2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   


38) Ибраһим Ву (малайзиялық)

Мен мұсылман болмастан бұрын католик христиан болатынмын. Миссионерлер мені католик қылған еді. Бірақ, бұл дінге онша беріле алмаған едім. Өйткені, дінбасылар үш құдайға сенуімді қалайтын және Иша-и раббаниді, яғни «Иса алейһиссаламның еті нан, қаны шарап екенін білдіретін салтты» және қасиетті нанға табыну керектігін әмір ететін. Папаның күнәсіз екенін, ол не десе де айтқанын істеу керектігін және осыған ұқсас ақылға қонымсыз нәрселерді үйрететін және христиандардың Ислам дініне дұшпан болу керектігін айтатын еді. Егер бұларға сенбесе, адамдардың құритынын айтатын. Дінбасылардан бұлар туралы сұрап, ақылға сыйымды жауаптар күтетінмін. Олардың ешқайсысы бұл мәселеде түсінік бере алмайтын. «Бұлар қасиетті құпия. Ешкімнің ақылы жетпейді» деумен құтылатын. Адам ақылы жетпеген нәрсені қалай қабылдайды? Мен бұл істе бір кемшіліктің бар екенін, христиан дінінің дұрыс дін еместігі туралы ойлап, одан бойымды алыстата бастадым. Дінбасылар Ислам туралы сөз қозғалса дереу: «Мұхаммед өтірікші. Ислам ойдан шығарылған дін» деп айқайлап шыға келеді. «Ол неге жалған дін?» деп сұрасам, оған да дұрыс жауап бере алмайтын. Бұл жағдай мені Ислам дінін зерттеуге жетеледі. Мұсылмандармен кездестім. Олардан діндері туралы сұрадым. Олар біздің дінбасыларға ұқсамайтын. Маған Ислам туралы жақсы мәліметтер берді. Мынаны да айтып өтейін, олар менің сұрақтарыма сенетіндей етіп жауап бергендері соншалық, көз алдымда бір перденің ашыла бастағанын, ішкі дүниемде бір рахат сезімнің орнай бастағанын сезіндім. Бірқатар қисынсыз, қате сенімдерге толы христиан дініне қарама-қарсы бұл дін өте қисынды, ақылға қонымды дін еді. Мұсылмандар бір жаратушыға сенеді. Бұл ұлы жаратушы адамдарды күнәхар деп санамайды, оларға мол ниғмет береді. Берген бұйрықтарының ішінде мен түсінбейтіндей нәрсе жоқ болатын. Ғибадаттары тек Аллаһу та’аланы мадақтау үшін жасалатын. Олар түрлі суреттерге, белгілерге сыйынбайды. Қасиетті кітаптары болған Құран кәрімнің әрбір аяттарының ләззатын рухыммен сезіндім. Ғибадат жасау үшін ғибадатханаға бару міндетті емес. Адам үйінде, не болмаса кез-келген жерде ғибадат жасай алады. Бұлардың барлығы өте керемет, дұрыс және адами нәрселер еді, мен де хақ діннің мұсылмандық екенін қабылдап, қуана-қуана мұсылман болдым.