15 - Шәууал, 1445 жыл.
     24 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Иман және Ислам" кітабы / Олар неліктен мұсылман болды?

Олар неліктен мұсылман болды?

-4-

ОЛАР НЕЛІКТЕН МҰСЫЛМАН БОЛДЫ?

Бұл бөлім кітабымыздың «Мұсылмандық және Христиандық» тақырыбының қосымшасы ретінде дайындалған. Ислам діні – ең соңғы және ең кәміл дін. Тіпті атақты ағылшын әдебиетшісі Бернард Шоу: «Дүниеде бір ғана дінді таңдау қажет болса, бұл дін міндетті түрде Ислам діні болады» деген. Бұл қалыпты нәрсе. Өйткені, Ислам діні – қазірге дейін келіп-кеткен барлық діндер душар болған өзгерістерден қорғалған дін. Бір Аллаһқа сенуді әмір ететін, үлкен діндердің бірі болған яһуди дінінде бір мәсихтің келетіндігі білдірілген. Мәсих ретінде келді деп қабылданған Иса алейһиссалам жайған діннің кітабы болған Інжіл жоғалып кеткен. Кейіннен көптеген бөлімдері өзгертіліп, әр түрлі Інжілдер жазылғанына қарамастан, негізгі мәсих ретінде соңғы пайғамбардың (саллаллаһу та’ала алейһи уәсәлләм) келетіні жайында белгілер бар. Ал Барнабас Інжілінде бұл пайғамбардың есімі ашық жазылған. Олай болса, Ислам діні – барлық хақ діндерді біріктірген ең соңғы, ең дұрыс, ең кәміл және Аллаһу та’аланың разылығына ең лайықты болған дін. Жастық шағының бәрі Еуропада, христиандар арасында өткен мәдениетті бір досымыз [доктор Нури Рефет Корур] бізге: «Ата-анамнан мұсылман болып туылдым. Өмірім Еуропада өтті. Ол жерде, қолымда мүмкіндік бар болғандықтан, барлық діндерді зерттеп, бір-бірімен салыстыруға көп уақыт таптым. Егер басқа бір діннің Ислам дінінен үстемірек екенін байқаған болсам, мұсылмандықты тастап, сол дінді қабылдар едім. Өйткені, мені ешкім мұсылман болып қалуға мәжбүрлемеді. Бірақ, жасаған бүкіл зерттеулерім, салыстырмаларым, христиандармен өткізген пікірталастарым Ислам дінінің әлемдегі барлық діндердің үстінде екенін, еш өзгертілмеген хақ дін екенін ашық түрде көрсеткені соншалық, Исламға бүкіл көңіліммен байландым» деген еді.

Өкінішке орай, қазірдің өзінде батыс әлемінде мұсылмандарға «адасқандар», «ақылынан жаңылғандар», «шайтанға табынатындар», «дінсіздер» деп айтып жүрген христиандар бар. Христиан балаларына поптар тарапынан қате мәліметтер үйретілуде, ақыл-зейіндері улануда. Бір жағынан Ислам дінінде мәдениетке сай келмейтін көптеген негіздер бар екендігі жариялануда. Алайда, қазіргі мәдениеткебәрінен де сай келетін дін – Ислам діні. Кітабымыздың «Мұсылмандық және христиандық» бөлімінде осы жайттар қарастырылып, осы қате пікірлерге қажетті жауаптар берілген. Сондай-ақ, бұл бөлімді ағылшын, француз және неміс тілдеріне аударып, бүкіл әлемге тараттық. Осылайша поптар үйретіп жүрген қате мәліметтердің дұрысын жазуға тырыстық. Бұл істің қаншалықты дұрыс және қажетті екендігін де бірден байқадық. Кітаптар әлемге таралғаннан кейін оның әсері бірден байқалды. Үндістаннан келген бір хатта христиан дінінде болған бір үндіс: «“Мұсылмандық және христиандық” атты кітаптарыңызды оқығанда хақ діннің Ислам діні екендін түсіндім, мұсылман болуға шешім қабылдадым» деп жазды. Африкалық жастардан да осындай көптеген хаттар келуде. Ислам дінінің таза, пәк, мәдени және адамгершілік күйін зерттеу мүмкіндігін тапқан әркім бұл діннің тартымдылығына беріледі. Ислам діні ешқандай үгіт-насихат жасалмастан, ешбір ұйым құрылмастан бүкіл әлемге таралуда. Алайда, христиан дінін таратумен айналысатын миссионерлердің ұйымдары бұл іске қыруар қаржы жұмсап, көптеген әлеуметтік көмектер көрсетуде, сонда да көздеген жетістіктеріне жете алмауда.

Исламға қарсы жасалып жатқан барлық қате және дұшпандық басылымдар мен христиан дінін таратуға жұмсалған үрейлі күш-жігерлеріне қарамастан, әлемде мұсылмандардың саны барған сайын артуда. Ілгеріде бұл жайында кеңірек мәлімет табасыз. Бұл мұсылмандардың бір бөлігі мұсылман болып туылғандықтан, мұсылман болып қалған. Бірақ олармен қатар әке-шешесі басқа діннен болып, бала кезінде басқа діннің тәрбиесін алған болса да, мұсылмандықты қабылдаған адамдар да бар. Олардың арасында бүкіл әлемге танылған үлкен дипломаттар, мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, әдебиетшілер, жазушылар, тіпті дін адамдары да бар. Олар Ислам дінін жақсылап зерттегеннен және оның ұлылығына таң қалғаннан кейін қуана-қуана мұсылман болған. Бұлардан басқа бүкіл әлемге танымал болған көптеген тұлғалар ресми түрде мұсылман болмаса да, Ислам дініне үлкен құрметпен қараған, тіпті оның хақ дін екендігіне сенген және мұны айтудан тартынбаған. Бүкіл әлемді таң қалдырған ғалымдар, философтар, саясаткерлер ең әуелі Аллаһу та’аланың бар және бір екендігіне және барлық нәрсені Ол жаратқанына сенеді. Бұл бөлімде осы тұлғалардан бірқатарының сөздері мен пікірлерін көре аласыздар.

Ислам дінін қабылдағандардың арасында мәжбүрленіп, жеке пайда үшін, тіпті жарнаманың арқасында мұсылман болғандар кездесуі мүмкін. Мысалы, мұсылман еркекпен тұрмыс құрғысы келетін басқа діндегі әйел немесе адам қатарынан шығарылып, қайтадан адам құқықтарын иеленуді көздеген үнді қуғыны Ислам дінін жақсылап зерттеместен немесе түсінбестен мұсылмандықты қабылдаған болуы мүмкін. Алайда, атақты ғалымдар мен ұлы тұлғалардың, әдебиетшілердің Ислам дінін тек егжей-тегжейлі зерттегеннен соң ғана қабылдауларының мәні өте зор. Бұл мәдениетті адамдардың неліктен өз діндерін тастап, мұсылмандықты қабылдағаны жайлы түсіндірмелердің ең маңыздылары әртүрлі қайнарлардан және кітаптардан жинақталып, төмендегі беттерде ретімен жазылған. Бұларды оқыған кезіңізде Ислам дінінің не себепті өзге діндерден үстем екенін осы тұлғалардың аузынан естіген боласыздар. Мұсылман болып туылып, өмірі мұсылмандар арасында өткен адам, бәлкім, бұл үстемдіктерді түсінбеуі мүмкін. Бірақ, басқа дінді ұстанып жүргенде Исламды зерттеген адам арадағы айырмашылықты өте жақсы байқайды, түсінеді және бағалайды. Сіз де осы түсіндірмелерді оқыған кезде дініміздің жоғары құндылығын тағы бір рет бағалау мүмкіндігін тауып, мұсылман болғаныңызға Аллаһу та’алаға шүкір етесіз. Соңғы жылдарда «Хақиқат кітап үйі» баспасынан шығарылған кітаптар түрлі тілде ғаламтор жолымен бүкіл әлемге таратылуда. Американың, Африканың және Азияның түкпір-түкпірінен келген хаттарда адамдар Ислам дінін ғаламтордан оқып үйренгенін және мұсылман болғанын айтуда және алғыстарын білдіруде.

Бүкіл осы түсіндірмелерден алынған нәтиже, яғни сыртқы көзбен Ислам дінінің неліктен өзге діндерден үстемірек екендігін білдірген негіздер де қысқартылған күйде 7-ші бөлімде жинақталған.

Кітабымыздың «Мұсылмандық және Христиандық» бөлімінің жалғасы болған бұл бөлімнің сізге Ислам діні жайында жаңа мәліметтер беретіндігіне және Исламның хақ дін екендігін, ұлылығын тағы бір рет көрсететініне сенеміз.

 

Жер мен көкті жаратқан, ағаштарды жасартқан,

Гүлдермен де жасатқан, бір Аллаһ, ол бір Аллаһ!

 

Аллаһ әр жерде хазыр, не істесең ол назыр (көреді),

Не айтсаң да естиді, Ол бар, Ұлы және бір!

 

Біз Аллаһты сүйеміз. Әр бұйрығын тыңдаймыз.

Бес уақыт намаз оқып, Оған қарсы шықпаймыз.

 

Мүмин – жақсы мінезді. Барша да одан разы.

Ешкімге зұлымдық етпес, амалына ол қазы.

 

[Осман Империясы дәуірінде бұл өлең барлық бастауыш мектептерде оқытылатын еді.]