16 - Шабан, 1445 жыл.
     26 - Ақпан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Иман және Ислам" кітабы / Аллаһу та’аланың бар екеніне сену

Аллаһу та’аланың бар екеніне сену

-1-

АЛЛАҺУ ТА’АЛАНЫҢ БАР ЕКЕНІНЕ СЕНУ

Адам бала кезінде-ақ айналасында көргендерінің қайдан келгенін, қалай түзілгенін зерттей бастайды. Бала өскен сайын өмір сүріп жатқан осы әлемінің қаншалықты ғажайып туынды екендігін түсініп, таңырқайды. Әсіресе жоғары білім алып, күн сайын айналадамызда байқалып жүрген бүкіл заттар мен жаратылыстардың нәзіктігін үйрене бастағанда, қайран болады. Адамдардың үлкен жылдамдықпен ғарышта жалғыз айналып тұрған, іші отқа толы, дөңгелек (екі ұштары біраз сығыңқы) жер шары бетінде тек жердің тартылыс күшімен қалып өмір сүруі қандай үлкен ғажайып. Ал айналамыздағы таулар, тастар, теңіздер, жанды болмыстар мен өсімдіктер қандай үлкен құдіреттің арқасында пайда болуда, өсуде және әр түрлі ерекшеліктер көрсетуде. Жануарлардың бір бөлігі жер бетінде өмір сүрсе, бір бөлігі ауада ұшады, ал бір бөлігі суда өмір сүреді. Күн, ақылымызға келуі мүмкін болған ең жоғары температурамен қамтамасыз етіп, өсімдіктердің жетілуін, ал кейбірлерінің ішінде химиялық өзгерістерге себеп болып, ұн, шекер және алуан түрлі заттардың пайда болуын қамтамасыз етеді. Алайда жер шары – әлемдегі өте ұсақ бір болмыс болып табылады. Күн және айналасында айналатын планеталардан құралған, құрамында біздің де шарымыз бар болған күн жүйесі әлемдегі саны беймәлім жүйелердің тек бірі ғана. Әлемдегі ғажайып күш пен қуатты түсіндіру үшін бір кішкентай мысал келтірейік: Адамдардың ең соңғы қол жеткізген энергия көзі – атомдарды бөлшектеу немесе біріктіру арқылы пайда еткен атом энергиясы. Алайда, адамдардың «Ең үлкен энергия көзі» деп санаған атом бомбасының энергиясын үлкен жер сілкінісінен шыққан энергиямен салыстыратын болсақ, бұл энергияның он мыңдаған атом бомбасының энергиясынан көбірек екендігі байқалады.

Адам, өз денесінің қандай ғажайып фабрика және лабаратория екенінен хабарсыз. Алайда, тек тыныс алудың өзі бір үлкен химиялық құбылыс. Ауадан алынған оттегі денеде азық бөлшектерін жаққаннан кейін көмірқышқыл газы күйінде сыртқа шығарылады.

Асқорыту жүйесі болса, зауыт сияқты. Ауыз арқылы кірген азықтар мен сусындар асқазан мен ішектерде бөлшектеніп ұсақталғаннан соң, денеге пайдалы бөлігі аш ішектен сүзіліп қанға араласады және қалдығы сыртқа шығарылады. Бұл ғажайып құбылыс тұрақты және автоматты түрде, үлкен жүйелікпен орындалуда, ағза зауыт сияқты жұмыс атқаруда.

Адам денесінде әр түрлі және тым аралас формулалы заттар түзетін, әр түрлі химиялық реакцияларды жүзеге асыратын, анализ жасайтын, емдейтін, тазартатын, улы заттарды жоятын, жараларды жазатын, түрлі элементтерді сүзетін, күш-қуат беретін жүйенің бар болғанындай, тамаша электр желісі, басқару жүйесі, электрондық компьютер, хабар беру құрылғысы, жарық, дыбыс қабылдау, қысым жасау және реттеу жүйесі, микробтармен күресу және оларды жою жүйесі бар. Ал жүрек, еш тоқтаусыз жұмыс істейтін ерекше сорғы (помпа). Бұрын еуропалықтар «Бір адамның денесінде көп мөлшерде су, біраз кальций, фосфор, бейорганикалық және органикалық заттар бар. Осы себептен адам денесінің құны бес-он ақша тұрады» дейтін еді. Қазіргі таңда Америка университеттерінде жасалған есептер адам ағзасында үздіксіз туындап отыратын әр түрлі құнда гормондар және ферменттер мен бірқатар органикалық заттардың ең кем дегенде миллиондаған доллар құнында екендігін мәлімдеген. Әсіресе, бір америкалық профессордың айтқанындай, «Осындай құнды заттарды жүйелі түрде үздіксіз шығаратын тәртіпті жүйе жасауға тырысатын болсақ, әлемдегі барлық ақшалар мұны жасауға жетпес еді.» Алайда, адамның бойында бүкіл осы материалдық кәміл ерекшеліктермен қатар, түсіну, ойлану, есте сақтау, еске түсіру, шешім қабылдау, жақсы көру сияқты орасан зор рухани қуаттар да бар. Бұл қуаттардың құнын өлшеу адамдар үшін мүмкін емес. Демек, адамның денесімен бірге «Рухы» да бар. Дене өледі, бірақ рух өлмейді.

Жануарлар әлеміне назар салатын болсақ, Аллаһу та’аланың шексіз құдіреті адамды толықтай қайран қалдырады. Кейбір жанды махлұқтар өте кішкентай болғандығы соншалық, оларды тек микроскоп арқылы ғана көре аламыз. Кейбірлерін көре алу үшін (мысалы вирустарды зерттеу үшін) миллион есе үлкейтіп көрсететін электрондық ультра микроскопқа қажеттілік бар.

Ең үлкен жіп шығаратын фабрикаларда түрлі құрылғылармен шығарылған жасанды жібектің мөлшері кішкентай жібек құрты шығаратын жібек мөлшерінен әлдеқайда аз. Егер шырылдауық шиланның (цикаданың) бойы біздің дыбыс шығаратын құрылғылардай үлкейтілетін болса, жасалған нәзік есептер бойынша, шығарған дыбысы әйнектерді сындырып, дуалдарды құлататын еді! Сол сияқты, жарық қоңыз көшедегі үлкен шамның көлеміндей үлкейтілсе, бүкіл бір ықшамауданды күндізгідей жарықтандыра алар еді. Осындай ақылға симайтын дәрежеде кәміл және керемет туындыларға таң қалмау мүмкін бе? Бұлар Аллаһу та’аланың бар екендігін, ұлылығын, құдіреттілігін көрсетуге жеткілікті емес пе? Олай болса, бізге тек ұсақ бір бөлшегі ғана көрінетін бұл әлемнің бір жаратушысы, түсінуге ақылымыз жетпейтін ұлы құдірет иесі бар. Бұл жаратушының мүлдем өзгермеуі және мәңгі бар болуы керек. Міне, осы жаратушы – «АЛЛАҺУ ТА’АЛА». Исламның алғашқы негізі – Аллаһу та’аланың бар екендігіне және сипаттарына сену.

Айналамызға зер салып, тарихымызға көз жүгіртетін болсақ, денелердің жоқ болып, басқа денелердің пайда болғандығын көреміз. Ата-бабаларымыз, ескі ұлттар жоғалды, ғимараттар, қалалар жоқ болып кетті. Бізден кейін де басқалары келеді. Ғылым бойынша, осы үлкен өзгерістерді жасайтын күштер бар. Аллаһқа сенбейтіндер: «Бұларды табиғат жасайды. Барлық нәрсені табиғат күштері жаратады» деп санайды. Біз оларға: «Автомобильдің бөлшектері табиғат күштері арқылы бір жерге жиналған ба? Судың ағысымен оңнан солға ауған толқынның әсерімен бір жерге жиналған қоқыс сияқты бір жерге жиналды ма? Автомобиль табиғат күштерінің қақтығысуымен қозғалады ма?» – десек, бізге күліп: «Бұлай болуы мүмкін бе? Автомобиль – ақылмен, есеппен, жоспармен, көптеген адамның мұқият жұмыс істеуі арқылы шығарған өнер туындысы. Автомобиль мұқиятты түрде, ақылмен, әрі жол ережелеріне бағыну арқылы, жүргізуші тарапынан жүргізіледі» демейді ме? Табиғаттағы әрбір жаратылыс та осындай өнер туындысы болып табылады. Бір жапырақтың өзі бір ғажайып фабрика. Құмның бір түйіршігі, бір жанды жасуша – қазіргі таңда ғылым түсіне алатын нәзік өнер туындылары болып табылады. Қазіргі таңда жаратылыстану ғылымдарының тапқан жаңалықтары, жетістіктері деп мақтанып жүргеніміз – табиғаттағы осы тамаша өнерлердің бірнешеуін көре алу және оларға еліктеу. Ислам дініне қарсы болғандардың өздерінің көсемі ретінде көрсеткен ағылшын дәрігері Дарвиннің өзі «Көздің құрылымындағы өнер шеберлігін ойласам, таң қалуымнан төбем атылатындай болады» деген. Бір автомобильдің табиғат күштерімен кездейсоқ пайда болғанын қабылдамайтын адам, басынан бастап өнер туындысы болған тамаша әлемді табиғат жаратты дей алады ма? Әрине, олай айта алмайды. Есебі, жоспары, білімі, шексіз құдіреті бар болған бір жаратушының істегеніне сенбейді ме? «Табиғат жаратты, кездейсоқ пайда болды» деп айту надандық және ақымақтық болмайды ма?

Аллаһу та’аланың  санауға келмейтіндей үлкен тәртіп және жүйемен, үйлесімділікпен жаратқан болмыстары кездейсоқ пайда болды дейтіндердің сөздері сауатсыздыққа тән және ғылымға қайшы. Мысалы, бетіне бірден онға дейінгі сандармен нөмірленген он тасты бір дорбаға салайық. Оларды қолымызбен дорбадан біртіндеп, ретімен, яғни алдымен 1-ші нөмірлі тасты, кейін 2-ші нөмірлі тасты және соңында 10-шы нөмірлі тасты алуға тырысып көрейік. Алынған тас ретімен шықпаса, шығарылған тастардың барлығы қайтадан дорбаға салынады және қайтадан бірінші нөмірден бастап шығаруға тырысады. Он тасты нөмір ретімен алу ықтималы он миллиардта бір. Он дана тасты ретімен алу ықтималы осыншама аз болса, онда әлемдегі сансыз жүйелердің кездейсоқ пайда болуына мүмкіндік те, ықтимал да жоқ.

Пернетақтамен жазуды білмейтін адам пернетақтаға қарамай, кездейсоқ әріптерді бес рет басса, шыққан бес әріпті сөздің қазақ немесе басқа бір тілде мағына білдіруі қаншалықты мүмкін? Ал егер пернетақтадағы кездейсоқ пернелерді басу арқылы бір сөйлем жазуды көздесе, мағыналы бір сөйлем жаза алатын ба еді? Ал осылай кездейсоқ пернелерді басумен бір бет немесе бір кітап жазылған жағдайда, сол бетте немесе кітапта белгілі бір тақырып кездейсоқ бар болады деп санайтын адамға «Ақылды адам» деуге болады ма?

Денелер жоқ болуда. Олардан басқа денелер пайда болуда. Алайда, соңғы химиялық біліміміз бойынша, 105 элемент ешқашан жоқ болмайды. Тек құрылымдары өзгереді. Радиоактивті құбылыстар элементтердің, тіпті атомдардың да жоқ болатынын, заттың энергияға айналатынын көрсетеді. Тіпті, Эйнштейн есімді неміс физигі осы өзгерудің математикалық формуласын шығарған.

Денелердің үздіксіз вариациялануы, бір-бірінен пайда болуы шексіздіктен  келген жоқ. «Осындай болып келген, осылай жалғаса береді» деп айтуға болмайды. Бұл өзгерудің бір бастамасы бар. Өзгерулердің бастамасы бар дегеніміз – заттардың пайда болуының басы бар және ештеңе жоқ кезде, бәрі жоқтан жаратылған деген сөз. Алғашқы, бірінші болып элементтер жоқтан жаратылған болмағанда еді және бір-бірінен пайда болуы шексіз бұрынға дейін барғанда еді, қазір бұл әлемнің жоқ болуы қажет еді. Өйткені, әлемнің шексіз бұрындары бар бола алуы үшін оны бар қылған заттардың одан да бұрын бар болуы, олардың бар бола алуы үшін басқаларының бұлардан да бұрын бар болуы қажет болады. Кейінгісінің бар болуы алдыңғысының бар болуына байланысты. Алдыңғысы бар болмаса, кейінгісі де бар болмайды. Шексіз бұрын дегеніміз – еш бастамасы жоқ деген сөз. Шексіз бұрында бар болу дегеніміз – алғашқы, яғни бастама болған бір болмыс жоқ деген сөз. Алғашқы, бірінші болмыс болмаса, кейінгі болмыстар да бола алмайды. Барлық нәрсенің әрдайым жоқ болуы керек болады. Әрбірінің бар болуы үшін одан бұрынғысының бар болуы қажет болған сансыз мөлшерде болмыстардың шынжыры бола алмайды. Барлығының жоқ болуы керек болады.

Әлемнің қазір бар болуы шексіздіктен бар болып келмегендігін, жоқтан бар етілген алғашқы болмыстың бар екендігін көрсететіндігі аңғарылды. Әлемнің жоқтан бар етілгендігі, алғашқы жаратылыстан пайда болып, бүгінгі әлемнің бар екеніне сенуді талап етеді.

Бір жаратушының бар екенін жоққа шығарып, барлық нәрсенің табиғат тарапынан өздігінен пайда болғандығын айтатындар «Бүкіл діни кітаптарда әлемнің алты күнде жаратылғаны жазылған. Алайда, қазіргі таңда жасалған зерттеулер, әсіресе радиоизотоптармен жасалған өте нәзік есептер әлемнің миллиардтаған жылдар бұрын пайда болғанын көрсетеді» дейді. Әлемнің миллиардтаған жылдар бұрын пайда болуы қанша уақытта жаратылғаны жайында  мәлімет бермейді ғой, бұл сөздерінің құны бола алатындай. Қасиетті кітаптарда жазылған алты күннің қазіргі 24 сағаттық күнмен қандай қатысы болуы мүмкін? 24 сағаттық күн адамдар тарапынан қолданылатын уақыт өлшемі. Қасиетті кітаптарда айтылған күннің ұзақтығының қаншалықты екенін біз білмейміз. Бұл алты күннің әрбірі біз қабыл еткен уақыт бойынша өте ұзақ ғасырларға созылатын геологиялық кезеңдер болуы мүмкін. Сәжде сүресінің 5-ші аятында: «Аллаһтың құзырында бір күннің мөлшері сендердің санауларың бойынша мың жылға тең» делінген. Қасиетті кітаптың Жаңа өсиет бөлімінде Петрустың 2-ші хатының 3-ші бабының 8-ші аятында «Мынаны ұмытпаңдар, Рабтың құзырында бір күн мың жылға сияқты» делінген.

Алғашқы адам және алғашқы пайғамбар болған Адам алейһиссаламның қашан жаратылғанын біз біле алмаймыз. Адамзатты дүние құрылған алғашқы күннен бастап дүниеде бар болғанын айта алмаймыз. Адам Аллаһу та’аланың бұйрығымен және оның жаратуымен дүниеге келді. Дарвиннің «Эволюция» теориясы бойынша алғашқы адам ретінде қабылданған Неандерталдықтардың бірте-бірте қазіргі адам қалпына келгендігін қабылдау мүмкін емес. Әсіресе кейбір адамдар санап жүргендей, адам әуелі төрт аяқпен жүргенін, көптеген ғасырлардан кейін екі аяқпен жүре бастағанын мәлімдеу ешқашан ғылым мен логикаға сай келмейді. Өйткені, ең алғаш жаратылған махлұқтың бүгінгі кәмілдікке жетуі мүмкін емес. Олай болса, төрт аяқпен жүрген түрдің адам емес, басқа бір махлұқ болуы керектігін және басқа да көптеген ескі махлұқтармен бірге жойылып кеткенін қабылдауымыз керек. Бүкіл дін кітаптары алғашқы адамның «хомо сапиенс», яғни екі аяқпен жүрген және ойлана алатын махлұқ болғанын білдіруде және шынында, жоғарыда айтқанымыздай, төрт аяқпен жүрген, жануардан айырмашылығы болмаған бір жаратылыстың бүгінгі адамға айнала алатынын Дарвиннің өзі де дәлелдей алмаған.

Бүкіл діни кітаптар алғашқы адам ретінде Адам алейһиссаламды білдірген. Адам алейһиссаламға қатысты «Өгізді өрісте жайғанын, бидай еккенін, өзіне үй соққанын, оған он сухуф (форма, кітап) түсірілгенін» білдіруде. Сиырды қолға үйрету, үңгірде тұрмай, өзіне үй жасау, бидай егу және жинап алу және «уахи алу» қасиеті бар болған алғашқы адамның әлемнің соңғы дәрежеде дамыған заманда жаратылғандығы, төрт аяқпен жүретін, інде өмір сүретін махлұқтармен ешқандай қатысы жоқ екендігі аңғарылуда.

Мұсылман ең алдымен Аллаһу та’аланың бар екеніне, ұлылығына, бір екендігіне, тумағанына, туылмағанына, әрдайым және өзгермейтін екендігіне бүкіл жүрегімен сенеді. Бұл сенім Исламның алғашқы шарты болып табылады.