12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Ең қиын іс

Ең қиын іс

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Дүниеде ең қиын іс – шешім қабылдау. Яғни «Иә» деу керек пе, «Жоқ» деу керек пе? Аллаһ сақтасын, иә дейтін жерде жоқ десе, жоқ деу керек болған жерде иә десе, күпірге де түсуі мүмкін. Бір үлкен әулиеден «Сіз үнемі ұстазыңыз жайлы айтып жүресіз, әрдайым ол жайлы айтып жүретіндей ұстазыңыз сізге не үйретті?» деп сұраған екен. Сонда ол: «Ұстазым маған қай жерде иә деу керек, қай жерде жоқ деу керек, кімді жақсы көру керек, кімді жақсы көрмеу керек, осыны үйретті. Осының өзі маған жетті» деп жауаптады.

Аллаһ үшін ақылдасқан кезде Аллаһу та'ала ең жақсысын алдымызға шығарады. Ақылдасу, біреуден ақыл сұрау нәпісті сындырады. Ал сұрамау нәпісті құтыртады. Сұрай алмау – тәкәппарлықтың белгісі.

Ешкім білімінің көптігімен мақтанбау керек, өйткені одан да көбірек білетін адамдар бар. Ібіліс періштелердің ұстазы еді. Білімі оны құтқара алмады, өйткені біздің дініміздің үш сатысы бар: Ілім, амал, ықылас.

Ілім жалғыз өзі адамды құтқара алмайды. Егер бір адам білгенімен амал етпесе, «Білген болсаң да, неге орындамадың?» деген сұраққа жауап бере алмайды. Мүлдем білмеу басқа, білгенін орындамау басқа. Ілім бар болса, амал да орындалған болса, жақсы, бірақ «Бұл амалды не үшін істедің?» деп сұрайды. Адамдар ұнатсын, мақтасын деп пе? Әлде Аллаһ ұнатсын, Аллаһ разы болсын деп пе? Аллаһу та'аланы ұмытып, адамдар ұнатсын деп амал еткендер әрі дүниеде, әрі ахиретте құриды.

Адамның діні досының діні сияқты. Жақсы дос таңдаған адам құтылады, жаман дос таңдаған адам оңбайды, құрып кетеді. Айналаның бәрі тұзақ, бұл тұзақтарға түсіп қалу өте оңай. Бұл тұзақтардың орнын білетін жол көрсетуші бар болса, онда қорқпау керек.

Шайтан ең алдымен дін бауыры жайында жаман сөздер айтқызады, жамандатқызады. Егер сондай өсек бар болса, ол отты дереу басынан сөндіру керек. Әйтпесе үлкен пәлекет болады. Ғалымдар айтқан:

«Көзінше дін бауыры жамандалған кезде оған "Үніңді өшір" деген адамға жүз шәһид сауабы беріледі.»

Мүмин топырақ сияқты, қарапайым болады. Ешкімге шағамдамбайды, одан да ешкім шағымданбайды.

Аллаһу та'ала құлдарының дүниеде де, ахиретте де бақытты болуы үшін дін жіберді. Ислам діні – Аллаһқа жеткізетін жол. Діннің әмірлері мен тыйымдарына бағынған адам дүниеде де, ахиретте де бақытты болады.

Ешкім Құран кәрімді өз ақылына салып тәпсірлей алмайды. Құран кәрімнің тәпсірі – пайғамбарымыз алейһиссаламның өмір сүру салты мен үйреткендері. Асхаби кирам (сахабалар) тәпсірді көрді. Мұны бәрінен жақсы сахабалар түсінеді. Олар да шәкірттеріне үйретті. Олар да кітаптарына жазып қалдырды және осылайша төрт хақ мазһаб пайда болды. Мазһабтар кейіннен шыққан жоқ. Асхаби кирамның бәрі мүжтәһид еді.