және бұған зәрулік те жоқ. Мысалы, жаназада мәйітке тек кебін ғана қажеттілік саналады делінген. Оның рухына халуа пісіру қажеттілік емес делінген. Алайда оның садақаға мұқтаждығы өзге қажеттіліктерден де жопғары. Олай болса, пайызға ақша алғандардың қажеттілігі қажеттілік болады ма, әлде болмайды ма? Және осындай ақшамен әзірленген тағамдарды жеу халал болады ма? Жанұядағы адамдардың көптігін және әскерді қажеттілікке сылтау қылу болса, мұсылманға жарасатын тірлік емес. Егер «Қазіргі таңда халал азық табу мүмкін болмай жатыр» делінсе, иә, бұл сөз дұрыс. Бірақ қолдан келгенше харамнан сақтану керек. Егін өнімінің берекесіз болмауы үшін егінді дәретсіз екпеу керек деп бұйырылған. Алайда, бүгінде бұдан құтылу мүмкін емес. Бірақ, пайызға ақша алмау өте оңай. Құран кәрімде және хадис шәрифтерде харам екені білдірілген нәрселерді харам деп білу, халал екені білдірілген нәрселерді де халал деп білу керек. Осыларға сенбейтін адам кәпір болады.Ал айқын түрде білдірілмеген халал мен харамдар ондай емес. Мәселен, көптеген нәрсе Ханафиде харам болғанымен, Шафииде халал. Олай болса, «Қажеттілігі бар адамның пайызға ақша алуы жаиз емес» деген адамға «Тыныш! Халалға харам деме! Кәпір боласың!» деп айтуға болмайды. Өйткені оның сөзі ақиқатқа жақын, бәлкім ақиқаттың өзі болар және оған берілген жауап қауіпті. Харам екені күмәнді нәрселерді тәрк ету абзал. Қайталап айтамыз, қажеттілік түсінігі  өте кең. Егер кең түсінетін болса, пайыз алмайтын адам қалмайды және Аллаһу та’аланың пайызды харам етуі, Аллаһ сақтасын, болмашы және бекер нәрсе болады. Қынийа кітабы да ақыр соңында қажеттілікке қарай пайызға ақша алуға рұқсат беруде. Бірақ әр адамға емес. Қажеттілігі осындай күмәнді жолдан болса, халал жолдан іздеу керек және тақуалықтың берекетімен, аздаған әрекетпен қажеттілік мәселесі шешіледі. Мәктубаттан аударма тәмәм болды.

Ибн Нужәйм Зәйн-ул-Абидин Мысри “рахимә-һуллаһу та’ала”«Әшбаһ» кітабында, бесінші қағиданың соңында: «Кейбір қажеттіліктер зәрулік деп қабыл етіледі. Мәселен, мұқтаж болған адамның пайызын өтеп қарызға ақша алуы жаиз болады» деген. Сәйид Ахмед Хамауи “рахимә-һуллаһу та’ала” осы жайтты түсіндіріп: «Мысалы он алтын қарыз алып, әр күні белгілі мөлшерде бір нәрсені пайыз ретінде өтейді» деді. Бұдан аңғарылып тұрғанындай, напақаға мұқтаж болып, жұмыс істей алмайтын және пайызсыз қарызға ақша таба алмаған шарасыз адамның напақа үшін пайызға қарыз алуы жаиз болады. Алайда, бұл жағдайда да «Муамелат»жолымен алуы керек. Мысалы, он алтын алып, он екі алтын қайтаруға келіскен кезде, он алтынды аларда қалам, дәптер, кітап сияқты қандай-да бір нәрселерді екі алтынға сатып алып, он екі алтын қарыздар болады. Осындай бүлікке, бидғатқа тап болған кезде Исламға мойынсұну үшін ықтиятты жол іздеуге «Хиле-и шәрийа» делінеді. Шарасыз, зәрулікке түскен адамның ғибадаттарын жіберіп алмауы немесе харам істемеуі үшін «Хиле-и шәрийа» жасауы қажет болады. Исламға мойынсұнудан қашу үшін шара іздеуге «Хиле-и батыла» делінеді, бұл харам болып табылады.

Анықтама 2: Дарул-харбта, яғни Франция, Италия сияқты пұттарға табынатын кәпір мемлекеттерде, кәпірлерден олардың өз разылығымен мүлік алу, мысалы оларға пайызбен қарыз беру жаиз болады. Бірақ пайызбен қарызға ақша алу ол жерде де жаиз емес. Дарул-харбтағы бір банкке ақша салып, пайызын алу – пайызбен қарыз беру үшін банкпен ортақтасу деген сөз. Осы банктен ақша алушылардың барлығы кәпір болса, банкке салынған ақшаның пайызын алу халал болады. Банктен пайызға ақша алушылардың барлығы мұсылман болса, банкке салынған ақшаның пайызын алу харам болады. Банктен ақша алған клиенттер мұсылман мен кәпір аралас болса, алынатын пайыз мәкрух, яғни харамға жақын мәкрух болады. Кәпірлердің саны көп болса, халалға жақын тәнзиһән мәкрух болады. Мәкрухтан да сақтану керек, пайызға жоламау керек. Банкке салынған ақшаның пайызын «Муамела сатуы» құны ретінде алу керек. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Пайыз жеген адамның куәгерлігін қабыл етпеңдер! Егер қабыл ететін болсаңдар, Аллаһу та’ала ғибадаттарыңды қабыл етпейді. Жамағатпен намазды тәрк еткен адамдікін де қабыл етпеңдер» деп бұйырды. Мұқтаж болған затты сатып алу үшін банктен пайызға қарыз ақша алмау керек. Банк сол затты өзі сатып алып, үстіне ақша қосып, сол адамға бөліп төлеу арқылы өтеу жолымен сатуы керек. «Риядун-насихин» кітабында, қырық түрлі пайыз бар екендігі жайында мысалдарымен жазылған.