Сүннеттің түрлері
Сұрақ: «Сүннетімді тәрк еткенге шапағатым харам болды» хадис шәрифін ислам ғұламалары қалай ашықтап түсіндірген? Жауап: Сүйікті пайғамбарымыздың өзінен болған әмірлеріне немесе жасаған ғибадаттарына «сүннет» делінеді. Сүннет екіге бөлінеді: 1. Сүннети худа 2. Сүннети зауаид
1) Сүннети худа: Бұған «сүннети муаккада» деп те айтылады. Бұл сүннет ислам дінінің нышаны, ерекшелігі, басқа діндерде жоқ. Сүйікті пайғамбарымыз бұларды әрқашан орындап жүрген, тәрк еткен кездері өте аз болған. Тәрк еткендерге ештеңе демеген. Ал анда-санда тәрк еткен сүннеттерге «ғайри муаккада» делінеді. Муаккада сүннеттерін үзірсіз, үнемі тәрк ету мәкрух болып, кіші күнә болады. Ал намаздың ішіндегі муаккада сүннеттерін тәрк ету тахриман мәкрух болады. (Рәддул Мухтар) Дініміздің бүкіл үкімдері Құран кәрімнен шығуда. Ол үкімдер үшке бөлінеді: а) Мағыналары ашық болған және ғалымдар тарапынан шығарылған үкімдер. б) Мүжтәһидтер тарапынан ижтиһадпен шығарылатын үкімдер. (Дәреттің парызы Ханафиде төрт, Ханбәлиде он, осы сияқты үкімдер.) с) Үшінші бөлігі жасырын. Аллаһу та’ала білдірмейінше ешкім түсіне алмайды. Бұлар тек сүйікті пайғамбарымызға білдірілген. Бұл үкімдер Құран кәрімнен шығарылса да, сүйікті пайғамбарымыз тарапынан ашықталып баяндалғандықтан «сүннет» делінеді. (Мәктубат Раббани 2-том, 55-мәктуб) Азан айту, жамағатпен намаз оқу сияқты сүннеттер «сүннети худа» деп аталады. (Хадиқа)
2) Сүннети зауаид: Сүйікті пайғамбарымыздың ғибадат ретінде емес, әдет ретінде үнемі істеп жүрген істеріне «сүннети зауаид» делінеді. Зауаид сүннеттерін тәрк ету мәкрух емес. Пайғамбарымыздың киінуі, жақсы істерді оң жақтан бастауы сияқты істері «сүннети зауаид» деп аталады. (Рәддул Мухтар) Хадиси шәрифте былай делінген: «Парызға байланысты болған және байланысты болмаған сүннет бар. Парыздағы сүннеттің негізі Аллаһтың кітабында. Бұл сүннетті (сүннети худаны) алу хидаят, ал тәрк ету адасушылық. Басқа сүннетті (сүннети заиданы) алу фазилет (құнды), ал тәрк ету күнә болмайды.» (Табәрани) Пайғамбарымыздың әдет ретінде жасаған істерін жасамау бидғат болмайды. Оларды жасау немесе жасамау елдердің және халықтардың өз әдеттеріне байланысты болып, діни үкімдерден емес. Әрбір елдің әдеттері әртүрлі болады. Тіпті елдің әдеттері уақыт өтумен өзгереді. Әйтсе де әдетке байланысты нәрселерде де (үзір, қиындық туындамаса) пайғамбарымызға бағыну, дүние және ахиретте адамның көп нәрселерге қауышуына және әртүрлі бақыттарға жол ашады. (Мәктубат Раббани, 2-том, 55- мәктуб) Кітап және сүннет деп келгенде, бұл жердегі сүннет сөзі, хадис шәриф деген мағынаны білдіреді. Парыз және сүннет делінген кезде, бұл жердегі сүннет сүйікті пайғамбарымыздың жасаған істерін білдіреді. Сүннет сөзі жалғыз қолданылса, «Ислам» дегенді білдіреді. Бұл сүннетке мойынсұнғандарға «Әһли сүннет» делінеді. (Жәуһара) Шәйхул Ислам ибн Кемал Пашазада хазреттері «Шархи хадиси әрбаин» кітабында «Сүннетімді тәрк еткенге шапағатым харам болды» хадис шәрифінің түсініктемесінде былай дейді: «Бұл хадис шәрифтегі сүннет – «Ислам діні» дегенді білдіреді. Өйткені мүмин үлкен күнә істесе де шапағаттан махрұм қалмайды. Хадис шәрифте былай делінген: «Үмметімнен үлкен күнә істегендерге шапағат етемін.» (Әбу Дауд) Бұдан аңғарылатыны Әһли сүннеттен айрылғандар шапағатқа қауыша алмайды. (Шира) «Үмметімнің арасында фитна, бүлік жайылған кезде сүннетіме жабысқан адамға жүз шәһидтің сауабы беріледі»- хадис шәрифі, бүлік шыққан кезде әһли сүннет уәл жамағат сенімінде болып, бес уақыт намазды жамағатпен оқығанға жүз шәһидтің сауабы берілетінін білдіруде. (Риядун Насихин) Сондықтан алдымен әһли сүннет сеніміне сай иман ету, кейін харамдардан сақтану, кейін парыздарды орындау, кейін мәкрухтардан сақтану, кейін муаккада сүннеттерін, содан соң мүстаһабтарды орындау керек. |