12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Қажылық / Қажылықтың шарттары

Қажылықтың шарттары

Сұрақ: Қажылықтың шарттары қандай?

Жауап: Қажылықтың ужуб және әда шарттары бар.

Ужуб шарттары мыналар:

1- Мұсылман болу.

2- Кәпір мемлекетте тұратын адамның қажылықтың парыз екендігін естуі.

3- Балиғат жасына толған болу.

4- Еркін болу.

5- Нафақадан артық, қажылыққа барып келуіне және үйіндегілерге жететіндей ақшасы болу.

6- Қажылық уақытының келген болуы. (Қажылық уақыты арапа және құрбан айт күндері, яғни бес күн.)

7- Қажылыққа бара алмайтындай соқыр, ауру, кәрі және мүгедек болмау.

 

Әда шарттары мыналар:

1- Қамауда немесе қажылыққа баруға тыйым салынған болмау.

2- Қажылық үшін жүретін жолында және қажылық жерінде амандық және сенімділік ішінде болу.

3- Әйел, күйеуінің немесе мәңгі махрем туысынан фасық немесе мүртәд болмаған, балиғат жасына толған немесе балиғатқа жетпесе де ақыл-есі бар бір еркекпен бірге баруы керек. Оның да жол кіресін бере алатындай әйелдің бай болуы керек. Хадис шәрифте былай бұйырылды:

«Әйел жанында бір махремі болмастан қажылыққа бара алмайды.» (Бәззар)

(Шафии мазһабында әйелдер махремсіз де парыз болған қажылыққа бара алады. Әйелдің махрем туысының қажылық жолында қайтыс болуы Шафии мазһабын тақлид етуі үшін үзір-себеп болады.) Әйел еркексіз қажылыққа бара алмайды. Барған жағдайда қажылығы сахих болғанымен үлкен күнәға кірген болады.

4- Әйелдің иддәт халінде болмауы. (Иддәт: Күйеуінен ажыраған әйелдің үш рет хаиз болып тазаланғанға дейінгі өтетін уақыт)

(Ужуб шарттары және әда шарттары бойында табылған адамның (яғни осы шарттарға сай адамның) сол жылы қажылыққа баруы парыз болады. Ол жылы қажылық жолында өлсе, қажылық парызы мойнынан түседі. Орнына уәкіл жіберілуі үшін өсиет етуі керек болмайды. Ол жылы бармаса күнә болады. Кейінгі жылдарда қажылық жолында немесе үйінде ауырып, қамауға алынып, мүгедек болса, орнына басқа адамды уәкіл етіп жіберуі және ол үшін өсиет етуі керек болады. Уәкіл жібергеннен кейін жақсы болса (жазылса), өзінің де баруы керек болады. Кейінгі жылдары барса, тәрк ету күнәсі кешіріледі.)

 

Қажылық үшін бай болудың өлшемі

Сұрақ: Қажылыққа бару үшін байлық мөлшері қанша болу керек. Зекеттің мөлшеріндей мал-мүлкі, ақшасы болған адамның қажылыққа баруы парыз бола ма?

Жауап: Зекет мөлшеріне ие болмаса да, қажеттілігінен артық қажылыққа барып келе алатын және артында қалған адамдарға жететіндей ақшасы бар болған адамға, басқа шарттарына да сай болса, қажылыққа баруы парыз болады. Қажеттіліктің біріншісі нафақа болып табылады. Нафақаға асүйлік заттар мен азық-түліктер, киім-кешек, үй заттары және үй жатады. Мінетін жануары немесе машинасы, шеберханалық аспаптары, кәсіби немесе дәрс кітаптары да қажеттілік заттарына жатады. Бір жылдық азық-түліктер немесе ақшасы нафақа болып саналады. Саудагердің, қолөнершінің, егіншінің өз мемлекеттерінде әдет болған капиталдары (айналымдағы ақшалары) қажылық үшін қажеттілік затына жатады. (Рәдд-ул-Мухтар)

            Меккеге жақын тұратын адамның қажылыққа баруы үшін бай болуы керек емес. Зекет мөлшеріне ие болған байдың қажылыққа барып келе алатындай және үйінде қалатын бала-шағасының қажеттілігін қамтамасыз ететіндей ақшасы жоқ болса, қажылыққа баруы парыз болмайды. 

 

Қажылықтың уақыты

Сұрақ: Бір адамның жағдайы қажылық уақыты келмей тұрып ужуб шарттарына сай болса, оған қажылық парыз бола ма? Әлде қажылық уақыты келген кездегі жағдайына қарала ма?

Жауап: Қажылық уақытының келген болуы ужуб шарттарының бірі болып табылады. Қажылық уақыты арапа және құрбан айттың төрт күні, яғни бес күннен тұрады. Жолына кететін уақытты да есепке алып, осы уақыттың басында ужуб шарттарына сай болған адамның өмірінде бір рет қажылыққа баруы парыз болады. (С. Әбәдийа)