7 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     10 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Кіші күнәлар қалайша үлкен күнәға айналады?

Кіші күнәлар қалайша үлкен күнәға айналады?

Адамдар күнәсін кіші көрген сайын Аллаһу та'ала оны үлкейтеді. Күнәнің кіші немесе үлкен екенін ойламай, әуелі кімге қарсы істеліп жатқанын ойлау керек.

Күнәлар кәбаир (үлкен күнәлар) және сағаир (кіші күнәлар) болып екіге бөлінеді. Кейбір жағдайларда кіші күнәлар үлкен күнәға айналады. Бұған мән берілмесе, қауіпті болуы мүмкін. Бұлардың біршамасы төменде жазылған:

* Кіші болса да, тұрақты түрде, үздіксіз күнә істеу: «Тама тама көл болар» деген мақал бар. Қайталанбайтын үлкен күнәнің кешірілу ықтималы үздіксіз жасалған кіші күнәнің кешірілуінен жоғарырақ. Бір тастың үстіне көп су құйылса, тасқа зиян тигізбестен ағып кетеді. Дәл сонша су тамшылап тасқа ақса, із қалдырады.

* Күнәні кіші деп санау: Адамдар күнәсін үлкен көрген сайын Аллаһу та'ала оны кішірейтеді, күнәні кіші көрген сайын оны үлкейтеді.

Хадис шәрифте былай делінеді:

«Мүмин, күнәсін басының үстінде асылып тұрған таудай көреді, үстіне құлауынан қорқады. Ал мунафиқ оны мұрнына қонған шыбындай кішкентай қылып көреді, бір шертпекпен ұшырып жіберемін деп ойлайды.»

Күнәнің кіші немесе үлкен екенін ойламай, әуелі кімге қарсы істелгенін ойлау керек.

* Істеген күнәсін басқаларға айтып беру: Осылайша дәл сол күнәні өзгелердің істеуіне себеп болу. Естігендердің сондай күнәні істеуге ниеттері жоқ бола тұра, оларды соған қызықтырып шақыру дәл сол күнәні істеумен тең. Бір іске себеп болу – оны істеу деген сөз. Жақсы амал болса жақсы, жаман амал болса жаман.

* Үлгі болған, халық арасында абыройы бар кісілердің істеген күнәлары кіші болса да, үлкен: Білімді адамдар, қажылар және қарт кісілер – өзгелер тарапынан үнемі бақыланатын адамдар. Олардың жасаған күнәларын басқалар еркін жасайды. Тіпті одан да үлкенін жасауға батылдық табады. «Ол осылай істеп жүрген болса, мен неге істемеймін? Бұл іс жаман болғанда, сондай құрметті адам мұны істемес еді» деп еш қысылмастан, мұңаймастан күнәға батады.

* Аллаһу та'аланың азабынан сенімді болу: «Раббым маған азап бермейді, жәннатында маған орын жоқ па екен?!» деп күнә істеуді тоқтатпау. Тозақта да орын көп. Бірақ оны ойламайды.

* Аллаһу та'аланың мейірімінен үмітін үзу: «Көп күнә істегенім соншалық, құтылуым мүмкін емес!» деп айтудың өзі жеке күнә. Мүминге жарасатыны – «Хауф» (қорқу) және «Рәжа» (үміт) сезімдерімен өмір сүру. Яғни күнәсі қаншалықты көп болса да, Раббының мейірімінен үмітін үзбеу және азабынан сақ екеніне де сенімді болмау.

Хазреті Әли (радиаллаһу анһ) көп күнә істеп, үмітін жоғалтқан бір адаммен кездеседі. Одан: «Неге жындылар сияқты шөл кезіп жүрсің?» деп сұрайды. Ол күнәхар екенін, кешірілмейтінін айтады. Мұны естіген хазреті Әли (радиаллаһу анһ) оған былай жауап береді:

«Сенің күнәң қаншалықты көп болса да, Раббымыздың мейірімінен көп бола алмайды!»