11 - Шәууал, 1445 жыл.
     20 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Иман және Ислам" кітабы / 35) Фатима Казуе ханым (жапон)

35) Фатима Казуе ханым (жапон)

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін дінімізге деген байланысымыздың барған сайын әлсірегенін көрдім. Жапондар ақырындап американдықтардың өмір салтына үйрене бастады. Бұл өмір салты адамның дінмен байланысын азайтып, оны роботқа айналдырады. Бірақ мұндай материалдыққа көп көңіл бөлетін адамдарда өте үлкен кемшіліктер болды. Мен сол кемшілікті сезіндім, рухым бос еді. Мен мұндай өмірді ұнатпадым. Бір нәрсе жетіспей тұратын, оның не екенін таба алмаған едім.

Біраз уақытқа Токиоға келген бір мұсылманмен кездестім. Оның дін туралы сөздері мен ғибадат тәсілдеріне таң қалдым. Одан бірнеше нәрсе сұрадым. Берген жауаптары мені қуантып, ішімдегі бос кеңістікті толтырды. Ол адам тек бір жаратушының бар екенін, бұл жаратушының біздің бақытты өмір сүруіміз үшін не істеуіміз керектігін білдіргенін, өзінің де Оның бұйрықтарына  мойынсұнатынын айтты. Бұл сөздердің маған қатты әсер еткені соншалық, мен де оның дінін қабылдағым келетінін айтып, мұсылман болдым. Мұсылмандықты қабылдағаннан кейін жаратқанға осынша жақын өмір сүрудің қандай бақыт екенін жүрегіммен сезіне бастадым.

Мұсылмандықтың хақ дін екенін түсіну үшін олардың бір-бірімен амандасқанына назар аударудың өзі жеткілікті. Біз бір-бірімізбен «Қайырлы күн», «Қайырлы түн» деп амандасып қоя саламыз. Олар «Әссәләму алейкум уә рахматуллаһи уә бәрәкатуһ» деп амандасады, бұның мағынасы «Сізге тыныштық пен саулық, Аллаһу та’аланың рахметі мен берекесі жаусын» дегенді білдіреді. Бұдан асқан жақсы сөз, амандасу тәсілі бар ма? Мұсылман досым маған мұсылмандардың не нәрселерге иман ететінін, Исламның қандай негіздерге сүйенетінін және қалай ғибадат жасау керектігі туралы көптеген құнды мәліметтер берді. Бұл мәліметтер өте қарапайым, әрі қисынды еді. Исламның таза, қарапайым, қисынды, бейбіт өмірді орнататын дін екенін көріп, оған сендім. Жеке өмірде болсын, әлеуметтік өмірде болсын адамдар бейбіт, тыныш өмір сүруі үшін осы дінге бағынуы керек. Сондықтан мен өзім тыныш және бақытты өмірге қауышқаннан кейін барлық отбасымның мүшелерін, достарымды, туыстарымды мұсылман етуге күш салудамын.