2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   


Әбу Бәкір Сыддық

Әбу Бәкір Сыддық хазреттері пайғамбарлардан кейінгі адамдардың ең үстемі.

Ашәра-и Мубәшшәраның, яғни жәннатпен сүйіншіленген он сахабаның біріншісі. Пайғамбарымыз алейһиссаламның қайын атасы, хазреті Айшаның әкесі. Хазреті Әбу Бәкірдің Расулуллаһ алейһиссаламға деген таңғажайып адалдығы мен сүйіспеншілігі бар еді. Қайтыс болуына пайғамбарымыздан айырылудың үлкен мұң-қайғысы, уайымы және сағынуы себеп болған. Себебі Оған деген сүйіспеншілігі мен байланысы сөздермен жеткізіп бере алмайтындай шамада көп. Пайғамбарымыз да оны қатты жақсы көретін еді.

Пайғамбарымыз қайтыс болған күні халифа болып сайланды. Халифалығы 2 жыл, 3 ай, 10 күн жалғасты. 63 жасында хижреттің 13 (григоряндық 634) жылы Жәмазиәл-ахир айының жетісінде, дүйсенбі күні ауырып, 15 күн науқас болып жатқаннан кейін қайтыс болды. Жаназа намазын хазреті Омар оқыды. Пайғамбарымыздың қабірі орналасқан Хужрә-и Саадәтте жерленді.

Хазреті Әбу Бәкір Расулуллаһтың ең жақын досы еді. Одан ешқашан ажырамайтын еді. Олардың осы жақындығы Меккеден Мәдинаға көшу кезінде де жалғасты. Оған үңгірде де дос болды. Үңгірде үш күн өткізгеннен кейін екеуі бір түйеге мініп, жолға шықты. Мәдинаға барғанға дейін Расулуллаһқа толығымен қызмет етті. Мәдинадағы мешіт соғылғанда Онымен бірге жұмыс істеді. Ешбір қызметтен, қайырымдылықтан тыс қалмады. Хазреті Әбу Бәкір Расулуллаһ алейһиссаламмен барлық соғыстарда бірге болған, бір ретінде әскер басқару міндеті оған берілген. Өте ауыр соғыстарда пайғамбарымызды қорғаған. Пайғамбарымызға жан-тәнін пида еткен. Бәдірде, Ухудта, Хандекте мүшриктерге қарсы соғыста үлкен қаһармандық көрсеткен. Тәбук соғысында ту көтеруші міндетін атқарған.

Пайғамбарымыздың соңғы ауруында үш күн имам міндетін атқарып, он жеті уақыт намаз оқытқан, үш уақытында пайғамбарымыз хазреті Әбу Бәкірге ұйып, оның артында намаз оқыған.

Хижри жыл санақтың 10-шы (григоряндық 632) жылы пайғамбарымыздың қайтыс болуымен Асхаби кирамның сөзбірлігімен халифа болып сайланды. Пайғамбарлардың соңғысы болған Мұхаммед алейһиссаламнан кейін мұсылмандардың халифасы, яғни пайғамбарымыздың уәкілі және мұсылмандардың басқарушысы ретінде хазреті Әбу Бәкір Сыддық болды.

Асхаби кирамның арасында ең үлкен ілімге ие болғандардың бірі еді.Әр ілімнің жетік маманы болған еді. Ислам ілімдерінің барлық мәселелерін білетін еді. Шынында Расулуллаһ Ол жайында «Кеудемдегі марифеттердің, мәліметтердің бәрін Әбу Бәкірдің кеудесіне ағыздым» деген. Осылайша ол Мұхаммед алейһиссаламнан кейін адамдардың ең үстемі болды. Хижретте (көште) Оның жолдас серігі болды. Үңгірде бірге болды. Өмірі бойы пайғамбарымыздың қасынан еш ажырамады. Әрбір ісінде Оның уәзірі болды. Бір мәселеде Асхаби кираммен ақылдасып жатқанда хазреті Әбу Бәкір оң жағында, хазреті Омар сол жағында отыратын еді. Талқыланатын мәселе жөнінде алдымен осы екеуінің пікірін, көзқарасын сұрап, кейін басқа сахабалардың көзқарасына құлақ асатын еді.

Расулуллаһтың өте көп фәйзіне қауышты, Құран кәрімнің мағынасы мен ақиқатына қатысты барлық мәліметтерді тікелей Расулуллаһтан алды. Құран кәрімнен үкім шығару тұрғысында өте үстем құдірет және шеберлік иесі еді. Аяти карималардың және хадис шәрифтердің мағынасы мен ақиқаттарын дұрыс үйренген еді. Асхаби кирам және Табиин ғалымдары көптеген аяти карималардың тәфсирін Одан алып білдірген.

Хазреті Әбу Бәкір Сыддық тасаууф ілімінің бүкіл жоғары марифеттеріне қауышқан еді. Расулуллаһтың көңіліне аққан фәйздердің, марифеттердің бәрі Оған да берілді. Расулуллаһтан кейін Аллаһу та'аланы ең жақсы таныған және бәрінен көп ғибадат еткен – Ол. Тасаууф – Расулуллаһтың жолында болу, Ол көрсеткен жолдан айрылмау деген сөз, адамдардың табиғаттары әр түрлі болғандықтан, тасаууф жолдары да айрылған. Бұл үмбеттің кейіннен келген әулиелері Расулуллаһтан келген фәйздерге, нұрларға екі жол арқылы қауышқан. Бірі нубууәт жолы, екіншісі уилаят жолы. Мұсылмандар нубууәт жолының бүкіл марифеттеріне хазреті Әбу Бәкір арқылы қауышты. Асхаби кирамның бәрі Аллаһу та'алаға осы жолмен қауышты.

Хазреті Әбу Бәкірдің үстемдіктері, қасиеттері өте көп. Олардың әрбірі Құран кәрімнің, хадис шәрифтердің және Асхаби кирам мен басқа да дін ғалымдарының хабар беруімен мәлім болды. Бұл үмбеттің ішінде пайғамбарымыздан кейінгі адам болу бақытының иесі – хазреті Әбу Бәкір. Себебі дінді қуаттандыру және пайғамбарлардың мырзасына жәрдем ету үшін мал-мүлкін таратуда, жиһад етуде, яғни дұшпандармен беріліп соғысуда және атағын, абыройын жоғалтуда ең біріншісі – Ол. Хазреті Әбу Бәкірдің басқа мұсылмандардың ең үстемі болуының себебі – иманға келуде, мал-мүлкінің көбін және жанын пида етуде, әр түрлі қызметте басқалардың алдында болуында.

Расулуллаһ адамдарды иманға шақырды. Әбу Бәкір Сыддық иман келтіргендердің біріншісі болды. Осылайша иманда Оның екіншісі болды. Кейін хазреті Әбу Бәкір адамдарды Аллаһқа және Расулына иман келтіруге шақырды. Көбі осы шақыруды қабыл етті. Осылайша шақыруда да екіншісі болды. Әр соғыста Расулуллаһтың жанында болды. Бәдірде де Оның екіншісі болды. Расулуллаһ ауырып қалғанда Оның орнына адамдарға имам болып, алдына өтті. Осы тұрғыда да екінші болды. Расулуллаһтан кейін Оның кесенесіне жерленуде де екіншісі болды. Бұлардың бәрі пайғамбарымызға ең жақын болудың дәлелдері. Аллаһу та'ала Расулының досы ретінде хазреті Әбу Бәкірді Құран кәрімде ерекше білдірген, «Сол кезде Расулым досына "Мұңайма" деп жатқан еді» делінген. Үшіншілері Аллаһу та'ала еді. Аллаһу та'аланың өзімен бірге болған адам болса, күмәнсіз, құрмет пен үстемдік тұрғысында басқалардың ең үстемі.

Хазреті Әбу Бәкірдің есімі аталғанда хазреті Омар былай деді:

«Өмірімдегі барлық амалымның Әбу Бәкірдің бір күндік және бір түндік амалы сияқты болуын қалайтын едім. Оның сол бақытты түнінде Расулуллаһпен бірге үңгірге кетті. Үңгірге жеткенде "Аллаһ үшін, Йа Расулаллаһ, ішке кірмеңіз! Алдымен мен кірейін, іште зиянды бір нәрсе бар болса, маған тисін, мүбәрәк тәніңізге қиыншылық, ауыртпалық келмесін" деді де, ішке кірді. Ішін сыпырып тазалады. Жан-жағында көптеген ірі-ұсақ тесіктерді байқады. Шапанын жыртып, тесіктерді бітеді. Кейін Расулуллаһты ішке шақырды. Расулуллаһ ішке кіріп, мүбәрәк басын хазреті Әбу Бәкірдің иығына қойып ұйықтады.»

 

Расулуллаһ алейһиссалам былай деді:

«Бізге әр түрлі ниғметті берген және жақсылық жасаған адамға қайтарымын бердік. Бірақ Әбу Бәкірдің жақсылығы мен сый-сияпатының қайтарымын бере алмадық. Аллаһу та'ала қияметте оған қайтарымын береді. Әбу Бәкірдің мал-мүлкі пайдасын тигізгеніндей басқа ешкімнің мал-мүлкі маған пайдасын тигізбеді. Егер достық құратын болсам, Әбу Бәкірді дос қылатын едім. Бірақ, біліп алыңдар, сендердің егелерің – Аллаһу та'аланың досы.» (Мәсабиһ)

«Аллаһ Ибрахим алейһиссаламды халил (дос) қылғанындай, мені де халил қылды. Үмбетімнің арасынан біреуді халил қылатын болсам, Әбу Бәкірді таңдар едім.» (Мүслим, Тирмизи)

 

Хазреті Омар былай деген:

Әбу Бәкір біздің сәйидіміз, қайырлымыз, Аллаһтың Расулына бәрімізден де сүйікті.

Хазреті Әбу Бәкір Расулуллаһтың қайтыс болуынан кейін әрбір өткен күн сайын әлсіреп, арықтаған еді. Бір күні қызы Айша Сыддықа анамыз арықтауының себебін сұрады. Жауап ретінде «Расулуллаһтан айрылу бізді осылай әлсіретті» деді.

 

Хазреті Әбу Бәкірдің құнды насихаттары:

«Тақуалық – ақылмен орындалатын істердің ең жақсысы. Хаққа дұшпан болу – ақымақша жасалған істердің ең жаманы. Берілген аманатты сақтау ең үлкен дұрыстық саналады. Ал қиянат ретінде ең басында өтірік келеді.»

«Өлімді өзіңе жақсы көргіз. Ол қалай болса да келеді.»

«Өмірін пайдасыз, бос нәрселермен өткізген адам егістікке ұрық шашу уақытын өткізіп алған болады. Ал уақытылы ұрық екпеген адам егінді жинау уақытында өкінеді.»

«Не сөйлейтініңе және қашан сөйлейтініңе мән бер!»

 

Әскери қолбасшыларды бір жерге жіберген кезде оларға:

«Әйелдерді өлтірмеңдер, балаларға, қарттарға тиіспеңдер, жеміс ағаштарын кеспеңдер, қолайлы жерлерді жоймаңдар, шектен аспаңдар, қорқпаңдар, азықтан басқа мақсатта қой мен түйе соймаңдар және монастырларына кіріп алған адамдарға зиян бермеңдер» деген бұйрықтар мен насихаттар беретін еді.

 

Бір хұтбасында былай деді:

«Ей, адамдар, Аллаһтан кешірім мен афиет сұраңдар. Өйткені мұсылманға Исламнан кейін кешірім мен афиеттен қайырлырақ болатын ештеңе берілмеген.»

«Мұсылмандардан ешбірі өзгені төмен көрмесін! Өйткені мұсылмандардың кішісі Аллаһтың жанында үлкен.»

«Аллаһу та'аладан қиямет күні тозақ отынан қорғалуын сұраған адам мүминдердің алдында өте мейірімді және сезімтал болсын!»

 

Бір күні Асхаби кирамға қарап былай деді:

«Аллаһу та'ала сендерге әлемді жаулап алғызады, есіктерін ашады. Сендер қажеттіліктеріңнен артығын алмаңдар!»

«Біліп қой, таң намазын оқыған адам Аллаһтың қорғауында. Аллаһтың хаққын кішімсінбе, өйткені етбетіңмен сені тозаққа лақтырады.»

«Аллаһу та'алаға деген таза сүйіспеншіліктің ләззатына жеткен адам дүниеліктен бастартады және бүкіл адамдардан бетін бұрады.»

«Адамның сөзі – ақылының баяндалуы, қасиетінің аудармасы.»

 

Бір хұтбасында былай деді:

Бүкіл мақтаулар Аллаһу та'алаға тән. Оған хамд етіп, Одан жәрдем сұраймын. Одан кешірім сұраймын, Оған сенемін, Оған сыйынамын. Хидаятты Аллаһтан күтіп, адасушылықтан, төмендіктен, күмәннан және соқырлықтан Оған сыйынамын. Аллаһ дұрыс жүруді нәсіп еткен адам дұрыс жолмен кетеді. Ал Ол адастырған адам дос та, ұстаз да таба алмайды... Бүкіл болмысыммен сенемін, Аллаһтан басқа құдай жоқ. Ол жалғыз және серігі жоқ. Мал-мүлік пен сұлтандық Оның иелігі, мақтаулар Оған тән.Тірілтетін де, өлтіретін де Ол. Және Ол ешқашан өлмейтіндей тірі. Қалағанын үстем қылады, қалағанын төмендетеді. Бүкіл қайырлылықтар Оның қолында. Оның бүкіл нәрсеге күші жетеді.

Бүкіл болмысыммен сенемін, Мұхаммед алейһиссалам Оның құлы және пайғамбары. Оны бүкіл адамзатқа мейірім және бүкіл адамзатқа сүйеніш, әрі дәлел ретінде жіберген. Ол жіберілген кезде адамдар болуы мүмкін болған жағдайлардың ең жаманы ішінде еді. Сауатсыздық қараңғылығына көмілген күйде еді. Діндері ойдан шығарылған, мемлекеттері жалған және жасанды еді. Аллаһу та'ала ақиқат дінін пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам арқылы құнды етті.

Ей, мүминдер, Аллаһ сендердің көңілдеріңді бір-біріңе жақын қылды. Оның ниғметінің арқасында сендер бауыр болдыңдар. Бұдан бұрын бір от шұңқырының жағалауында тұрған едіңдер. Сендерді ол жақтан Ол шығарды. Олай болса, ей, иман келтіргендер! Аллаһқа және Оның Расулына толығымен мойынсұныңдар! Аллаһу та'ала «Расулға мойынсұнған адам Аллаһқа мойынсұнды деген сөз» деген. (Ниса 3)

Ей, иман келтіргендер! Сендерге әр істе, әр жағдайда Аллаһу та'аладан қорқуларыңа насихат етемін. Өздеріңе ұнаған істерің мөлшерінде, сендерге қиын келетін жағдайларда да ақиқатты ұстаныңдар. Мынаны біліп алыңдар, дұрыс сөзден басқа ешбір сөз қайыр мен пайда келтірмейді. Өтірік айтқан адам жаратылысының хикметін адастырды, ал мұны істеген адам құрыды. Ей, адамдар! Тәкәппарланудан сақтаныңдар. Топырақтан жаратылып, қайтадан топыраққа айналатын болмыстың тәкәппарлануы қандай мағынаны білдіреді? Бүгін бар, ертең жоқ болатын бір болмыстың өз-өзін ұнатуы қаншалықты түсініксіз жағдай!

Ей, адамдар! Жұмыс істеңдер және нәпістеріңді келешекте баратын ахиретке дайындаңдар. Алдарыңда шешілуі қиынға соққан нәрселерде Аллаһтың іліміне жүгініңдер. Келесі әлемге өтуден бұрын бір нәрсе дайындаңдар, ол жаққа барған кездеріңде алдарыңнан шықсын.

Аллаһтан қорқыңдар, Оның әмірлері мен тыйымдарын жақсылап тыңдаңдар. Сендерден бұрын келіп-кеткендерден ғибрат алыңдар. Және ұмытпаңдар, Раббыларыңның алдына міндетті түрде барасыңдар және кіші-үлкен барлық істеріңнің өтемін көресіңдер.

Сонымен қатар, Аллаһ қалағанын кешіруі мүмкін. Ол кешіруші.

Өздеріңді жақсылап танып алыңдар, тек өз кемшіліктеріңмен әуре болыңдар. Жәрдем сұралатын жалғыз құдірет иесі – Аллаһу та'ала. Одан басқа ешбір күш ештеңе істей алмайды да, бұза алмайды да.»

 

Хазреті Әбу Бәкірдің үстемдіктерін білдіретін хадис шәрифтердің бірнешеуі төменде:

«Әбу Бәкір – адамдардың ең үстемі. Бірақ пайғамбар емес.» (Дәйләми)

«Әбу Бәкірді жақсы көру және оған рахмет айту әр мүминге уәжіп.» (Дәйләми)

«Аллаһу та'ала Әбу Бәкірге "Сыддық" есімін берді.» (Дәйләми)

«Қияметте Әбу Бәкірден басқа әркімнен есеп сұралады.» (Хатиб)

«Әбу Бәкірдің иманы, бәрінің имандарының жиынтығымен салыстырылса, бәрінен де ауыр басады.» (М.Ч.Гузин)

«Кеудемдегі марифеттердің, білімдердің бәрін Әбу Бәкірдің кеудесіне ағыздым.» (Рәдди рәуафид)

«Әр пайғамбардың досы бар. Менің досым – Әбу Бәкір.» (Дәйләми)

«Жәбірейіл маған келді. Қолымнан ұстады. Үмбетімнен біреудің жәннат есігінен ішке кіргенін маған көрсетті. Әбу Бәкір "Йа, Расулаллаһ! Ол жақта сенімен бірге болуды қалаймын" деді. Ей, Әбу Бәкір! Үмбетім арасынан жәннатқа бәрінен бұрын сен кіресің, – деді.» (Тирмизи)

Сүйіспеншілік, байлану көп болса, пайдалану да соншалықты көп болады. Сондықтан хазреті Әбу Бәкір бүкіл сахабалардың ең үстемі болды. Расулуллаһқа байлануы да бәрінен артық еді. «Әбу Бәкірдің үстемдігі намаз бен оразасының көптігінен емес, оның жүрегіндегі бір нәрсенің себебінен» хадис шәрифінде білдірілген нәрсе – Расулуллаһқа деген махаббат. (И.Ғазали)