2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Иман және Ислам" кітабы / 32) Мұхаммед Сүлейман Такеучи (жапон)

32) Мұхаммед Сүлейман Такеучи (жапон)

Аллаһу та’аланың мейірімімен мұсылман болдым. Мұсылман болуға төмендегі себептермен шешім қабылдадым:

1) Ислам дінінде өте күшті бауырмашылдық сезім бар.

2) Ислам діні адамның өмірінде кездесетін барлық қиындықтың шарасын көрсетеді. Дін мен дүниені бір-бірінен айырмайды. Исламда тек рухани мәселелер емес, керісінше адамдарды біріктіру, қай нәсілден, қай категориядан болса да, бір қатарда тұрып ғибадат ету, кедейлерге көмектесу, қайғыға ортақтасу сияқты бүгінгі жүйеге толығымен сай келетін әлеуметтік жағдайлар да қамтылған.

3) Ислам діні рухты да, тәнді де тәрбиелейді. Яғни Ислам діні рухани және материалдық мәселелерді өз ішіне алған.

Исламдағы бауырмашылдық адамдардың нәсіліне де, мансабына да қарамайды. Бүкіл әлемдегі мұсылмандар бір-бірінің бауыры болып саналады. Әлемде мұсылмандар өте көп. Ислам – ақылы толық адамдардың діні. Араб, үнді, ауған, түрік, жапон, қытай болса да, әлемдегі барша мұсылмандар бір-бірлерін бауыр деп біледі. Сол себепті Ислам діні толығымен халықаралық дін. Қазіргі бұзылған, ыдыраған адам қоғамдарын тура жолға салатын  бірден-бір құрал – Ислам діні. Бұл Аллаһу та’ала ихсан еткен дін болғандықтан, қай нәсілден, қай ұлттан болса да, барлығының ұстанатын мазһабтары бар. Ислам діні мәдениет тарихында өте маңызды орын алады, жабайы адамдарды қысқа уақыттың ішінде мәдениеттілікке үйреткен. Ислам діні адамдардың бейбіт және тыныш өмір сүруін қалайды. Олардың бақытты болуы үшін қажетті үкімдерді уағыздаған. Бұл мәселеде басқа діндердің, мысалы христиан немесе буддизмнің бұйрықтары әр түрлі. Бұл екі діннің адамдарды біріктіруі былай тұрсын, адамдардың дүниеден бас тартуын, бір-бірінен алыстауын әмір етеді. Көптеген будда ғибадатханалары биік, шығуы қиын таулардың үстіне салынған. Мұның себебі – ол жерге адамдардың мүмкіндігінше аз баруын қамтамасыз ету. Жапондардың діндері қарастырылатын болса, олардың да бір-бірінен мүмкіндігінше алыс жүруін негізге алғандығы байқалады. Христиандарға келетін болсақ, шіркеулері адам аз жерге құрылған. Іштерін мүмкіндігінше қараңғы ұстаған. Тек соңғы ғасырларда ғана қаланың ішіне кірген. Христиандар адамдардың күнәхар болып туылуын, сол үшін өмір бойы қиындық шегіп өту керектігін айтады. Барлық діндерде дін мен адам өмірі бір-бірінен айрылған, дүниедегі өмірдің тек азапталу екенін айтады.

Алайда Ислам діні адамдарды Аллаһу та’аланың сүйікті құлдары ретінде қабылдайды. Мешіттер ауылдардың дәл ортасына, адамдардың  арасына салынады. Олардың іші тартымды, жарық болады. Адамдар ол жерлерге өз қалауларымен ғибадат жасауға барады. Бірігіп, жамағатпен ғибадат жасайды. Ғибадаттан соң бір-бірлерінің қал-жағдайларын сұрап, керек болса бір-біріне көмектеседі. Исламда мұқтаж адамдарға көмектесу, көмек бере алмаса жылы жүзбен, жылы сөзбен бір мұсылманды қуанту сауап іс болып саналады. Адамда рух және дене болады. Біз өмірімізде ол екеуін де тәрбиелеп,  оларды бір-бірінен бөлмеуге тиіспіз. Міне, Ислам адамның тек рухани қажеттілігін емес, сонымен қатар денесін де есепке алған, екеуіне де өте қисынды, илаһи үкімдер қойған.

Мен жаңадан мұсылман болдым. Мұсылмандықты екі жыл бұрын қабылдадым. Исламның рух пен денені бірге қанағаттандыратынына сенімдімін. Қазір Жапония технологияда қарқынды дамыған мемлекет болып саналады. Жапон халқы осы материалдық жетістігіне байланысты қатты өзгерген. Жапонияда табиғи кендер жоқ. Барлық шикізаттар шетелден келеді. Осыған қарамастан, басқа мемлекеттерге қарағанда жақсырақ және арзанырақ зат жасай аламыз. Ал бұл – үздіксіз еңбектену мен азға қанағат етудің арқасында. Міне, үздіксіз жұмыс істеуге мәжбүр болған жапондардың рухани мәселелермен айналысуға уақыттары жоқ, олар роботқа айналған. Жапондар қазір өздерін еуропалықтардың материалдық өмірлеріне сәйкестендірген. Діндері, имандары қалмаған, руханиятпен байланыстарын үзген. Қазіргі жапондардың қарындары тойған, ақшалары көп. Бірақ рухтары барған сайын кедейленіп, бос кеңістікке айналуда. Рухани кедейліктің қасында материалдық байлықтың қандай құны бар? Денесі әдемі киімдерді киген, бірақ рухы бос болған адамдардың дүниеде қандай пайдасы болуы мүмкін?

Менің ойымша, қазір Жапонияда Ислам үгіттерін жүргізудің дәл уақыты. Өйткені, материалдық болмыс тұрғысынан жетілген жапондар рухтарындағы кемшілікті жақсы сезінуде және өздеріне бір жол көрсетуші іздеуде. Бұл кемшілікті тек Ислам діні ғана толтыра алады. Өйткені, Ислам оларға өмірде де жол көрсетеді. Егер Жапонияда Ислам дінін таныту үшін ұйымдар құрылып, басылымдар жарияланса, екі-үш нәсілден кейін барлық жапондардың мұсылман болатындығына сенімім толық. Егер олай болатын болса, мұсылмандықты бүкіл адамзат пайдаланатын болады.