2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Иман және Ислам" кітабы / ҚҰРАН КӘРІМ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ТӘУРАТ ПЕН ІНЖІЛДЕР (Кіріспе)

ҚҰРАН КӘРІМ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ТӘУРАТ ПЕН ІНЖІЛДЕР (Кіріспе)

- ІІІ -

ҚҰРАН КӘРІМ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ТӘУРАТ ПЕН ІНЖІЛДЕР

 

КІРІСПЕ

  Қазіргі таңда әлемдегі үш үлкен діннің, яғни мұсылмандық, яһудилік және христиандық өкілдерінің қолдарында өздері «Аллаһтың сөзі» деп қабылдайтын кітаптар бар. Яһудиліктің (Мусауилік) кітабы – «Тәурат». Христиандықтың (Исауиліктің) киелі кітабы – «Інжіл /Библия/ – Қасиетті кітап». Бұл кітап «Ескі өсиет» (Тәурат) және «Жаңа өсиет» (Інжілдер) және оларға қосылған кітапшалар болып екі бөлімнен тұрады. Ал мұсылмандардың қасиетті кітабы – «Құран кәрім».

  Христиандар тәңір дәрежесіне көтерген Иса алейһиссаламды біз мұсылмандар пайғамбар ретінде танимыз. Пайғамбар болғандықтан Аллаһу та’аланың Оған бір кітап беруі табиғи нәрсе. Сондықтан да Иса алейһиссаламның кітабы болған шынайы Інжіл «Аллаһтың сөзі» екендігі күмәнсіз. Бірақ, қазір бұл шынайы Інжіл жоқ. Қазіргі христиандардың қолындағы Інжілдерде бұрынғы шынайы Інжілден қалған аздаған бөлшегі ғана бар. Шынайы Інжіл ибрани тілінде жазылған еді. Ол қысқа уақыт ішінде яһудилердің қастандық әрекеттерінің себебінен жоғалып кетті. Қате мәліметтер жазылған әр түрлі Інжілдер пайда болды. Бұл кітаптар кейіннен грек және латын тілдеріне қате түрде аударылды, оларға көптеген бөлімдер енгізілді, әрдайым өзгерістерге ұшырап, осылайша көптеген Інжілдер жазылды. Олардың көпшілігі түрлі рухани мәжілістерде қабылданбай, ақыр соңында қазіргі төрт Інжіл қалған.

Мұның дәлелі алдағы беттерден шығады. Бірақ, оған әлі күнге дейін өзгертулер, түзетулер, түсіндірмелер енгізілуі жасалуда. Құран кәрім болса пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) уахи болып келген күнінен бастап осы күнге дейін бір әрпі де өзгертілместен сол қалпында жеткен.

Бұл айтқандарымыз тек мұсылмандардың ғана сенімі емес. Батыс ғалымдары, теологтар (дін адамдары) қазіргі Тәурат пен Інжілдерді қайтадан зерттеп, оның «Аллаһтың сөзі» емес екендігін дәлелдеді. Ұмытпайық, біз жиырма бірінші ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Әлемде ғылым мен техника қарқынды дамыған, ең сауатсыз халықтардың өзі университеттер ашып жатқан дәуірде, адамдар қандай да бір сенімді «Әкемнен осылай естідім», «Себебін білмеймін, бірақ ұстазым осылай айтты» деп көз жұмып қабылдай салуы мүмкін емес. Қазіргі жастар барлық нәрсенің негізін, себебін қарастырады, ақылы қабылдамайтын нәрсені дереу жоққа шығаруда. Түркияда жыл сайын бірмиллионнан астам жастар университетке түсу үшін емтихан тапсырады. Жаңа ғылым салаларын меңгерген бұл жастардың дін туралы айтылған нәрселерді де ақыл таразысына салатындығы күмәнсіз. Міне, сол себептен қазіргі батыстың дін адамдары да қолдарындағы Тәурат пен Інжілдердің кемшіліктерін көрсетуде. Біз де осыны пайдаланып, қазіргі Тәурат пен Інжілдер және Құран кәрім арасындағы айырмашылықты мұсылман бауырларымызға тағы бір рет түсіндіріп беруді жөн көрдік. Бұл бөлімді жазуда біз американдық діни кітаптардың авторы Хаусердің еңбектерінен де пайдаландық. Сонымен қатар, Анселмо Турмеда – атақты испан попы болған. 823 [м.1420] жылы Ислам дінін қабылдады. Абдуллаһ Тержуман деген есімді алған бұл ғалымның Інжілден тапқан қателерін көрсететін «Тухфәт-ул-әриб» атты кітабын, пәкістандық С.Мерран Мухиддин сахиб Иқбалдың «PearlsofBible– Інжілден Інжулер» атты еңбегін, 1309 [м.1891] жылы қайтыс болған харпуттық Исхақ мырзаның «Зия-ул-қулуб» атты 1295 [м.1878] жылы жарияланған түрік тіліндегі еңбегінде Тәурат пен Інжілдер туралы жазылған түсіндірмелерді зерттедік. Бұл кітап 1407 [м.1987] жылы Стамбулда «Хақиқат кітап үйі» баспасы тарапынан «Жауап бере алмады» деген атпен латын әріптерімен басылған. Сондай-ақ, Қажы Исхақ мырзаның Стамбулда Сүлеймания кітапханасындағы Дүгүмлү баба бөлімінде 204 нөмірімен тіркелген 1278 [м.1861] жылы басылған «Шәмсул-хақиқа» атты кітабы 290 беттік болып, Құран кәрімнің Аллаһтың сөзі екендігін және христиандардың Інжіл деген кітаптарының кейіннен жазылған тарихи кітап екенін күшті дәлелдермен дәлелдеп береді. Бұдан басқа, босниялық Қажы Абдуллаһ бин Дастан Мұстафа мырза жазған түрік тіліндегі «Изах-ул-мәрам» кітабы 1288 [м.1871] жылы Стамбулда басылған, Эдирнекапы сыртында Мұстафа паша мешіті шәйхы Яхйа мырзаның баспаханасында басылып, Сүлеймания кітапханасының Нафиз паша бөлімінде 771 нөмірімен тіркелген. Ол христиан дінінің толығымен қате, бұзылған дін екенін түрлі дәлелдермен көрсетіп берген. Христиандыққа ең үлкен соққы берген және оның негізсіз екенін айтқан үндістандық Рахметуллаһ Хинди мырзаның «Изхар-ул-хақ» кітабын да пайдаландық.

Парсы тілінде жазылған «Мақамат-и ахйар» кітабының 390-бетінде былай жазылған: «Протестант попы Фандер христиандар арасында өте танымал болған. Протестант миссионерлік ұйымы таңдаулы поптар мен Фандерді Үндістанға жіберді. Олар христиан дінін таратуы тиіс еді. 1270 [м.1854] жылы Рабиул-ахир айында және Ражаб айының 11-інде осы миссионерлер алқасы ғалымдар мен таңдаулы тұлғалардың қатысуымен Делидің ұлы Ислам ғалымы Рахметуллаһ мырзамен кездесу, ғылыми пікірталас өткізді. Ұзаққа созылған тартыс нәтижесінде Фандер мен оның көмекшілері жауап бере алмайтындай жағдайға түсті. Төрт жылдан кейін ағылшын үкіметі Үндістанды басып алғаннан кейін (және мұсылмандарға, әсіресе сұлтанға, дін адамдарына үрейлі азаптар жасағаннан кейін) Рахметуллаһ мырза Мекке мукәррамаға хижрет етті. 1295 [м.1878] жылы осы миссионерлер алқасы Стамбулға барып, христиандық үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе бастады. Бас уәзір Хайреддин паша Рахметуллаһ мырзаны Стамбулға шақырды. Миссионерлер алдынан шыққан Рахметуллаһ мырзаны көрген кезде қатты қорқты. Сұрақтарға жауап қайтара алмай, өз пікірлерінен бас тартудан басқа шара таба алмады. Паша бұл ұлы Ислам ғалымына көп сый-сияпат көрсетті. Христиандарға қалай қарсы тұрып, оларды жеңіп шыққанын қағаз бетіне түсіруін сұрады. Рахметуллаһ мырза Ражаб айының 16-сынан Зул-хиджа айының соңына дейін араб тіліндегі «Изхар-ул-хақ» кітабын жазды да, Меккеге кетті. Хайреддин паша ол кітапты түрік тіліне аудартып, екеуін де басып шығарды. Еуропа тілдеріне де аударылып, барлық мемлекеттерге таратылды. Ағылшын газеттері «Егер бұл кітап таралатын болса, христиандыққа көп зиян келеді» деп, басылымдарға жариялады. Бүкіл мұсылмандардың халифасы болған Сұлтан Абдулхамит-ІІ хан (рахметуллаһи алейһ) 1304 жылдың Рамазан айында Рахметуллаһ мырзаны қайтадан шақырып, сарайында көп құрмет пен сый-сияпат көрсетті. Рахметуллаһ мырза 1308 [м.1890] жылы Рамазан айында Меккеде қайтыс болды.

Бұл еңбектерден басқа Құран кәрім туралы бұдан 100 жыл бұрын жазылған кейбір батыстық адамдардың шығармаларын да қарап шықтық. Сонда мынадай тұжырымға келдік, осы екі қасиетті кітап толықтай тарапсыз көзқараспен зерттелетін болса, қайбірінің «Аллаһтың сөзі» екендігі (ең қырсық адамның да) қай діннен болса да, ашық қабылдауға мәжбүр болатындай түрде белгілі болады.

Бұл тарауды екі бөлім қылып реттедік. Бірінші бөлімде, жоғарыда айтқанымыздай, Құран кәрім мен қазіргі Тәурат  пен Інжілдер және Құран кәрім туралы ғылыми зерттеулер берілген.

Екінші бөлімде пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссаламның мұғжизалары, ізгіліктері және көркем мінезі туралы жазылған. Бұлардың барлығын Османлы мемлекетінен шыққан атақты Ислам ғалымы Нишанжы зада Мұхаммед мырзаның (рахимә-һуллаһу таала) «Мират-и каинат» атты түрік тіліндегі тарих кітабынан алдық. Ол өзі 1031 [м.1622] жылы қайтыс болған. Кітабы 1269 [м.1853] жылы Стамбулда басылған.

Сүйікті оқырмандарымыздың кітабымыздың осы тарауын да қызығушылықпен оқитынына және берілген мәліметтерді пайдаланатынына үміттенеміз. Аллаһу та’ала бәрімізді тура жолдан айырмасын! Әмин!