12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Осылай Аллаһ дегеніңде ғой!

Осылай Аллаһ дегеніңде ғой!

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Аллаһу та'ала ең сүйікті құлдарына «Аллаһ» деп айтсын деп көп дерт пен бәле-жала береді. Әр «Аллаһ» деген сайын ағаштан жапырақ төгілгендей бұл құлдың күнәлары төгіледі. Ал жақсы көрмейтін құлдарына жалпы қалағанының бәрін береді. Пайғамбарымыз: «Күнәлары кешірілгенге дейін мүминге бәле-жала мен ауру келе береді» деген. Әулиелеріміз де «Дерт пен бәле-жала күнәлардың көп кешірілгенін көрсетеді. Күнәлардың көп екенін көрсетпейді» деп білдірген.

Бір дәруишке, жылдар бойы ұстазына қызмет еткен болса да, ешқандай рухани дәреже берілмейді. Бір күні дәрет алып жатқанында Аллаһу та'ала уақыттың ішінде уақыт жаратады. Өзін бір бөтен елде көреді. Ол елде бойдақ адам қалдырмайды екен, мәжбүрлеп үйлендіреді екен. Жергілікті адамдар одан «Әйелің бар ма?» деп сұрайды. Ол «Өз елімде бар еді, бұл жақта әйелім жоқ» деп жауаптайды. «Онда сені үйлендіреміз. Егер өтірік айтсаң, ұрлық жасасаң және ғайыптан сөйлесең, әрбірі үшін бір талақ болады, үшеуін де істесең, үш талақпен әйеліңмен ажырасқан боласың. Ал әйеліңмен ажырасқаннан кейін мына көріп тұрған тауыңның төбесіне шығарып, төменге тасталып өлтірілесің. Осыған қарап әрекет ет!» дейді.

Дәруиш амал жоқтан үйленеді. Ауа-райының бұлтты болғанын көргенде «Жаңбыр жауады» дейді. Әйелі «Ғайыптан хабар бердің, бір талақ кетті» дейді. Күйеуі бақшаның шетіндегі алманы алып келеді. «Бұл алма арықтан аққан сумен келді, мен де алдым» дейді. Әйел алманы танып, «Бұл көршіміздің алмасы, сенің өтірік айтуыңмен тағы бір талақ кетті, алманы ұрлағаның үшін үшінші талақ та кетті» дейді.

Бұл жағдай сотқа өтеді. Заңның шарты бойынша дәруиштің жартастардан лақтырылып өлтірілуіне шешім беріледі. Қызметкерлер дәруишті жұлқып, жартастан төменге лақтырады. Дәруиш ауада құлап бара жатып «Аллаһ!» деп айқайлағаны соншалық, жартастар дірілдегендей болады. Бірден көзін ашса, өзінің дәрет алып жатқан жерде жатқанын көреді. Ұстазы да осы жерде екен. Дәруишке «Балам, өміріңде бір рет осылай Аллаһ дегеніңде ғой, саған әулиелік дәрежесі берілетін еді» дейді. Дәруиш, лайықты болмаса да, дәреже қалағанының дұрыс емес екендігін түсінеді.