7 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     10 - Қазан, 2024 жыл.   


Хақ діндер

Сұрақ: Дін деген не? Христиандық пен яһудилікті дін деп атауға болады ма? Ислам дінінен басқа хақ дін жоқ қой, оларды дін деп атау, жалпы діндер деген сөзді қолдану қате емес пе?

Жауап: Қате емес. Аллаһу та'ала алғашқы адам және алғашқы пайғамбар болған Адам алейһиссаламнан бері әр мың жылда дін иесі жаңа пайғамбар арқылы адамдарға діндер жіберген. Олар арқылы адамдарға дүниеде рахат және бақытты өмір сүрудің, ахиретте мәңгі бақытқа қауышудың жолын көрсеткен. Қазір әлемде сәмәуи кітабы бар болған үш дін бар: Яһудилік, Христиандық және Ислам діні. Яһудилер Мұса алейһиссалам, Христиандар Иса алейһиссалам алып келген дінді ұстанатынын айтады. Қазір ешқайда шынайы Тәурат пен Інжіл жоқ. Бұл кітаптар кейіннен адамдар тарапынан өзгертілген. Егер өзгертілмеген болса да, ол діндердің үкімі тоқтаған, хақ дін ретінде тек Ислам діні ғана көрсетілген. Басқа діндерге бұзылған діндер делінеді.

Құран кәрімде де діндер сөзі өткен. Үш аяти кариманың мағынасы мынадай:

«Олардын діндерін ұстанбағанша яһудилер мен христиандар сенен мүлдем разы болмайды. "Дұрыс жол тек қана Аллаһтың жолы" деп айт! Саған келген білімнен кейін олардың әуесіне еретін болсаң, ант болсын, Аллаһтан саған дос та, жәрдемші де болмайды.» (Бақара 120)

«Пұтқа табынушыларға ұнамаса да, дінін бүкіл діндерден үстем қылу үшін пайғамбарын дұрыс жол және хақ дінмен жіберген Аллаһ.» (Тәубе 33)

«Бүкіл діндерден үстем қылу үшін пайғамбарын дұрыстықтың жол көрсетушісі Құран және хақ дінмен жіберген Ол. Куә ретінде Аллаһ жеткілікті.» (Фәтих 28)

Христиан мен яһуди діндері сәмәуи дін болса да, үкімдері тоқтатылып, жарамсыз болған. Аллаһу та'ала бүкіл діндерден үстем болған Ислам дінін жіберген. Сүйікті пайғамбарымыз айтқан:

«Ата-анасы бір бауырлар әр түрлі діндерден болмағанша қиямет басталмайды.» (Дәйләми)

«Басқа дінді ұстанатындар бір-біріне мирасқор бола алмайды.» (Тирмизи)