4 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     6 - Қараша, 2024 жыл.   


Сәйид Әмир Кулал

Сәйид Әмир Кулал хазреттері Силсилә-и алийаның он төртіншісі. Хазреті Хусейннің тегінен. Ең мәшһүр (атақты) әулиелерден болған Мұхаммед Баба Саммасидің шәкірті және Бахауддин Бұхари хазреттерінің ұстазы. Көзеші (қыштан зат істеуші) болғандықтан, «Гилал» немесе «Кулал» атымен танымал болған.

Өмірінің әр сәтін Ислам дініне сай өткізген, көптеген адамдар оның сұхбаты мен дәрістерінде кәмілдікке жеткен. Анасы былай айтып берген: «Әмир Кулалға жүкті кезімде бір күмәнді азық жесем, ішім ауыратын еді. Сол азықты асқазанымнан шығармағанша ішімнің ауырғаны қайтпайтын. Бұл жағдай үш рет басымнан өтті. Кейін қайырлы бір балаға жүкті екенімді түсіндім. Осыған орай жейтін тамақтарымның халалдан болуына қатты мән беріп, ықтиятты болдым.»

Бір салих кісі қайтыс болатын кезінде жаназа намазын Әмир Кулал хазреттерінің оқуын өсиет еткен еді. Бірақ ол алыс жерде болды. Әлгі кісі қайтыс болғанда сол аймақтың ғалымдары жиналды. Оны шақыру үшін сол жаққа бір адам жіберейік десті. Осыған орай сол жердегі Шәйх Суфи «Хабаршы қажет емес, оған онсыз да мәлім болуы мүмкін» деді. Не болса да, екі адам хабар беруге баратын болып шешіліп, олар дайындала бастады. Тура кететін кезде кенеттен Әмир Кулал хазреттері келіп қалды. Кейін қайтыс болған кісінің жаназа намазын оқыды. Жергілікті ғалымдар бұл жағдайдың оған қалай мәлім болғанын сұрады. Ол мына хадис шәрифтерді айтты:

«Жүрек жүрекке қарайды.»

«Мүмин мүминнің айнасы.»

«Әр ыдыстан ішіндегісі ағады.»

Олар кереметін сұрады. Сонда былай жауаптады: «Әулиелердің кереметі – хақ. Ақыл тұрғысынан да, нақыл тұрғысынан да жаиз. Бұл мәселеде көп нақылдар бар. Сүлейман алейһиссаламның уәзірі Асафтың Бәлкистің тағын бір сәтте Санадан Құдысқа алып келуі сияқты. Тағы бір мысал: Хазреті Омар бір ретінде Мәдинада хұтба оқып жатқанда Ирандағы Ислам әскерін көріп, әскер басына "Ей, Сария, тауға жақында, тауға!" деп бұйырды. Алыста болған Сария сардар және әскер жауынгерлері бұл дауысты естіп, тауға қарай жақындады. Дұшпанның қауіпті шабуылынан қорғанды. Әулиеден көрінген керемет пайғамбарымыздың мұғжизасынан туындайды.»

Өлім ауруында шәкірттеріне мынадай өсиет қалдырды:

«Ілім үйреніп, Мұхаммед алейһиссаламның жолына бағынудан мүлдем айрылмаңдар. Бұл – мүминге бүкіл бақыттардың құралы. Әр мұсылман еркек пен әйелдің өзіне қажет болған діни білімдерін үйренуі парыз. Бұлар ретімен мына білімдер: Иман, намаз, ораза, бай болса зекет пен қажылық, ата-ана ақысын үйрену.

Аллаһу та'аланың өзінен разы болуын қалаған адам ата-анасының разылығын алуы керек. Расулуллаһ алейһиссалам «Аллаһу та'аланың разылығы ата-ананың разылығын алу арқылы келеді» деген. Осы тұрғыдан ата-ананың ақысына мән беру өте маңызды. Сыла-и рахм (туыстарды зиярат ету), көршінің ақысына мән беру, қажетті болған сауда-саттық білімдерін үйрену, халал мен харамды үйрену керек.»

Тағы былай деген:

«Ықыласты болыңдар. Әр істеріңді Аллаһ разылығы үшін істесеңдер, құтыласыңдар. Ықылассыз орындалған амал, бетінде патшаның мөрі болмаған өтпейтін ақша сияқты. Бетінде патшаның мөрі болмаған ақшаны ешкім алмайды. Ал мөр басылған ақшаны бәрі алады. Ықыласпен жасалған кішкентай амал Аллаһу та'аланың дәргейінде үлкен амал сияқты. Ал ықылассыз орындалған көп амалдың Хақ дәргейінде қадірі жоқ. Орындаған әр ғибадаттарыңды және амалдарыңды ықыласпен жасаңдар. Осылайша Аллаһу та'аланың разылығына қол жеткізгендерден боласыңдар.