2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Өлім адамға ең үлкен уағызшы

Өлім адамға ең үлкен уағызшы

Өлім келмей тұрып өмірдің қадірін білу керек. Бұл өлімді еске алу және өлімнен кейінгі өмірге дайындалу арқылы жүзеге асады. Адам өлімді еске алмайтын болса, дайындық та жасамайды.

Хадис шәрифте былай делінген: «Бес нәрсе келмей тұрып бес нәрсенің қадірін біліңдер!..»

Бұл бес нәрсенің келмеуі мүмкін емес. Міндетті түрде басымызға келеді. Бұлар келмей тұрып басқа бес нәрсенің қадірін білу керек. Келгеннен кейін қадірін білудің қайғы мен өкінуден басқа ештеңеге жарамайтыны ақиқат.

Бес нәрсенің біріншісі: «Өлім келмей тұрып өмірлеріңнің қадірін біліңдер!»

Өлім әрбір адамның басына келеді. Өлімнен қашу, одан құтылу осы күнге дейін ешкімге нәсіп болмаған. Болуы да мүмкін емес! Өлмейтін адам бола алғанда еді, Раббымыз мұны бүкіл әлемнің жаратылуының себепшісі және жаратылыстардың ең қадірлісі сүйікті пайғамбарымыз алейһиссаламға нәсіп етер еді.

Зумәр сүресінің 29-30 аяти карималарында: «Күмәнсіз сен өлесің (Ей, сүйіктім), олар (қарсыластарың) да өледі. Кейін бәрің қиямет күні Раббыларыңның алдында есепке тартыласыңдар!..» делінген.

Адам бір нәрседен қашқан сайын одан ұзақтайды. Арасындағы қашықтық барған сайын арта береді. Бірақ өлімнен ондай емес! Одан қанша қашсақ та, оған қарай жүгіргенімізді Әзірейіл алейһиссаламмен кездескен кезде түсінеміз...

Әзірейіл алейһиссалам бір күні адам кейіпінде Дауд алейһиссаламға келеді. Дауд пайғамбар одан кім екенін сұрайды. Сонда ол:

«Мен ешкімнен (патшаларды да қосқанда) қорқпайтын, кезкелген зәулім сарайларға, үйлерге қалаған уақытымда кіре алатын біреумін» - деп жауаптайды. Дауд алейһиссалам оған «Олай болса, сен Мәләкул мәутсің (өлім періштесісің)» дейді, ол «Иә» деп жауап береді.

Ешбір күмәнсіз адам бір күні рухсыз дене күйіне келеді... Өлім – ең үлкен уағызшы. Бұдан ғибрат алу керек. Мазардың қасынан өткен кезімізде мәйіттерге дұға етуіміз керек. Олардың жағдайынан ғибрат алғанымыз жөн. Олар да бір кездері біз сияқты тірі және қуанышты болып жүрді. Ойнап-күліп, жер бетінде қыдырып өмір сүріп жүрген еді. Біз де уақыты келгенде олар сияқты боламыз. Олар сияқты топырақ астына жерленуге мәжбүр боламыз.

Бір күні бір адам Фудайл бин Аяз хазреттеріне келіп, насихат сұрайды. Фудайл бин Аяз (рахимәхуллаһ): «Әкең тірі ме?» деп сұрайды. Әлгі адам «Жоқ» деп жауап бергенде: «Әкесінің қайтыс болуынан ғибрат алмаған адамға насихат пайда бермейді» дейді. Әлгі адамға насихат айтпағандай көрінгенімен, негізінде ең жақсы насихатты осылайша айтты. Яғни «Әкең қайтыс болғанындай, сен де солай өлесің. Әкең кеткен жерге сен де барасың. Ол жерде пайдасын тигізетін амалдарды қазір мүмкіндігің бар кезде жасап алуға бар күш-жігеріңді сал! Әйтпесе ол кезде өкінудің ешқандай пайдасы болмайды!» деп айтқысы келген еді.