18 - Шабан, 1445 жыл.
     28 - Ақпан, 2024 жыл.   


Мусауи діні және яһудилер

Қасиетті кітаптар, тарихи деректер және осы күнге дейін жетіп келген еңбектер зерттелетін болса, «Бір Аллаһқа» сенуді бұйыратын дін, яғни исламият, Адам алейһиссалам заманынан бері бар еді. Адамдар дүниеге келгеннен кейін Адам алейһиссаламнан Ибраһим алейһиссаламға дейінгі уақыт аралығында көптеген пайғамбарлар (алейһимуссалауату уәттаслимат) келген болса да, оларға үлкен кітаптар жіберілмеген еді. Аллаһу та’ала оларға шағын «Сухуф»-тар [кітапшалар] жіберген. Белгілі жүз сухуфтың оны Ибраһим алейһиссаламға жіберілген. Тарихшылардың айтуынша, Ибраһим (алейһиссалату уәссәләм) б.з. 2122 жыл бұрын Евфрат пен Тигр өзендерінің арасында орналасқан бір ауылда дүниеге келген, тағы бір дерек бойынша 175 жыл өмір сүргеннен кейін Құдыс маңындағы «Халилуррахман» деген ауылда қайтыс болған. Марстон есімді жазушы жариялаған «La Bible a dit vrai – Қасиетті кітап шындықты айтады» деген кітапта жазылғаны бойынша, соңғы кездері бұл жерде Ибраһим алейһиссаламның көптеген заттары табылған және Оның осы аталған уақытта өмір сүргендігі нақты түрде анықталған. Ибраһим алейһиссаламның өгей әкесі «Азер». Өз әкесі Тарух Ибраһим алейһиссалам әлі кішкентай кезінде қайтыс болған. Азер – пұт жасайтын ұста болған. Ибраһим алейһиссалам бала кезінде пұтқа табынуға болмайтынын түсінген, өгей әкесі жасаған пұттарды қиратып, өз елінің, яғни Вавилонның билеушісі болған Нәмрудты иманға шақыра бастаған. Нәмруд – залым, қатал патша еді. Бір дерек бойынша, Нәмруд – оның шын есімі емес, [перғауын сияқты] атағы еді. Нәмруд кішкентай бала кезінде мұрнына жыланның баласы кіріп кетіп, осы себептен түрі өте ұсқынсыз болып қалған. Тіпті әкесінің өзі оның түріне қарауға шыдай алмай, өлтірмекші болады. Бірақ, анасының жалбарынуымен оны  бір шопанға тапсырған. Шопан да оның ұсқынсыз түрін көруге шыдамағаны үшін бір тауға апарып тастаған. Тауда Нәмруд деген ұрғашы жолбарыс баланы емізіп, оның аман қалуына себеп болған. Нәмруд есімі осы жолбарыстан келеді. Әкесі қайтыс болғаннан кейін билікке келген Нәмруд өзін құдай деп санап, бүкіл халықтың өзіне табынуын талап етті. Ибраһим алейһиссалам бұл жүзі суық, азғын кәпірді хақ дінге шақырды. Қауымын да пұттар мен Нәмрудқа табынудан бас тартқызуға тырысты. Бірақ, олар иман келтірмеді. Ол заманда қауымы болған Келданилердің салты бойынша, жылдың бір күнінде бәрі бір жерге жиналып, мейрам тойлайтын, кейін пұтханаға барып, пұттарға сәжде жасап, содан соң үйлеріне қайтатын. Осындай мереке күнінің бірінде Ибраһим алейһиссалам пұтханаға кіріп, балтамен барлық кіші пұттарды қиратты. Балтаны ең үлкен пұттың мойнына іліп, кетіп қалды. Келданилер пұтханаға кіргенде барлық пұттардың қирап жатқанын көріп, мұны жасаған адамды ұстап алып жазаламақ болды. Ибраһим алейһиссаламды әкеліп, «Мұны сен істедің бе?» деп сұрады. Ибраһим алейһиссалам «Өзі тұрғанда кіші пұттарға табынғанды қаламағаны үшін мойнында балта ілініп тұрған үлкен пұт істеді. Сенбесеңдер, өзінен сұраңдар» деді. Халық «Одан сұра дейсің, пұттар сөйлемейді ғой» деді. Сонда Ибраһим алейһиссалам: «Олай болса, сөйлей алмайтын, өздерін қиратылудан құтқара алмайтын пұттарға неге табынасыңдар? Сендерге және табынған пұттарыңа обал болсын» деп, қауымын пұттарға табынудан бас тартқызуға тырысты, дегенмен пайдасы болмады. Бұл жағдай Құран кәрімде Әнбия сүресінің 52-аятында және жалғасында баяндалған. Бұл туралы Нәмрудқа хабар жеткізілді. Нәмруд Ибраһим алейһиссаламды алып келуді бұйырды. Ибраһим алейһиссалам Нәмрудтың алдына барғанда жұрттар секілді оған сәжде жасамады. Нәмруд неге сәжде жасамағанын сұрағанда «Мені  жаратқан Аллаһу та’аладан басқасына сәжде жасамаймын» деді. Нәмруд Ибраһим алейһиссаламның дәлелдеріне жауап бере алмай сөзін қабылдамады. Ибраһим алейһиссалам Аллаһу та’аланың жалғыз, мәңгі екендігін, барлық нәрсенің билеуші мен иесі екенін, ал Нәмрудтың әлсіз адам және жаратылыс екенін айтты. Бұған қатты ашуланған Нәмруд қасындағылардың қолдауымен оны отқа тастауға шешім қабылдады.

Құран кәрімде Ибраһим алейһиссаламның Нәмрудпен сөйлескендігі туралы хабар берілген. Бақара сүресінің 258-аятында: «[Ей сүйіктім] Аллаһ өзіне мүлік, сұлтандық, бергені үшін азғырып, Ибраһим мен Раббы туралы тартысқан адамның [Нәмрудтың] хабарын естімедің бе? Ибраһим "Өлтіретін де, тірілтетін де менің Раббым" деген кезде [Нәмруд] "Мен де тірілтемін, өлтіремін" деген еді. Ибраһим "Аллаһ күнді шығыстан шығарады, ал сен батыстан шығар" деген кезде кәпір сасып қалды. Аллаһу та’ала зұлымдық жасаған адамдарды тура жолға түсірмейді» делінген.

Ибраһим алейһиссаламның отқа тасталуы Саффат және Әнбия  сүрелерінде білдірілген. Саффат сүресінің 97-аятында: «Кәпілер Ибраһимге бір ғимарат салып, ішінде от жаққаннан кейін Ибраһимді ішіне тастаңдар деді» делінген. Бірақ, ғимарат салынып, Ибраһим алейһиссалам отқа тасталған кезде от гүл бақшасына айналады. Бір риуаят бойынша, оттың іші балыққа толы хауызға айналды. Балықтар отындардан пайда болды. Құран  кәрімде Әнбия сүресінің 68, 69 және 70–аяттарында «Кәпірлер, "Егер іс жасасаңдар, Ибраһимді отта жағыңдар. Осылайша, құдайларыңа көмектескен боласыңдар" деді. Біз "Ей, от! Ибраһимге салқын және саламаттық бол" дедік. Ибраһимге [осылай] тұзақ құрғысы келді. Бірақ, біз олардың өздерін одан да ауыр зиянға ұшыраттық» делінген. Құран кәрімде Нәмруд есімі кездеспейді. Бірақ, бұл есім Тәуратта [Қасиетті кітаптың «Ескі  Өсиет» бөлімінде] бар. Қазіргі кезде Урфа облысында «Айн-и Зелика» немесе «Халилуррахман» деп аталатын 50 х 30 метр көлемінде бір хауыз бар. Бұл жердің Ибраһим алейһиссаламның отқа тасталған жері екендігі, балықтардың отыннан пайда болғандығы туралы айтылуда және балықтарға ешкім тиіспеуде.

Ибраһим алейһиссалам екі рет үйленді. Бірінші әйелі Сара жетпіс жасқа келсе де балалы бола алмады. Осыған байланысты Ибраһим алейһиссалам Мысырда Перғауын сыйлаған Хажәр есімді күңді екінші әйел етіп алды. Одан Исмайл алейһиссалам туылды. Сонда Сара Аллаһу та’аладан өзіне де бала беруін тілеп дұға етті. Аллаһу та’ала оған да бір бала берді. Ол – Исқақ алейһиссалам еді. Исмайл алейһиссалам арабтардың, Исхақ алейһиссалам ибранилердің бабасы болды. Яғни, арабтар мен  ибранилер (яһудилер) бір әкеден тараған, бірақ аналары бөлек бауырлар болып табылады. Ибраһим алейһиссалам Мұхаммед алейһиссаламның аталарынан болып келеді.

Ибраһим алейһиссаламға тоқсан жасында пайғамбар екендігі білдірілді. Оның діні Аллаһу та’аланың жалғыз екенідігін көрсететін еді. Құран кәрімде Али-Имран сүресінің 67-аятында: «Ибраһим (алейһиссалам) яһуди және христиан  емес еді. Ол  Аллаһу та’алаға бет бұрған [Ханиф] және Оған берілген мұсылман болатын» делінген.

Яһудилерге хақ дінді уағыздаған Мұса алейһиссалам. Мұса алейһиссалам б.з.  шамамен  1705 жыл бұрын Мысырда Мемфис қаласында дүниеге келген. Дүниеге келуінің нақты күні жайлы әр түрлі риуаяттар бар болғандықтан, ол заманда Мысырда қай Перғауын билік құрғаны нақты белгісіз. Перғауын түсінде сол жылы туылатын  бір ұл баланың өзін өлтіретінін көріп, сол жылы туылған ұл балалардың бәрін өлтіруге бұйрық берді. Мұны естіген Мұса алейһиссаламның  анасы баласын ағаш сандыққа салып, Ніл өзеніне жіберді де, Аллаһу та’алаға аманат етті. Бұл сандықты перғауынның әйелі тауып алды. Перғауын да баланы көрді. Бірақ, сандықты су бетінен көрген кезде әйелінің «Бұл сандықта зат болса сенікі, жан болса менікі» деген келісімін қабылдағандығынан, балаға ештеңе істей  алмады.

Мұса есімінің мағынасы «Судан құтқарылған» дегенді білдіреді. Христиандар  «Моше» және «Мөис» дейді. Мұса алейһиссаламның анасы өзін сүт ана ретінде перғауынның сарайына алғызып, баласын өсірді. Қырық жасқа келгенде туыстарын тауып, соларға кетті. Өзінен үш жас үлкен Харун алейһиссаламмен кездесті. Мұса алейһиссалам  ибранилерге қарсы жасалған әділетсіздіктерге қарсы шықты. Оларды  қорғады. Бір күні бір мысырлық кәпірдің [қыптидің] Бәни Исраилдың біріне зұлымдық жасап жатқанын көрді. Оны құтқарып жатқанда қыпти өлді. Алайда, Ол тек қыптидің  зұлымдығына тосқауыл болуды ғана көздеген еді.  Осыған орай Мысырдан көшуге мәжбүр болды. Мәдиан қаласына  барып, сол жерде Шуайб алейһиссаламға он жыл қызмет етті. Оның қызы Сафураға (Тсиппоре) үйленді. Он жылдан кейін қайтадан Мысырға оралды. Жолда Тур тауына соқты. Ол жерде Аллаһу та’аланың сөзін естіді. Осы кезде Оған пайғамбарлық берілді. Оған «Аллаһу та’аланың бір екендігі, перғауынның құдай еместігі» және көптеген нәрселер білдірілді. Мысырда  перғауынға барып, оны дінге шақырды. Оны жалғыз жаратушыға сенуге шақырды. Бәни Исраилге еркіндік  беруін сұрады. Перғауын бұларды  қабылдамады. «Мұса үлкен сиқыршы. Бізді алдап, елімізді қолымыздан тартып алғысы келеді» деді. Жанындағы уәзірлерінен сұрады. Олар да «Сиқыршыларды шақыр, Оны жеңсін» деді. Сиқыршылар келді. Мысыр халқының алдында жіптерін жерге тастады. Жіптердің әрбірі жыланға  айналып,  Мұса алейһиссаламға қарай жүрді. Мұса алейһиссалам қолындағы аса таяғын жерге тастаған кезде ол үлкен жыланға айналып, барлық жіптерді жұтты. Мұны көрген сиқыршылар таңданып: «Бұл адам дұрыстықты айтады» деп, Оған иман келтірді. Бұл оқиға Құран кәрімде Араф сүресінің 111-123-аяттарында баяндалған. Перғауын бұған қатты ашуланып: «Ол сендердің ұстаздарың екен ғой. Аяқ-қолдарыңды кесемін. Бәріңді құрма ағашының бұтақтарына асамын» деді. Олар: «Біз Мұсаға сендік. Оның Раббына  сыйынамыз. Тек Оның кешірімі мен мейірімін қалаймыз» деді.

Перғауын Бәни Исраилдің Мысырдан кетуіне рұқсат бермейтін. Өйткені, Бәни Исраил Мысырдан кетсе, ол өзі және қауымы қолданып жүрген қызметшілерінен, құлдарынан айырылып қалатын еді. Кәпірлердің сулары қан болды. Аспаннан құрбақа жауды, тері аурулары тарады. Үш күн қараңғылық басты. Перғауын бұл мұғжизаларды көріп қорқты және кетуге рұқсат берді. Мұса алейһиссалам Бәни Исраилмен Мысырдан шығып, Құдысқа бара жатқанда перғауын рұқсат бергеніне өкініп, әскерімен олардың артынан қуды. Суэц каналы ашылып, мүминдер арғы бетке өтіп кетті. Перғауын өтіп жатқан кезде теңіз жабылып, ол әскерімен бірге суға батты. Мұса алейһиссалам осы үлкен хижрет барысында Тур тауында Аллаһу та’алаға көп жалбарынды. Аллаһу та’аланы көргісі келді. Аллаһу та’ала оның бұл тілегін қабылдамады. Бірақ, онымен «Тур-и Сина»-да тағы сөйлесті. Мұса алейһиссалам Тур-и Синада қырық күн және қырық түн қалды, ораза тұтты. Аллаһу та’ала Оған Жәбрейіл алейһиссалам арқылы Тәуратты ләухалар бетіне жазылған түрде жіберді. Оған иман келтіргендердің мойынсұнуы үшін бөлек он ләухаға жазылған он бұйрық берілді. Сол заманнан бері яһудилердің кітаптарында және Тәураттың Тәснийа кітабының 5-бабының 6-аяты мен оның жалғасында және Хуруждың [Шығу]  20-бабының басында аталған «Әуамир-и ашәрә» [Он әмір] төменде жазылған:

1) Сені Мысыр аймағынан, құлдық үйінен шығарған Аллаһ менмін.

2) Менен басқа Тәңірің болмайды. Көктегі, жердегі, жердің астындағы нәрселердің ешқайсының суретін, мүсінін жасамайсың. Ешбір түрде оларға табынбайсың.

3) Аллаһтың есімін бостан-бос аузыңа алмайсың.

4) Аптаның алты күнінде жұмыс істеп, жетінші күні демаласың. Сенбі [Сәбт] күнін қасиетті қыласың.

5) Ата-анаңды құрметтеп, оларға бағынасың.

6) Адам өлтірмейсің.

7) Зина [Аллаһу та'ала тыйым салған жыныстық қатынас] жасамайсың.

8) Ешкімнің затын ұрламайсың.

9) Көршіңе жалған куәгер болмайсың.

10) Көршіңнің әйеліне, үйіне, егістігіне, құлына, күңіне, өгізіне, есегіне және ешбір мүлкіне көз тікпейсің.

Мұса алейһиссалам Тур-и Синадан қайтып келе жатқанда бауыры Харун алейһиссаламға аманат етіп қалдырған қауымының тура жолдан тайғанын, бір алтын бұзау мүсінін жасап, соған табына бастағанын көрді. Мұса алейһиссалам келбетті, айбатты, өткір көзді адам еді. Онымен кездескен адам үлкен әсерде қалатын. Бір жасында перғауынның маржандармен әшекейленген сақалын жұлып, оны ашуландырған еді. Әйелі Асияның шапағатымен өлтіруден бұрын оны сынақтан өткізген еді. Ішіне алтын және от салынған екі ыдысты алдына қойған кезде, ол қолын алтынға созып жатқанда Жәбрейіл алейһиссалам оның қолын отқа қарай бұрып жіберді. Отты аузына апарғанда, тілінің ұшы күйіп, отты лақтырған еді. Сол себептен алғашқы уақыттары сөйлеуінде кемшілік бар еді. Сондықтан, халқына сөйлеу қажет болған кездері бұл істі жақсы сөйлейтін бауыры Харун алейһиссаламға тапсыратын. Бірақ, пайғамбар болғанында бұл кемшілігі кетті. Ол Харун алейһиссаламнан да көркем сөйлеу нәсіп болды. Ол Тур-и Синада жүргенде Харунның көркем сөздері қауымының тура жолдан адасуына тосқауыл бола алмады. Мұса алейһиссалам қайтадан Тур тауына  барып, Аллаһу та’аладан үмбетін кешіруін сұрады. Үмбеті тәубе етті. Оларды ертіп, Аллаһу та’ала уәде еткен «Арз-и мәвудты» табу үшін шөлге кетті. 40 жыл Тих даласында болды. Шөлде Аллаһу та'ала оларды құдырет халуасы (Мән) және бөдене етімен (Сәлва) азықтандырды. Мұса алейһиссалам Арз-и мәвуд көрінетін Эриха қаласының қарсысындағы Нэбо төбесіне дейін барып, сол жерде, бір риуаят бойынша, 120 жасында қайтыс болды. Ал бауыры Харун алейһиссалам одан 3 жыл бұрын қайтыс болған еді. Арз-и мәвудқа және Арз-и мәвудта орналасқан Эриха қаласына кіру өзінен кейін келген Юша пайғамбарға нәсіп болды.

[Үлкен Ислам тарихшысы және құқықшы Ахмед Жевдет паша (рахимә-һуллаһу та'ала) «Қысас-и әнбия» кітабында былай жазылған:

«Ибраһим алейһиссаламның ұлы – Исқақ, Оның ұлы – Яқуб еді (алейһимуссалам). Оның шын аты – «Исраил» еді. Оның тегінен шыққандар «Бәни Исраил» деп аталды, бұл «Исраил ұлдары» дегенді білдіреді. Яқуб алейһиссаламның он екі ұлының бірі Юсуф алейһиссалам да пайғамбар еді. Юсуф алейһиссаламнан кейін Бәни Исраил Яқуб және Юсуф алейһимассаламның діндерін ұстанып, Мысырда өмір сүрді. Ал Мысырдың бұрынғы тұрғындары болған «Қыбт» қауымы жұлдыздарға, пұттарға, яғни мүсіндерге табынатын. Бәни Исраилді құл ретінде пайдаланатын. Бәни Исраил перғауындардың қорлықтарынан құтылып, ата-жұрты болған «Кәнан» аймағына кетуді қалайтын. Бірақ, перғауындар бұған рұқсат бермейтін. Өйткені, Бәни Исраилға ауыр жұмыстарды істетіп, оларға жаңа қалалар, ғимараттар салдыртатын еді. Имран ұлы Мұсаны анасы сандыққа салып, Ніл өзеніне тастады. Перғауынның  әйелі «Асия» оны тауып, асырап алды. Мұса алейһиссалам байқаусызда бір қыбтиді өлтіргенде Мысырдан көшіп кетіп, «Мәдиян»  қаласына барды. Ол жерде он жыл тұрды. Шуайб алейһиссаламның қызына үйленіп, Мысырға қайтты. Жолда «Тур» тауына соқты. Ол жерде Аллаһу та’аламен сөйлесу абыройына ие болды. Оған пайғамбарлық берілді. Перғауынды дінге шақыру бұйырылды. Перғауын иман келтірмеді. Мұса алейһиссалам Бәни Исраилды жинап, Мысырдан кетті. «Суэц» теңізінен өтіп,  «Эриха» аймағына қарай жүрді, дегенмен Бәни Исраил «Біз бара алмаймыз, «Амалика» халқымен соғыса алмаймыз» деді. Мұса алейһиссалам оларға бәддұға жасады. Өзінен үш жас үлкен болған бауыры Харун алейһиссаламды олармен бірге қалдырып, «Тур-и Сина» тауына кетті. Аллаһу та’аламен тағы да сөйлесті. Оған «Тәурат» кітабы берілді. Қауымы тәубе етіп, Лұт көлінің оңтүстігіне келді. Шәрийа өзенінің шығыс жағына Эриха қаласының қарсы жағына қоныстанды. Орнына Юша алейһиссаламды өкіл қылып, қайтыс болды.»

«Мират-и каинат» кітабында былай  делінген: «Мұса алейһиссалам үш рет Тур тауына барды. Бірінші барғанында оған рисалат (пайғамбарлық) берілді. Екіншісінде «Тәурат-и шәриф» пен «Әуамир-и ашәрә» (он әмір) түсті. Тәурат 40 бөлімнен тұратын. Әр бөлімде 1000 сүре, әр сүреде 1000 аят бар еді. Қазіргі қолдағы Тәураттарда осыншама аят жоқ. Өйткені Тәурат пен Інжілдің кейіннен өзгертілгендігін Құран кәрім хабар беруде. Мұса алейһиссаламға Жәбрейіл алейһиссалам  әкелген Тәуратты тек Мұса, Харун, Юша, Узәйр және Иса алейһимуссалам жаттаған.»

«Қамус-ул аләм» кітабында былай делінген: «Асури билеушісі Бухтунасар Құдысты алып, Мешіт Ақсаны қиратқан кезінде Тәурат нұсқаларын өртеді. Жетпіс мың яһуди ғұламасын тұтқынға алып, Вавилонға жіберді. Олардың ішінде Даниал және Узейр алейһимәссалам да бар еді. [Узәйр алейһиссаламды яһудилер Азра деп атайтыны «Мүнжид»-те жазылған. Бірақ, қазіргі «Қасиетті кітап»-тың ескі  өсиет бөліміндегі «Азра» кітабын және басқа да кітаптарды жазған Ибрани дін адамы – Азра, Узәйр алейһиссалам емес.] Яһудилер Тәуратты ұмытты. Адасты. Насихат етуге жіберілген пайғамбарларға сенбеді. Олардың көбісін шәһид етті. Иран патшасы Бахман Кайхусрау асурилерді қырғынға ұшыратты. Яһуди тұтқындар мен Даниал алейһиссаламды босатты. Мешіт Ақсада құлшылық жасайтындар көбейді. Ұлы Ескендір Зұлқарнайн Құдысты алғаннан кейін яһудилерге араларынан Хиродес деген кісіні әкім қылып тағайындады, дегенмен бұл сатқын яһуди Яхия алейһиссаламды шәһид етті. Көп зұлымдық көрсетті. Одан кейін Құдыс Римдіктердің қолына өтті. Яһудилер қарсы шыққанда б.з. 135 жылы Адриян Құдысты талқандап, яһудилерді өлтірді. Қашқандары жан-жаққа тарады. Барған жерлерінде христиандардан көп зұлымдық пен жапа шекті. Ислам діні келген кезде олар зұлымнан құтылып, шаттыққа бөленді. Құдыс қаласы Византия императорлары тарапынан жөнделіп, «Илия» деп аталды. Қала мен Мешіт Ақсаны Әмәуилердің бесінші халифасы Абдулмалик қайтадан салдырды. Христиандар крест жорықтарында оны қиратты. Салахаддин Әйюби оны жөндеуден өткізді. Кейін Османлы халифалары жөндеп, безендірді.»

Яһудилердің Тәураттан кейінгі қасиетті кітабы – «Талмуд». Мұса алейһиссалам Тур-и Синада Аллаһу та’аладан естігендерін Харун, Юша және Әл-иазарға айтты. Олар кейіннен келген пайғамбарларға және қасиетті Яхудаға білдірді. Ол екінші ғасырда бұларды қырық жыл ішінде бір кітапқа жинады. Бұл кітап «Мишна» деп аталған. 3-ғасырда Құдыста, 6-ғасырда Вавилонда Мишнаға бірнеше түсіндірмелер (тәпсірлер) жазылған. Олар «Гамара» деп аталған. Екі Гамараның бірін Мишнамен бір кітап етіп, оны «Талмуд» деп атаған. Құдыс Гамарасынан жасалғаны «Құдыс Талмуды», Вавилон Гамарасынан жасалғаны «Вавилон Талмуды» деп аталған. Христиандар осы үш кітапқа дұшпан. Себебі, Иса алейһиссаламды асу үшін дайындаған крестті көтеріп жүрген және крестке керу оқиғасына қатысқан Шәмун Мишнаны риуаят етушілердің қатарында деп санайды. Талмудтағы адамзатқа зиянды әмірлерден кейбірлері «Жауап бере алмады» кітабымыздың соңында жазылған. Жоғарыда аталған «Әл-иазар»-дың Шуайб алейһиссаламның баласы екендігі «Мират-и каинат» кітабында жазылған.]

Христиандар «Қасиетті кітап» деп санап жүрген кітап «Ахд-и атиқ» (ескі өсиет) және «Ахди жәдид» (жаңа өсиет) деген екі бөлімнен құралған. Яһудилер оның тек «Ескі өсиет» бөліміне ғана сенеді және оны «Қасиетті кітап» деп атайды. Оны ескі өсиет деп атауды қабылдамайды. Оған «Танах» дейді. Танахты үшке бөледі. Оның бірінші бөлімін «Тәурат» деп атайды. Олардың «Тәурат» деген кітаптары бес бөлімнен құралған:

1) Тәкуин (Genesis),

2) Шығу (Exodus),

3) Левиліктер (Leviticus),

4) Сандар (Numeri),

5) Таснийа (Deuoronomium).

(Бұл бес кітаптың жалпы атауы – Pentateuch.)

Құран кәрімнің Исра сүресінің 2-аятында: «Біз Мұсаға кітап бердік» делінген. Қазір қолдағы Тәураттың ішіне көптеген бөтен жазулар қосылған. Олардың Мұса алейһиссаламға түскен шынайы Тәуратпен еш қатысы жоқ. [Кеңірек мәліметті «Құран кәрім және Інжілдер» бөлімінен көріңіздер!]

Шынайы Тәуратта Аллаһу та’аланың Мұхаммед (алейһиссалауату уәттәслимат) есімді соңғы пайғамбар жіберетіндігі жазылған. Мұса алейһиссаламның екінші рет Аллаһу та’алаға жасаған мінәжатында (жалбарынуында) адасқан қауымы үшін кешірім сұрағандығы Араф сүресінің 155-157-аяттарында былай білдірілген: «Мұса: Раббым, егер қаласаң, бұдан бұрын мені және оларды жояр едің. Арамыздағы нашар, төмен адамдардың жаман әрекеттеріне байланысты бізді жойып жібересің бе? Бұл сенің сынағыңнан басқа  ештеңе емес. Сен онымен қалағаныңды адастырып, қалағаныңды тура жолға саласың. Біздің досымыз сенсің. Бізді кешіре гөр! Бізге рақымдылық жаса! Сен кешірушілердің ең жақсысысың. Біз үшін бұл дүниеде әміріңе мойынсұнуды, жақсы өмір сүруді, ал ахиретте жәннатты нәсіп ет! Біз саған тәубе еттік, саған қайттық!» деді. Аллаһу та’ала Оған «Қалаған адамымды азапқа ұшыратамын. Менің мейірімім барлық нәрсені қаптаған. Бұл мейірімім [ахиретте] мүттәкилерге [күпірлік пен күнәлардан сақтанғандарға], зекеттерін бергендерге және біздің аяттарымызға иман еткендер үшін. Олар үмми (оқу-жазуды білмейтін) пайғамбар болған Расулға мойынсұнады. Ол расулдың [есімі мен сипаттарын] жандарындағы Тәурат пен Інжілден табады. Ол пайғамбар жақсылықты, иманды бұйырып,  жамандыққа, күпірлікке тыйым салады. Таза нәрселерді халал, жаман нәрелерді харам қылады. Олардың жүктерін түсіреді және қиындықтарды жеңілдетеді. Осы пайғамбарға сенгендер, Оған  тағзым еткендер, Оған көмектескендер, Оған жіберілген нұрға [Құран кәрімге] мойынсұнғандар, міне солар мәңгілік  бақытқы қауышатындар.»

Яһудилердің соңғы пайғамбарға сенгендері және Оның келуін күткендері ақиқат. Тіпті кейбір тәфсирлерде яһудилердің соғыста «Йа, Рабби! Келуін бізге уәде еткен соңғы пайғамбарыңның (алейһиссалауату уәттәслимат) құрметіне бізге көмектес» деп дұға еткендері және сол соғыстарда  жеңіске жеткендіктері туралы жазылған.

Мұса алейһиссаламнан кейін ибранилерге келген пайғамбарлардың (алейһимуссалауату уәттәслимат) ішінде Дауд және Сүлейман (алейһимәссалам) хақ діннің таралуына көп көмектескен. Яһуди дінінің негіздерін қысқаша былай қорытындылауға болады:

Иман: Бір ғана Аллаһ бар. Ол өздігінен бар. Туылмаған және тумайды. Барлық нәрсені көреді және біледі. Кешіру немесе жазалау тек Оның ғана құдіретінде.

Ахлақ: Ахлақтың негіздері қасиетті он әмір, яғни «Әуамир-и ашәрә» болып табылады. Адамдардың осы он әмірге толықтай бағынуы керек. Адамның денесі бөлек, рухы бөлек. Рух қияметке дейін өлмейді. Ахирет өміріне иман ету керек.

Дін негіздері: Яһуди болмаған ұлттар «пұтқа табынушылар» болып саналады. Олардан аулақ болу керек. Олармен мүмкіндігінше байланысты үзу керек. Қанды немесе қансыз құрбан шалу керек. [Яһудилер барлық жануарды, тіпті көгершінді, бірақ көбінесе қой, ешкі, сиырды құрбандыққа шалатын еді. Уақыт өте тұзсыз наннан жасалған шелпектер, қамырсыз деп аталған бәліштер құрбандық орнына өтті. Оларды тарату қансыз құрбандық шалу деп саналды.] Қанға  қан, жанға жан қағидасы қолданылады. Бір жамандық жасаған адамға дәл сол түрде қайтарылады. Ұл балалар хахам [яһуди дін адамы] тарапынан сүндеттеледі. Еті желінетін малдар сойылуы керек. Басқаша өлтірілген малдың етін жеуге болмайды. [Қазіргі кезде де Еуропа мен Америкада яһуди қасапшылардың дүкендерінде «Кашер» деген белгі қойылады. Оның мағынасы: ол дүкенде сатылатын еттің  хахамдар көрсеткен әдіспен сойылған малдың еті екендігі. Яһудилер тек осы жолмен дайындалған етті ғана жейді. Мұсылмандар да тек Аллаһу та’аланың есімімен сойылған малдың етін ғана жейді. Шошқа етін мүлдем жемейді.] Яһуди әйелдері некесі қиылғаннан кейін басын жауып жүруге мәжбүр. Қазір яһуди әйелдері бұл істі Еуропада бастарына парик кию арқылы орындауда. Шошқа етін жеу яһудилерге де харам.

Яһудилердің ғибадат түрлері бірнеше әдіске байланысты. Қасиетті күндері – сенбі. Бұл күні олар жұмыс істемейді, от жақпайды. Яһудилер бұл күнді мейрам санап, ғибадатпен өткізеді. Оны «Шабат» деп атайды. Яһудилердің сондай-ақ Песах, Шавуот, Рош-ха-Шанах, Кипур, Сухкот, Пурим, Ханука және тағы көптеген мейрамдары бар. Песах – яһудилердің Мысыр құлдығынан құтылуының естелігі. Шавуот – гүл мерекесі, ол Тәурат пен әуамир-и ашәрәнің берілуінің естелігі. Кипур – үлкен ораза күні, яһудилер тәубе етіп, кешірілуінің естелігі. Сухкот – қамыс мерекесі. Шөлдегі өмірдің естелігі.

Хахамдардың (раввин) христиан поптары сияқты күнәні кешіру құқығы жоқ. Олар тек ғибадаттарды басқарады. Аллаһу та’аланың алдында барлық яһудилер тең, араларында ешқандай айырмашылық жоқ.

Діни рәсімдері және хахамдардың ғибадатты басқару түрі Мұса алейһиссаламнан кейін келген пайғамбарлар (алейһимуссалауату уәттәслимат) тарапынан көбейтілген және өзгертілген, жаңа нәрселер қосылған. Дауд алейһиссаламнан кейін Оған жіберілген «Зәбүр»-дің діни рәсімдерде оқылуы немесе сазды аспаппен шалынуы ғибадатқа енгізілген.

Дауд алейһиссалам б.з. шамамен 1000 жыл бұрын дүниеге келген. [Еуропалық тарихшылар Дауд алейһиссаламның билік кезеңін б.з.д. 1015-975 жыл деп бекіткенімен, бұл нақты емес.] Бұрын шопан болған Дауд алейһиссаламның дауысы әсем болғандықтан [қазірдің өзінде Даудтың даусы тіркесі қолданылуда], біраз уақыттан кейін мемлекет басшысы Талуттың [мемлекет аралық есімі: Сауль] алдына шығарылып, оның рубаб (цитра – музыкалық аспап) шалушысы болған. Бұрын араларында үлкен достық құрылып, Талут Оны өзіне жолдас қылғанымен, Дауд алейһиссаламның атағы күн сайын арта түсіп, отыз жасында бір соғыста алып Жалутты [Goliath] таспен ұрып өлтіруі, осылайша халықтың Оған таң қалуы Талутты сескендіріп, Даудты өзінен алшақтатқан. Бірақ, Талут қайтыс болғаннан кейін Дауд алейһиссалам халқының қалауымен оның орнына өтіп, алғаш рет Құдысты исраилдықтардың орталығы қылған. Дауд алейһиссалам 40 жыл билік құрды. Оған «Зәбүр» деген кітаптың берілгендігі Құран кәрімнің Ниса сүресінің 163-аятында және Исра сүресінің 55-аятында жазылған. Онда Дауд алейһиссаламның Аллаһу та’алаға жалбарынуы, Одан кешірім сұрауы бар екендігі ақиқат. Ал қазіргі Қасиетті кітаптағы Зәбүрде бұлармен қоса басқа адамдар тарапынан қосылған бөлімдер де кездесетіндіктен, Аллаһу та’ала жіберген күйін толықтай жоғалтқан. Аллаһу та’ала Дауд алейһиссаламға көптеген жақсылықтар сыйлаған. Құран кәрімде Сәбә сүресінің 10-аятында: «Біз Даудқа [басқа адамдар мен пайғамбарларға] ізгілік [пайғамбарлық, кітап, сұлтандық, әсем дауыс және темірді қолмен майыстыру сияқты] үстемдіктер бердік. Ей, таулар мен құстар, сендер де Онымен бірге тәсбих етіңдер дедік. Оған темірді [шам сияқты] жұмсақ еттік» делінген. Сад сүресінің 17-19 аяттарында «Ей, Мұхаммед! Кәпірлердің айтқан сөздеріне сабыр ет. Құлымыз, күш иесі Даудты есіңе түсір! Ол әрдайым Аллаһқа тәубе ететін. Дұрысы, біз таңнан кешке дейін онымен бірге тәсбих ететін таулар мен құстарды оның билігіне берген едік» және Сад сүресінің 25-аятында да «Дәргейімізде Оның жоғары дәрежесі және жарқын болашағы бар» делінген. Қазіргі қолымыздағы Тәурат пен Інжілде Дауд алейһиссаламның қарамағындағы Урия атты әскербасының Батшеба деген әйелімен болған оқиғасы ретінде Екінші Самуэльдің 11-бабында жазылған хикая шындыққа жанаспайды. [Әли (радиаллаһу анһ) бұл қате және негізсіз хикаяны айтқандарға жүз алпыс таяқ ұратынын білдірген. «Мәуақиб» тәфсирі, Сад сүресінің жиырма алтыншы аятынының тәфсирінде былай делінеді: «Урия Тешаму есімді қызбен үйлену үшін қызға хабар жіберді. Қыз қабыл еткенімен, қыздың туыстары қаламады. Урияны жамандады. Сол кезде Дауд алейһиссалам да Тешамумен үйленуді қалады. Урия соғыста қайтыс болғаннан кейін қыз Дауд алейһиссаламға тұрмысқа шықты. Келісімі жасалып қойған қызбен үйленуіне Аллаһу та’ала разы болмады. Дауд алейһиссалам қателескенін түсінгенде тәубе етті, кешірілді.»]

Құран кәрімде бұл мәселе жайлы нақты мәлімет жоқ. Керісінше, Дауд алейһиссаламның әрдайым Аллаһу та’аладан қатты қорққандығы, оған хақты нахақтан ажырататын күш берілгендігі туралы жазылған. Сад сүресінде [24-аятында] бір қой дауында әділетсіздік жасамау үшін сәждеге жығылғаны және Аллаһтан кешірім сұрап, көп дұға еткендігі жазылған. Бұл Урия аңызының Тәурат пен Інжілге кейіннен қосылғандығын Ислам ғалымдары бірауыздан қолдайды. «Исраилият» деп аталатын осындай ойдан шығарылған хикаялар яһудилерден сауатсыз мұсылмандарға өткен болса да, Ислам ғалымдары бұлардың жалған екендігін білдірген.

Дауд алейһиссаламның ұлы Сүлейман алейһиссалам [билік құрған кезеңі шамамен б.з.д. 965-926 жылдары] әкесінің орнына Исраил ұлдарының пайғамбары және билеушісі болды. Жын, жыртқыш аңдар және құстармен сөйлесетін. Сүлейман алейһиссаламның дәуірі исраил ұлдарының ең жарқын кезеңі болған. Сүлейман алейһиссалам кезеңіне дейін Исраил билеушілері сарайдың не екенін білмейтін. Жоғарыда аты өткен Талуттың үйі ең қарапайым шаруаның үйімен бірдей болатын. Сүлейман алейһиссалам ең алдымен Құдыс қаласын құрып, бір зәулім сарай салды. Көптеген ғимараттар, сарайлар, бау-бақшалар, хауыздар, құрбандық шалатын орындар, ғибадатханалар салдырды. Құдыста салдырған ең ірі ғибадатхана «Мешіт АқсаБәйт-и Муқаддәс – Қасиетті үй» деп аталған еді. Бұл ғимаратты финикиялық ұсталарға салдырған болатын. Жындар да қызмет еткен еді. Бұл мешіттің құрылысында өте бағалы заттар қолданылған. Оған алыстан қараған кезде тұтас алтындай жарқырап тұратын, көрген адамдар таң қалатын. Оның құрылысы жеті жылға созылды. Өкінішке орай, бұл керемет мешіт асури билеушісі екінші Бухтуннасар тарапынан Құдысты басып алған кезінде өртелді. Тәурат нұсқаларының барлығы жанып, мүлдем қалмады. Оны Кәйхусрав жөндеткенімен, кейінен оны римдіктер өртеді. «Қамус-ул-аләм»-да былай делінген: «Осы қиратудан кейін Құдыстың мусауилер тарапынан өркендетуі аяқталып, кейіннен Грек-Византия императорлары Мешіт Ақсаны жөндеп, Құдысты «Илия» деп атады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Мешіт Ақсада намаз оқыған. Құдыс хижреттің 16-жылы Омар (радиаллаһу анһ) дәуірінде мұсылмандар тарапынан жаулап алынды. Абдулмәлік (рахимә-һуллаһ) дәуірінде қазіргі мешіт жаңадан салынған.» Артқы жағында қалған негізгі қабырғаларын қазіргі кезде яһудилер «Жылау  қабырғасы» деп атап, осы қабырғаның алдында дұға етуде.

Сүлейман алейһиссалам дәуірінде Құдыс әлемнің ең бай, ең әсем қаласы болған. Сүлейман алейһиссалам салдырған зәулім сарайлар, оның ішіндегі бөлмелер, ішіндегі құнды заттар туралы көптеген хикаялар бар. Әлемде қазірге дейін ешбір патша Сүлейман алейһиссалам сияқты тамаша, ертегіге ұқсайтын өмір сүрмеген деуге болады. Сүлейман алейһиссаламның бірнеше әйелі мен күңдері болған. Сүлейман алейһиссалам саудаға көп көңіл бөлгендіктен, байлығы күн сайын арта түскен және Ол сарайын жаңа, бағалы заттармен безендірген, көптеген асыл тұқымды аттар, құстар және басқа да жануарлар асыраған. Сарайда күніне 30 сиыр, 100 қой және киіктер сойылатын. Сүлейман алейһиссалам әрдайым бейбітшілікті қалап, көршілерімен жақсы қарым-қатынас пен достық орнатуға тырысқан. Көршісі Мысыр перғауынының қызына үйленген. Сондай-ақ, Саба ханшайымы Бәлқисті де хақ дінге шақырып, онымен достық құрған, Ислам тарихшыларының риуаяты бойынша, оған да үйленген. Бәлқистің Сүлейман алейһиссаламнан шақыру алғандығы Құран кәрімнің Нәмл сүресінің 29-32 аяттарында айтылады.

Сүлейман алейһиссалам да барлық пайғамбарлар (алейһимуссалауату уәттәслимат) сияқты өте әділ билеуші болған. «Сүлейман әділдігі» Омардың (радиаллаһу анһ) әділдігі сияқты бүкіл әлемде әділеттіліктің үлгісі деп қабылданған. Сүлейман алейһиссалам өзге сенімдерге де толеранттықпен қараған, фанат яһудилердің қарсылығына қарамастан басқа діннің ғибадатханаларын салдырған. Осы себептен Оны бүкіл әлем құрметтеп, жақсы көрген, бүкіл әлемге үлгі болған. Ол әкесі Дауд алейһиссаламның дінін жалғастырған.

Сүлейман алейһиссаламның жағдайы туралы Құран кәрімде жазылған. Сәбә сүресінің  12-аятында: «Күндіз ескенде бір айлық жолға барып, кешке бір айлық жолдан қайтатын желді Сүлейманға бағындырдық. Ол үшін судай еріген мысты ағыздық. Раббының рұқсатымен жұмыс істеп жүрген жындарды да Оның әміріне бағындырдық және олардан арасынан әмірімізден шыққаны болса, оған жалындаған оттың азабын таттырдық» делінген.

Сад сүресінің 30-39-аяттарында: «Даудқа Сүлейманды бердік. Ол жақсы құл еді. Өйткені Ол әрдайым [зікірмен, тәубемен] Аллаһу та’алаға тәуәжжуһ етеді. Оны көп тәсбих ететін. Оған бір кеште өте тез жететін асыл тұқымды аттар ұсынылды. Сүлейман: "Мен бұл жақсы малдармен шұғылданып, Раббымның зікірінен мақрұм қалдым, кеш батты" деген еді. Қатты мұңайды. Оларды маған қайтарып беріңдер! деп аяқтары мен мойындарын кесті. [Еттерін кедейлерге таратты.] Кейін бұрынғы халіне қайтты. "Раббым, мені кешір. Маған менен кейін ешкім қол жеткізе алмайтын билікті бер. Сен күмәнсіз әрдайым ихсан етушісің!" деді. Біз осыған орай қалаған жеріне Оның әмірімен баратын желді, ғимарат салатын және су түбіне сүңгитін шайтандарды және темір шынжырлармен байланған басқаларын Оның әміріне бердік. Міне біздің ихсанымыз осы. Қаласаң басқаларға да бер, қаласаң берме! Біздің ихсандарымыздың есебі жоқ дедік. Дұрысы, дүниеде берген осы ниғметтер секілді ахиретте де жоғары дәрежесі және жарқын болашағы бар» делінген.

Яһуди және христиан басылымдары қазір қолдарындағы Қасиетті кітапты,  яғни Тәурат пен Інжіл деп атайтын кітаптарының үш бөлімінің Сүлейман алейһиссаламның кітабынан алынғанын айтады. Бұлар «Ескі өсиеттің» «Сүлейманның оқиғалары, уағызшы және өлеңдердің өлеңі» кітаптары. Тәуратта Сүлейман алейһиссаламның желге, құстарға және басқа да жануарларға бұйрық бергендігі, олардың тілін түсінгендігі, құстар мен жануарлар Оның бұйрығын дереу орындағандығы, қол астындағы жындар арқылы салдырған бүкіл ғимараттардың тез салынып біткендігі туралы айтылады.

Дауд алейһиссалам дәуіріндегі мәдени құқықтар Сүлейман алейһиссалам дәуірінде одан да кеңейтілді. Жаңа үкім бойынша әкелердің ұлдарында шексіз ақылары бар болатын. Бала қанша жаста болса да, әкесінің бұйрықтарын орындауға міндетті еді. Үлкен бала мирасты екі есе артық алатын. Некелесу, үйлену сияқты мәселелер тек қана отбасының үлкендері тарапынан шешілетін. Үйленбекші болған жастар өздеріне таңдалған жарымен үйленуге мәжбүр болатын еді. Ажырасқан әйел күйеуінен «Мәһір» деп аталатын ақша алатын. Баласы жоқ немесе баласы қайтыс болған жесір әйел қайынымен үйленуге мәжбүр еді. Осы некеден туылған алғашқы бала қайтыс болған күйеуінің баласы болып саналатын және оның мирасын алатын еді. Бір еркекке бірден артық әйелге үйленуге рұқсат берілген еді.

Сүлейман алейһиссалам қайтыс болғаннан кейін Бәни Исраил он екі қауымға бөлінген, бір-бірімен қарсыласқан. Бұл бөліну ісі әлі Сүлейман алейһиссалам дәуірінде тірі кезінде басталған, бірақ Сүлейман алейһиссалам Аллаһу та’аланың ихсанымен қауымдарды біріктіріп ұстай білген еді. Сүлейман алейһиссаламның орнына баласы Рэхобоам өтті. Оған он екі қауымның екеуі ғана бағынды. Исраил мемлекеті екіге бөлінді. Бұл мелекеттің бірі «Исраил» болып, он қауымды құрады. Қалған екі қауым «Яхуда» мемлекеті деп аталды. Олар Құдыста қалды, азғындап, Аллаһу та’аланың азабына ұшырады. Біраз уақыт Асури мемлекетіне тәуелді болды. Асури билеушісі Бухтуннасар (Навухаданносор) б.з. 587 жыл бұрын Құдысты қырып жойды. Исраил ұлдарын Құдыстан қуып, Вавилонға сүргінге айдады. Алайда, Иран шахы Кейхусрав [Кирус] асурилерді жеңгеннен кейін яһудилердің қайтадан Құдысқа қайтуына рұқсат берді. Яһудилер Құдысқа оралып, өртенген қаланы біраз жөндеуден өткізді. Алғашқыда ирандықтардың, кейіннен македониялықтардың қол астында өмір сүрді. Б.з.д. 64-жылы римдіктер Құдысқа кірді. Қаланы қайтадан қырып жойды. Римдіктер тағы бір рет б.з. 70 жыл бұрын Құдысты жер мен жексен етті. Рим императоры Титус Құдысты толығымен жойды.

Яһудилер римдіктердің қол астында болған кезде Иса алейһиссалам дүниеге келді. Осындай кезеңде шынайы Тәурат нұсқалары жойылды. Тәурат деген әр түрлі кітаптар жазылды. Оларға көптеген басқа бөлімдер, қате сенімдер қосылды. Сондықтан Аллаһу та’ала яһудилерге [және басқа адамдарға] тура жолды көрсету үшін Иса алейһиссаламды пайғамбар етіп жіберді. Яһудилер Иса алейһиссаламды пайғамбар ретінде танығылары келмеді. Алайда, олар Тәуратта жазылғанындай, бір пайғамбар келетінін білетін және Оны күтетін еді. Бірақ, ол пайғамбарды (алейһиссалату уәссәләм) өте күшті, батыл, ұстағанын қирататын, оларды римдіктерден құтқаратын адам деп ойлаған еді. Өте жұмсақ мінезді болған Иса алейһиссаламды олар ұнатпады. Оны жалған пайғамбар деп, анасы хазреті Мәриямға жала жапты. Қазір әлемде яһуди болып қалған 15 миллион адам бар. Олардың ішінде шынайы Тәуратқа бағынатындары мүлдем жоқ. Халықаралық статистика болған «Britannica of the year» альманахы бойынша олардың бір дінді ұстанатындығына күмән бар. Өйткені, яһудилердің ішінде әр түрлі топтар бар.

«Жауап бере алмады» кітабымыздың 326-бетінде яһудилік жайлы кеңірек мәлімет берілген.