2 - Жамазиәл-әууәл, 1446 жыл.
     4 - Қараша, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Зекет - Ұшыр - Садақа / Зекетті қашан беру керек?

Зекетті қашан беру керек?

Сұрақ: Зекетті қашан беру керек?

Жауап: Зекет – парыз болған кезде беріледі. Нисаб деп аталатын байлық мөлшеріне жеткен адам байыған күнін қамари (хижри) ай бойынша бір жерге жазып белгілеп қояды. Мәселен 3 ражапта байыған болса, бір жылдан кейін ражаптың 3-нде нисаб мөлшеріне жететін ақшасы немесе саудадағы заттары бар болса, зекетін береді. Рамазан айын күтпейді.

Күні келмей тұрып зекет берудің зияны жоқ, өте жақсы болады. Тіпті келешек (бірнеше) жылдардың зекетін алдын ала беру де жаиз болады. Бір кісі зекетін қате есептеп бір алтын зекет беруі керек бола тұрып, екі алтын деп есептеп кедейге бергеннен кейін қателескенін, бір алтын беру керектігін түсінсе, бұл бір алтынды келесі жылғы беретін зекетіне жатқызады.

Зекетті асықпастан бір жылдың ішінде беруге болады деген ғалымдар бар болса да, тездетіп дереу беру уәжіп болады. Үзірсіз кешіктіру мәкрух болады. Шафии және Маликиде зекет парыз болған кезде, дереу беру парыз болады. Хадис шәрифте «Зекетті беруге асығыңдар!» деп бұйырылды. (Ибни Мажә)

 

Сұрақ: Зекетті тек Рамазан айында беру керек пе?

Жауап: Әрбір бай адамның зекет беру күні әр түрлі болады. Ешкім рамазан айын күтпейді. Егер шаууал айының 23-інде байыған болса, келер жылда шаууалдың 23-інде зекетін береді. Шаууал айы келместен бұрын рамазан айында берсе де болады. Бірақ шаууал айының 23-нде мал-мүліктерін қайта есептеп, аз берген болса, үстін толықтырады. Көп берген болса, артығы нәпіл болады. Яғни зекетті күні келмей тұрып та беру жаиз болады. Бірақ күні келгенде қайтадан есептеу керек болады.

 

Сұрақ: Бір имам “зекетті тек рамазан айының ішінде беру керек, айтқа дейін беру керек, айттан кейінге қалдыруға болмайды” деді. Зекетінің күні келмегендер не істейді?

Жауап: Мұнда бір қателік бар. Бәлкім имам рамазанда берілетін пітір садақа туралы айтқан болар. Ал зекет беру күні әр адамда әртүрлі болады.

 

Сұрақ: Мал-мүлкіміз нисаб мөлшеріне жеткеніне бір жыл толғанда зекетті дереу беру парыз бола ма? Бүгін берем, ертең берем деп жүріп өлсе, мирас етіп қалдырған мал-мүлкінен беру керек пе?

Жауап: Зекеттің парыз болатын күні келуімен дереу беру шарт емес. Бермей өлсе, артында қалған мал-мүліктерінен берілмейді. Кейбір ғалымдардың үкімі бойынша зекетті кешіктіру мәкрух болады, дереу бірінші мүмкіндікте беру керек.

 

Сұрақ: Байыған күні белгісіз болса, яғни байыған күнін ұмытқан адам зекетін қашан береді?

Жауап: Өзіңіз жобалаған күнді, яғни үлкен ықтималдықпен ойыңыз ауыр басқан бір күнді қабылдайсыз. Бұдан кейін осы күнді негізге аласыз.

 

Сұрақ: Нисаб мөлшеріне жеткен (байыған) күнім 1 рамазан. Қазір қолымдағы ақшаларым нисап мөлшерінен асып тұр. 1 рамазан күні қай сағаттан бастап маған зекет беру парыз болады?

Жауап: Шарии (шариғатта) күн имсак уақытымен басталады. Имсак уақытынан бастап сізге зекет беру парыз болады. Имсак уақыты дегеніміз бір күннің таң сәресінде ауыз бекітетін уақытты айтады.

 

Сұрақ: Зекет беруім керек күні түскі уақытта ақшамды немесе алтынымды ұрлатып алсам, имсак уақытынан бастап маған зекет беру парыз болғанын ескерсек, беруім керек болған зекет мөлшерін кейінірек қолыма ақша түскенде беруім керек пе?

Жауап: Жоқ, өзіңіз жаратпағаныңыз үшін беруіңіз керек емес.

 

Сұрақ: Зекет беретін күні келіп зекетін бермеген адам кейіннен кедейленіп, қолында ақшасы қалмаса, зекет қарызы кешіріле ме?

Жауап: Мал-мүлкін жаратып жоқ қылса, зекет қарызы кешірілмейді, ал ақшалары өздігінен жойылса, зекет кешіріледі. Мәселен биржада ақшаларынан айрылса немесе машина, тоңазытқыш секілді нәрселер сатып алып ақшасын жаратса зекет кешірілмейді, зекетін өтеуі керек болады. Мал-мүлкі ұрланса, жоғалса, өртеніп кетсе немесе қарызға беріп кері ала алмаса, ол кезде зекетін беруі керек болмайды.