4 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     5 - Желтоқсан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Сүйгенімен бірге болу

Сүйгенімен бірге болу

Сұрақ: Бір хадисте «Ахиретте бәрі сүйгендерімен бірге болады» делінеді. Бір адам бірден көп адамды жақсы көрсе, онда ахиретте қайбірімен бірге болады?

Жауап: Сүйіспеншілік пен бірге болу сөздерінің анықтамасы мәлім болмағандықтан, яғни махаббат деген кезде көбіне еркек пен әйел арасындағы шәһует түсінілгендіктен, бірге болу деген кезде де ерлі-зайыпты болу аңғарылғандықтан, осындай орынсыз сұрақтар қойылады. Тіпті жастардың имандарын ұрлап, оларды христиан қылуды көздеген бір жазушы Мәуліт кітабындағы Аллаһу та'аланың «Сүйіктім саған ғашық болдым» сөйлемін надандардың түсінгеніндей түсінген, «Бұл қате» деген.

Хадис шәрифте жәннатта бірге болады делінбеген, ахиретте деп айтылған. Бір адам дүниеде атеисттерді, дінсіздерді, кәпірлерді жақсы көрсе, ахиретте олармен бірге тозақта болады, яғни олармен бірге азап көреді деген сөз. Демек, бірге болуы – оларға не істелсе, бұған да дәл сол нәрсе істеледі деген сөз. Жақсылық болса жақсылық, жамандық болса жамандық жасалады дегенді білдіреді. Жақсы көруі бет-әлпетін емес, сенімін, мінезін, амалын, жолын ұнатуы деген сөз.

Бір адам бұл дүниеде пайғамбарды, әулиелерді, салихтарды жақсы көрсе, олардың білдіргеніндей сеніп, соған сай өмір сүрсе, жәннатта олармен бірге ниғметтерге қауышады. Бір адам олар сияқты сенбей, олар сияқты өмір сүрмей, яғни намаз оқымай, ораза ұстамай, мен оларды қатты жақсы көремін десе, өтірікші болады. Жақсы көрген адам сүйгенінің жолында болады. Сүйгендерінің жолында болмаған адам ахиретте олармен бірге бола алмайды.

Христиандар Иса алейһиссаламды жақсы көреміз деп жүрген болса да, оған мойынсұнбағаны, оны құдай деп санағаны үшін жәннатқа кірмейтіндігі Құран кәрімде білдірілуде.

Хазреті Әлиді жақсы көреміз деп жүрген Хуруфилер, Шииттер де оның жолында жүрмегені үшін, бір бөлігі оны пайғамбар, ал бір бөлігі құдай деп білгені үшін, олардың соңы христиандар сияқты болатыны діни кітаптарда жазылған. Аллаһу та'ала Мұса алейһиссаламмен Тур тауында сөйлескендіктен хазреті Әлиге құдай дегендер «Қамбарды көрдім шағында, гүлдер шығар дос бағында, Мұсаменен Тур тауында, Әлиді көрдім, Әлиді» деген өлеңді айтып жүр. Яһудилер хазреті Узейрді Аллаһтың баласы деп жүр. Христиандардың хазреті Исаны әрі Аллаһ, әрі Аллаһтың ұлы деп айтудай таңқаларлық сенімдері бар. Оларға Аллаһтың ұлы немесе Аллаһ деп айтумен ол адамдарды жақсы көрген болмайды. Жақсы көрудің шарты – олар білдіргендей сену, олардың жолында болу.