2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Иман және Ислам" кітабы / 18) Профессор Барон Харун Мұстафа Леон (ағылшын)

18) Профессор Барон Харун Мұстафа Леон (ағылшын)

(Профессор Барон Леон Англияның атақты әулетінен шыққан, барон атағын иеленген. Философия ғылымының докторы және басқа ғылыми дәрежеге ие болған профессор Леон 1882 жылы мұсылман болған. Ол Еуропа мен Америкада көптеген ғылыми қоғамдардың мүшесі болды. Әсіресе тіл мен әдебиет саласында маман болған проф. Леон «Isle» журналындағы «Адам сөздік этимологиясы» атты мақаласымен бүкіл әлемнің назарын өзіне тартты. Америкадағы Потомак университеті оған осы мақаласына байланысты «Ғылым магистрі – Master of Sciences» деген атақты берді. Проф. Леон сондай-ақ геология саласының да маманы. Көптеген атақты университеттерге шақырылып, маңызды конференциялар өткізген. 1875 жылы құрылған «Халықаралық тіл, ғылым және көркем өнер – Societe Internationale de Philologie, Science et Beaux-Arts» қоғамының бас хатшысы болып сайланды. «The Philomeths» атты журнал шығара бастады. Оған Сұлтан Абдулхамид ІІ хан, Иран шахы және Австрия императоры тарапынан көптеген атақтар берілген.)

Ислам дінінің ең кемел негіздерінің бірі – бұл діннің мұсылмандардан ешқашан ақылға сыйымсыз нәрсені талап етпеуі. Ислам діні – толығымен ақылға, логикаға сай уағыздалған дін. Ал басқа діндер адамдардан түсініксіз, ақылға сыймайтын, өздері сенбейтін нәрселерге қинап сендіреді, қабылдауын талап етеді. Христиан дінінде бұл мәселеде тек шіркеудің ықпалы болады. Ал мұсылмандықта барлық нәрсені ақылға салуы, тек содан кейін ғана иман келтіруі бұйырылады. Мұхаммед алейһиссалам былай дейді: «Аллаһу та’ала ақыл мен логикаға сай болмаған ештеңе жаратпады.» Тағы бір хадис шәрифте: «Мен сендерге нақты айтамын, кімде-кім намаз оқыса, ораза тұтса, зекет берсе, қажылыққа барса және діннің барлық талаптарын орындаса да, тек Аллаһу та’аланың оған нәсіп еткен ақылы мен логикасын қолдану деңгейіне қарай марапаттайды» делінген.

Иса алейһиссалам жайған таза дінде де осыған ұқсас қағидалар бар еді. Мысалы: «Барлық нәрсені алдымен тәжірибе жаса. Тек жақсы болғанын ғана қабылда» деген сияқты. Бірақ, уақыт өте бұлар ұмытылды. Құран кәрімде «Жұма» сүресінің 5-аятында: «Өздері Тауратты үйрену және қажет еткен нәрселерімен амал етуге міндетті бола тұра, онымен амал етпегендердің жағдайы арқасына кітап артылған есектің жағдайы сияқты» делінген.

Әли (радиаллаһу анһ) былай дейді: «Дүние – қараңғылық. Ғылым – нұр! Бірақ, дұрыс болмаған білім – тек көлеңке ғана.»

Мұсылмандар «Ислам діні – ақиқаттың нағыз өзі» деп иман етуде, Ислам нұрының тек ілім мен логика арқылы жарқырағанын, бұл білімнің тек ақиқат арқылы пайда болғанын, бұл ақиқатты адамдардың тек Аллаһу та’ала берген ақылмен шығарғандығын айтуда.

Аллаһу та’аланың адамдарға мейірім ретінде жіберген соңғы пайғамбары Мұхаммед алейһиссалам қайтыс болғанға дейін оларға ұстанатын жолдарын көрсеткен еді. Соңғы күндерінде мынадай оқиға болған еді:

Мұхаммед алейһиссалам қайтыс боларынан бірнеше күн бұрын басын сүйікті әйелі Айшаның (радиаллаһу анһа) тізесіне қойып, демалып жатқан еді. Мәдинада бүкіл халық Расулуллаһтың науқастанғанына қайғырып, оның күн өткен сайын әлсіреп бара жатқанын көріп, үмітсіздікке беріле бастаған еді. Барлық әйелдер, еркектер және балалар өкіріп жылаған еді. Жылап жатқандар арасында ақ шашты, бозарған реңді, кәрі жауынгерлер де бар еді. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа әл-әмин (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) олардың қолбасшысы, жол көрсетушісі, көсемі, досы, сырласы, бірақ бәрінен бұрын жайған Ислам діні арқасында оларды қараңғылықтан ақиқат нұрына қауыштырған ұлы пайғамбары еді. Исламмен бірге оларға бақыт пен саламаттық орнатқан бұл мүбәрәк пайғамбар енді олармен қоштаспақшы еді. «Пайғамбарымыз өлейін деп жатыр» дегенді ойлаған сайын жүректері тебіреніп, көздерінен жас ағып, үмітсіздікке түсіп жатты.

Ақыр соңында бәрін түсініп, осы үмітсіздікпен Оның алдына келді. Жылап тұрып: «Йа, расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм)! Сіз қатты ауырып жатырсыз. Аллаһу та’ала сізді қасына шақырып, бізден айрылуыңыз мүмкін. Сонда біз сізсіз не істейміз?» деп сұрады.

Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам: «Қолдарыңда Құран кәрім бар» деді. Олар: «Йа, расулаллаһ, Құран кәрімнің көптеген істерде бізге жол көрсететіндігі ақиқат. Бірақ, егер іздегенімізді одан таба алмасақ, сіз де бізден кетсеңіз, бізге кім жол көрсетеді?» деді. Сонда пайғамбарымыз оларға: «Сендерге айтқанымдай амал етіңдер!» деді. Олар: «Йа, расулаллаһ, сіз бізден кеткеннен кейін толықтай басқаша мәселелер туындайды, сіздің хадистеріңіз арасынан бұлар туралы ештеңе таба алмасақ, не істейміз?» деп сұрады.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк басын жастықтан жайлап көтеріп, оларға былай деді: «Аллаһу та’ала әрбір құлына жеке бір жол көрсетуші берген. Бұл жол көрсетуші – ақылы мен ожданы орналасқан жүрегі. Егер осы жол көрсетушіні жақсы және дұрыс қолдансаңдар, ешқашан тура жолдан адаспайсыңдар және Аллаһу та’аланың рақымына қауышасыңдар!» «Истәфти қалбәк, Фә иннәһа тәскуну бил-халал.» Міне, менің таңдағаныма мақтан тұтатын Ислам дінім осы. Бұл дін тұтастай ақыл мен логикаға негізделген шынайы Аллаһтың діні болып табылады.

 

Мал-мүлікпен мақтанып, деме мендей бай бар ма,

Кенеттен бір жел соғып, төңкерсе, сен таң қалма.