2 - Жамазиәл-ахир, 1446 жыл.
     3 - Желтоқсан, 2024 жыл.   


Брахманизм

Брахма – қасиетті сөз деген мағынаны береді. Үндістандағы Ислам ғалымдарынан Мазһар Жаны Жанан хазреттері [1781жылы Делиде шәһит етілді.] 14-хатында былай дейді: «Бұл дін Иса алейһиссаламның туылуынан ғасырлар бұрын Үндістанда шыққан хақ, илаһи дін болатын. Кейіннен дін бұзылып, өкілдері кәпір болды». Бұл діннің басындағылары «Брахман» деп аталды. Олардың бірін құдайға айналдырды. Оның төрт баласы бар екенін айтты, төрт баласының бірі оның аузынан, қалған үшеуі қолы мен аяғынан пайда болған деп есептейді. Осы төрт баласына байланысты брахмандар адамдарды төрт топқа бөледі:

1)Брахмандар: Олар Брахма сенімінің киелі дін басылары және ғалымдары. Қасиетті «Веда» кітабын оқу, түсіндіру және басқа брахма мүшелеріне жол көрсету – олардың міндеті. Олар өте беделді, бұйрықтарына ешкім қарсы келе алмайды. Бәрі олардан тартынады.

2) Мухарибтер: Бұл топқа билеушілер, ражалар, мемлекет қайраткерлері және әскерилер кіреді. Олар «Кришна» деп аталады.

3) Саудагерлер және егіншілер. [Олар «Ваянса» деп аталады.]

4) Қара халық, шаруалар, жұмысшылар және осы сияқтылар.

Ал осы төрт топтан шығарылғандар «паря» деп аталады, бұл бейшаралардың адам сияқты өмір сүруге құқығы жоқ. Оларға жануарлар ретінде қарайды. Парялар жоғарыдағы төрт топқа кіретін адамдардың құқықтарын иелене алмайды. Брахма сенімінде пұттар бар. Бұл пұттардың болмысы, мәні, жеуге болатын және болмайтын нәрселер, қылмыстар және соларға берілетін жазалар «Манава Дхарина Шастра» атты киелі кітаптарында жазылған. [Мағынасы:  Манудың діни кітабы.] Брахмандар көп тәңірге сенеді. Ең үлкен тәңірлері – жамандықты жою үшін адам кейпіне енген «Кришна», екінші үлкен тәңір – «Вишну». Үшінші тәңірлері – «Сива». Вишну өте маңызды. Бұл сөздің мағынасы «Адамның ішіне енген» дегенді білдіреді. Вишну қою көк түсті дене және төрт қолы бар деп суреттеледі. Ол «Гарута» деген бүркітіне мінген, яки Лотос гүлі немесе бір жыланның үстіне отырған халде бейнеленеді. Брахма сенімі бойынша, Вишну қазірге дейін дүниеге тоғыз рет әр түрлі күйде [адам, жануар немесе гүл болып] келген. Енді оның оныншы рет келуі күтілуде.

Брахма дінінде өлтіру тек соғыста ғана рұқсат. Басқа кезде ешбір жанды жаратылысты, адамды немесе жануарды өлтіруге болмайды. Адам  қасиетті жаратылыс саналады. «Тәнасух»-қа (реенкарнация) сенеді. Яғни, адам өлгеннен кейін рухының басқа адамның кейіпінде қайтадан дүниеге келетініне сенеді. Вишнудың да жануар кейпінде келуі ескерілгендіктен, жануарларды өлтіруге қатаң тыйым салынады. Осы себептен фанат брахмандар мүлдем ет жемейді.

Ману кітабы бойынша адамның өмірі төртке бөлінеді. 1) Жалқаулық, 2) Үйленгендік, 3) Қақбастық (жалғыз өмір сүру), 4) Сауап алу мақсатында Қайыршылық жасау.

Үндістандағы үлкен Ислам ғұламаларының бірі, тасаууф ғалымы Мазһар Жаны Жанан (рахметуллаһи алейһ) 14-хатында «Үнді кәпірлерінің рәсімдерін» парсы тілінде жазған. Онда былай делінген: «Аллаһу та’ала барлық адамдарға бақыт жолын көрсеткені сияқты, Үндістанға да Бирмиха есімді періште арқылы «Веда» және «Бид» деген атаулармен аталатын бір кітап жіберді. Бұл кітап төрт бөлімнен тұратын. Ол діннің мүжтәһидтері олардан алты мазһаб шығарды. Сенім-ақида бөлімін «Дахрен Шайстер» деп атады. Адамдарды төрт топқа бөлді. Ғибадат бөлімін «Керм Шайстер» деп атады. Адамның өмірін төртке бөлді. Әрбірін «Жук» деп атады. Барлығы Аллаһу та’аланың бір екендігіне, әлемнің өткінші екендігіне, қиямет күніне, есеп пен азапқа сенеді, риязат пен мужаһада жасап, кәшф пен истидраж иесі болады. Кейіннен келгендердің бұл дінге енгізген жаңалықтары дін негіздерін қиратып, дінсіздікке себеп болған. Ислам діні келген кезде діндері күшін жойған. Мұсылман болмағандары кәпір деп аталады. Одан бұрын болғандар туралы ештеңе айта алмаймыз.»

Брахмандардан бөлінген бір ағым болып саналатын «Мәжуси»-лерге (зороастр) тоқталатын болсақ, олар отқа, сиырға, қолтырауынға табынады. Олар Кисра деп аталатын Иран шахтарынан Күштусаб дәуірінде Зердүшт есімді, өмір сүрген-сүрмегендігі белгісіз бір адамның құрған дінін ұстанады. Олар өлген адамдарды көмбейді. Мұнара секілді ғимараттарға жинап, құзғындарға жегізеді. Брахмандардан бөлінген басқа бір топ «Сих»-терде сақал киелі болып есептеледі. Сақалдарын мүлдем қырқтырмайды. Сондай-ақ, «Индуист»-тер тобы да бар. Олар төменгі қабаттағы халықтың барлық қате сенімдеріне сенеді. Бұл сенімнің ешқандай қадірі қалмаған, жолынан толық адасқан.

Брахмандар адамдарға «Брахман дінбасыларының бұйрықтарын тыңдау, оларға әрдайым мойынсұну, Ману кітабы бойынша өмір сүру, парялармен еш байланыспау, ешбір жанды болмысты өлтірмеу» дегендей жайттарды уағыздайды. Рух пен дене туралы ешқандай мәлімет бермейді. Тек адамды қасиетті болмыс деп есептейді. Брахмандар Үндістандағы Ганга өзенін киелі деп санайды. Осы өзенде жуынуды, осы өзеннің суын ішуді, тіпті өлген адамды осы өзенге тастауды қасиетті міндет деп санайды.

Пұтқа табынушылыққа өте жақын болған, тіпті кейбір пұттарға табынатын Брахманизм дінінің міндетті түрде түзетілуі тиіс. Өкінішке орай 100 жылдан кейін, яғни Иса алейһиссаламның дүниеге келуінен 600 жыл бұрын туылған БУДДА бұл дінді толығымен бұзды. Осы тұрғыдан Будданы католик дінінің көптеген қате сенімдерін жойған протестант деп аталатын күпірлік ағымын құрған Лютерге ұқсатуға болады.