12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Жанұя бақытының кілті – күлімдеу

Жанұя бақытының кілті – күлімдеу

Сөзіміздің басында, бірден айта кетейік, жер бетінде мінсіз, кемшіліксіз болған еркек те, әйел де жоқ. Әр адамның жақсы қасиеттері болуымен қатар, жаман қасиеттері де болады. Бұл жағдайда ер кісінің әйелінен көп нәрсе күтуі – дінді жақсы білмеуінің белгісі. Әйел – әлсіз және нәзік жаратылыс. Әйелінің жақсы мінезді болуын қалаған адамның әуелі өзі жақсы мінезді болуы керек! Құран кәрімде адамның басына келген қиыншылықтардың бәрі өз күнәлары себебімен келетіні айтылған. Олай болса, дініміздің әмірлері мен тыйымдарын ұстанған кісі әйелімен жақсы қарым-қатынаста болады. Үйге келгенде әйеліне сәлем беріп, хал-жағдайын сұрау керек, қайғысы мен қуанышына ортақ болу қажет. Хадис шәрифтерде айтылған:

«Әйелдеріңді қинамаңдар! Олар – Аллаһу та'аланың сендерге берген аманаты. Оларға жұмсақ болыңдар, жақсылық жасаңдар!» (Мүслим)

«Иманы ең қуатты кісі – мінезі ең жақсы және әйеліне ең жұмсақ болған адам.» (Тирмизи)

Жақсы мінезді адам екі өмірде де рахатта болады. Кемшіліксіз пенде жоқ. Кемшіліксіз дос іздеген доссыз қалады, кемшіліксіз жұбай іздеген таба алмайды. Үйде әр жерден бір кемшілік іздеп жүрмеу керек! Сын айту мен сөз таласу жанұяның бұзылуына немесе бақытсыз болуына, ұрыс-керіске себеп болады. Ешкім сын айтылғанды жақсы көрмейді. Бәрі мақтау күтеді. Әйел үшін ең үлкен қуаныш – күйеуінің оны мақтауы, дәріптеуі. Әсіресе әйелдер қарапайым нәрселерге мән береді. Мейрамдарда, қасиетті түндерде, үйлену жылдықтарында, ұсақ-түйек болса да, сыйлық беруге аса мән берген жөн!

Дәріптеуші, сыпайы, жағымды және бала-шағасына күлімдеп қарайтын адамның үйінде сыйыспаушылық бола ма? Жылы сөз жыланды да інінен шығарады, күлімдеуге қарсы темір де ериді. Жүректі жаулау жолы күлімдеуден өтеді. Күлімдеу тегін, алғанды қуантады, бергенді қайғыртпайды. Бақыттың кілті – күлімдеу.

Отбасыда бақыттылыққа қол жеткізу және оның үнемі жалғасуы үшін әйелдермен жақсы мәміледе болу қажет. Хадис шәрифте айтылған: «Мүмин әйеліне берген бір үзім наннан да сауап алады.»

Әйелдер – Аллаһу та'аланың бізге берген аманаты. Салиха әйел мүминдер үшін бақыт, ол жәннат ниғметтерінен саналады. Ондай әйелді ренжітуге болады ма?

Расулуллаһ алейһиссалам туысқандарына, сахабаларына және қызметшілеріне кішіпейіл болып, жақсы қарайтын еді. Үй ішінде өте жұмсақ және күлімдеген жүзді еді. Мұсылман да бәріне күлімдеп қарауы және жылы сөйлеуі керек. Дөрекіліктің зияны көп. Хадис шәрифте айтылған:

«Жұмсақ мінезді бол! Дөрекіліктен сақтан! Жұмсақтық адамды көркейтеді, жамандықты кетіреді!» (Мүслим)

Ақылы бар адам мына үш күндік дүниеде болмашы себептермен бала-шағасын, жанұясын ренжітіп өмірін өткізеді ме?