2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Бұл дәрежеге қалай жеттің?

Бұл дәрежеге қалай жеттің?

Ұлы кісілердің әулиелік мәртебесіне жетуіне кейбір нәрселер себеп болған. Достарының өтініші бойынша олар мән берген, қағида ретінде ұстанған негіздерінің бірнешеуін білдірген. Бұлардың кейбірлерін құнды кітаптардан алып жазудамыз:

Хазреті Әбу Бәкірден адамдар «Аллаһ үшін айтыңыз, бұл дәрежеге қалай жеттіңіз?» деп сұрады. Былай деді:

«Дінімді дүниелікке ауыстырдым. Ахирет үшін Аллаһтың разылығын таңдадым. Әр қашан Аллаһу та'аланың ақысын басқаларынан үстем ұстадым, әр ісімде тек Аллаһу та'аланың разылығын көздедім және бұдан мүлдем сыртқа шықпадым.»

Дәл осы сұрақ хазреті Омарға қойылғанда,Ол айтты:

«Аллаһу та'ала қаласа бір құлын азиз (қадірлі) қылады, қаласа зәлил (төмен) қылады. Осыны ешқашан ұмытпадым.»

Хазреті Османнан да сұралды. Ол айтты:

«Құран мен сүннетке ұйдым. Аллаһу та'аланың барлық нәрсемді және ісімді көріп тұрғанын еш ұмытпадым.»

Хазреті Әли де айтты:

«Жиһад арқылы жеттім. 30 жыл нәпсіге соққы беретін қылышпен, Аллаһтан қорқу сауытымен, тақуалық қалқанымен, жақсы амал және ғибадат жебесімен көңіл есігінде отырдым. Аллаһу та'аланың разылығынан басқа ештеңені жүрегіме кіргізбедім, ойыма да түсірмедім.»

Хазреті Лұқман айтқан:

«Аманатты қорғау, шыншыл болу және малаяниді (пайдасыз сөздерді) тәрк етіп, маған қажет болмағандарды тастау арқылы осы дәрежеге жеттім.»

Хазреті Мұса хазреті Хызырдан «Ләдун іліміне қалай жеттің?» деп сұрады. Ол: «Күнә істемеуге сабыр ету арқылы» деп жауап берді. Қауымы хазреті Мұсаға «Аллаһу та'ала неден разы болса, сол амалды жасайық» деді. Уахи келді: «Менен разы болсаңдар, сендерден разы боламын.» Аллаһтан разы болған адам Оның әмірлерін орындап, тыйымдарынан сақтанып, Оның тағдырына разы болады, осылайша жоғары дәрежелерге қауышады.

Имам Әбу Юсуфтың ұлы қайтыс болғанда шәкіртіне «Жерлеу жұмыстарын сіз атқарыңыз. Мен ұстазымның (Имам Ағзам Әбу Ханифа хазреттерінің) дәрісіне бара жатырмын» деді. Ол қайтыс болғаннан кейін оны адамдар түсінде жәннатта тамаша өмір сүріп жатқанын көрді. «Бұл қандай әсемдік, бұған қалай қол жеткіздіңіз?» деп сұрады. Сонда ол: «Ілімге, ілім үйренуге және үйретуге деген құштарлығым арқылы» деп жауап берді.

Хазреті Мұса, біздің пайғамбарымыз ие болған дәрежелердің бірінің нұрын көрген кезде талып қалатындай жағдайға түсті. Расулуллаһтың бұл дәрежеге қалай көтерілгенін сұрады. Хақ та'ала айтты:

«Жақсы және жұмсақ мінезінің арқасында осы дәрежеге жетті. Бұл мінез – исар. Йа, Мұса, өміріңде бір рет исар еткен, исар қасиетімен маған қауышқан адамнан есеп сұрауға мен ұяламын.» (Исар – өзі мұқтаж болған бір затты қолданбай, мұқтаж болған басқа адамға беру деген сөз.)

Хадис шәрифте былай делінген:

«Қиямет күні есеп бермей ұшып жәннатқа кіріп жатқандардан періштелер "Бұл дәрежеге қалай жеттіңдер" деп сұрайды. "Екі қасиетіміз бар еді. Жалғыз қалғанымызда да күнә істеуге ұялатын едік және Аллаһу та'ала берген аз ризыққа разы болдық" деп жауаптайды.» (Ибн Хиббан)

Баязид Бистами хазреттері де «Барлық жерде Аллаһу та'аланың көріп және біліп тұрғанын ойлап, әдептілікке мән беру арқылы осындай дәрежеге жеттім» деген.

Хазреті Мұса салих бір кісіге сүйсініп қарап, кім екенін сұраған кезде Хақ та'ала айтты:

«Бұл адам мына үш амалымен осы дәрежеге жетті: ешқашан хасед (көре алмаушылық) жасамады, ата-анасына қарсы шықпады және сөз тасымады.»

Бахауддин Бұхари хазреттерінен бұл дәрежеге қалай жеткенін адамдар сұрады, «Расулуллаһ алейһиссаламға бағыну арқылы» деп жауаптады.

Алауддин Аттар хазреттері айтады:

«Ұстазым Бахауддин Бұхаридің маған айтқан жалғыз насихаты бар еді: "Алауддин, мен не істесем соны қайтала" деген еді. Осылай істедім, ол кісіде көргендерімнен нені қайталаған болсам, сол істің негізіне қауыштым.»

Әбул Аббас Мүрси хазреттері сұхбаттарында үнемі: «Ұстазым Әбул Хасан Шазили айтқан еді, ұстазым былай деген еді» деген сөздермен бастайтын, үнемі ұстазынан естігендерін айтып беретін еді. Бір күні біреу «Үнемі ұстазыңыздың сөздерін айтып жүресіз. Неге өз сөзіңізбен ештеңе айтпайсыз?» дегенінде былай жауап қайтарды:

«Мен ол медресеге шәкірт болып барғанымда үйден ештеңе алып бармадым. Не тапқан, не меңгерген болсам, медреседе таптым. Ұстазымнан үйренгендерімнің басына "Аллаһ былай деген, Пайғамбар былай деген..." немесе "Менің ойымша..." деген сөздерді қойып жіберіп, сендерге көп нәрсе айтып беруім мүмкін. Алайда бұлардың бәрін үйренуіме, бұл дәрежеге жетуіме себеп болған ұстазымның алдында әдеп сақтау үшін үнемі "ұстазым айтқан..." деп сөйлеймін. Дұрыс болғаны да осы. Ұстазының сөзімен сөйлемейтін, үнемі "мен" деп сөйлейтін адамда қайыр болмайды. Ең жақсы ғалым өз сөзімен сөйлейтін және әр әңгімені өзімен байланыстыратын адам емес, өткендерден нақыл ететін, арашы, жеткізуші болған адам. Дініміз – нақыл діні. Иман, ғибадат білімдері қияметке дейін бірдей болады, өзгермейді. Оны да нақыл еткен (өзгертпестен жеткізген) адам қадірлі, нақылсыз сөйлеген адам масқара болады.»

Суфйан Саури хазреттері харамдардан және күмәнді нәрселерден сақтанушылардың ең басында тұратын еді. Әдебі мен қарапайымдылығында оған ұқсайтындар аз еді. Достарының бірі оны түсінде жәннатта нұрдан жасалған қанаттарымен ұшып жүргенін көрді. «Бұл дәрежеге қалай жеттің?» деп сұрады. «Дінді өте берік ұстануым арқылы» деді.

Сәйид Абдулқадир Гейлани хазреттері: «Бұл істі бастағаныңызда нені негізге алдыңыз? Мұндай жоғары дәрежеге қалай жеттіңіз?» деп сұрағандарға былай жауап берді:

«Дұрыстық және шыншылдықты негізге алдым. Ешқашан өтірік айтпадым. Ішім мен сыртым бірдей болды. Осы себептен жұмыстарым оңынан шықты.»

Хабиб Раи хазреттері ағаш ыдыстарды бір тастың астына созғанда бірі бал, бірі сүт болып екі бұлақ аға бастайтын еді. Сол жердегілер бұл кереметті көргенде «Бұл дәрежеге қалай жеттіңіз?» деп сұрады.

Мұхаммед алейһиссаламға бағыну арқылы деді де былай жалғастырды: «Хазреті Мұсаның қауымы оған қарсы шықса да, қатты тас оларға су берді. Дәрежесі хазреті Мұсадан жоғары болған Расулуллаһқа бағынғаннан кейін тас неге сүт немесе бал бермесін?»

Бишри Хафи хазреттері айтып берген:

«Түсімде Расулуллаһты көрдім, маған "Аллаһу та'аланың сені неліктен үстем қылғанын білесің бе?" деп сұрады. Мен "Жоқ" дегенімде "Сүннетімді ұстанғаның, салихтарға қызмет етуің, дін бауырларыңа насихат етуің, Әһли бәйтімді (отбасымды, әулетімді) және сахабаларымды (достарымды) жақсы көруің себебімен осындай дәрежеге жеттің" деді.»

Рабия-и Адуия хазреттерінің тәуекелі сондай дәрежеге жеткен, «Аспан қола болса, жер темірге айналса, аспаннан бір тамшы жаңбыр жаумаса, жерден мүлдем өсімдік шықпаса және әлемдегі адамдардың бәрі менің бала-шағам болса, Аллаһу та'алаға ант етіп айтамын, маған "оларды қалай бағамын?" деген ой да келмейді. Өйткені Аллаһу та'ала бәрінің ризығын беретінін білдірген және мойнына алған» дейтін еді. «Бұл дәрежелерге не арқылы қол жеткіздіңіз?» деп сұрағандарға: «Маған қатысы болмаған барлық нәрсені тәрк ету және мәңгі болған, яғни Аллаһу та'аланың достығын қалау арқылы» деді.