14 - Шәууал, 1445 жыл.
     23 - Сәуір, 2024 жыл.   


ТОҒЫЗЫНШЫ ТАҚЫРЫП

Аллаһу та'ала айтады: «Йа, Мұхаммед, басыңды сәждеден көтер! Сен айт, сөзің тыңдалады. Шапағат ет, қабыл болады». Бұған пайғамбар (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Йа, Раббым! Құлдарыңның арасынан жақсылар мен жамандарды ажырат, уақыттары ұзап кетті. Әр қайсысы күнәларымен арасат алаңында масқара болды» дейді.

«Иә, ей Мұхаммед!» (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) деген бір үндеу есітіледі. Аллаһу та'ала жәннатқа әмір етеді, ол әр түрлі әшекейлермен әшекейленеді. Арасат алаңына апарылады. Жұпар иісінің хоштығы бес жүз жылдық арағашықтықтан сезіледі. Оның иісі жеткенде көңілдер рахаттанады. Рухтар тіріледі. [Бірақ кәпірлер, мүртәдтер және дүиеде мұсылмандарды мазақ қылғандар, Құран кәрімді қорлағандар, жастарды алдап имандарын ұрлағандар және] істері жаман нашар адамдар жәннаттың иісін сезе алмайды.

Жәннат Арштың оң жағына қойылады. Бұдан кейін Аллаһу та'ала тозақты әкелуді әмір етеді. Тозақ қорқып, айқайлайды. Жіберілген періштелерге «Аллаһу та'ала маған азап беретін бір махлұқ жаратып, онымен мені азаптайды ма?» дейді. Олар: «Аллаһу та'аланың құрметі, ұлылығы және құдіреті үшін Раббың сен арқылы Оған қарсы шыққан, сенбеген Ислам дұшпандарынан кек алуға бізді саған жіберді. Ал сен осы мақсатта жаратылдың» дейді. Періштелер тозақты төрт жағынан тартып әкеледі. Оған жетпіс мың жіп тағып тартады, әрбір жіпте жетпіс мың шығыршық бар. Дүниедегі темірлердің бәрі жиналса, оның бір шығыршығындай бола алмайды. Әр шығыршықта забани деп аталатын азап періштелерінен жетпіс мың періште бар, олардың тек біреуіне ғана дүниедегі тауларды қопару бұйырылса, бөлшектеп тастайды. Ол кездегі тозақтың айқайы, гүрілдеуі, от шашуы және қалың түтіні бүкіл аспанды қап-қара қылады. Махшар майданына мың жылдық жол қалғанда тозақ періштелердің қолынан шығып кетеді. Гүрілдеуі, күркіреуі және ыстығы шыдауға келмейтіндей дәрежеде болмақ. Махшардағылардың бәрі бұдан қатты қорқады. Бұл ненің гүрілі деп сұрайды. Хабар беріліп: «Тозақ забанилердің қолынан босап кетіп, сендерге жақындап келе жатыр, соның гүрілі» делінеді. Мұны естіген бардық адамзат тізелері ұстамай шөгіп қалады. Тіпті пайғамбарлар мен Расулдар да өздерін ұстай алмайды. Хазреті Ибраһим, хазреті Мұса, хазреті Иса Аршқа жабысады. Ибраһим алейһиссалам құрбан еткен Исмаил алейһиссаламды ұмытады. Мұса алейһиссалам бауыры Харун алейһиссаламды, Иса алейһиссалам анасы хазреті Мәриәмді ұмытады. Бәрі: «Йа, Раббым! Бүгін нәпсімнен (өзімнен) басқа ештеңе сұрамаймын» дейді.

Ол кезде Мұхаммед алейһиссалам болса: «Үмбетіме саламаттық пен құтылыс бер, йа Раббым» дейді.

Ол жақта бұған шыдай алатын ешкім болмайды. Өйткені Аллаһу та'ала мұны хабар беріп, «Жасиә» сүресінің жиырма сегізінші аятында: «Әр үмбетті Аллаһу та'аладан қорққанынан тізе шөгіп қалғанын көресің. Әрбірі дүниеде істеген амалдарының кітабына шақырылады» деген. Тозақтың босап кетіп, күркірегенінен адамдар қорыққанынан тұншығып қалатындай халде ет-беттерімен сәждеге жатып алады. Бұл Аллаһу та'аланың «Фурқан» сүресінің он екінші аятында: «Тозақ, махшар халқын алыстан көрген сәтте адамдар одан қайнап күркіреген өте жаман дауыс естиді» деп айтуымен нақтыланған.

Аллаһу та'ала «Мүлк» сүресінің сегізінші аятында: «Қаһары мен отының лауылдағанынан тозақ жарылып кете жаздайды» деген. Бұдан кейін пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) ортаға шығып, тозақты тоқтатады да, айтады: «Қорланған халде артқа шегін! Сенің халқың саған өздері топ-топ болып барсын». Сонда тозақ: «Йа, Мұхаммед, маған жол бер! Өйткені сен маған харамсың» дейді. Арштан үндеу келіп: «Ей тозақ, Мұхаммед алейһиссаламның сөзін тыңда! Оған бағын!» дейді. Кейін Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) тозақты тартып, Арштың сол жағына апарып орналастырады. Махшардағылар пайғамбарымыздың бұл мейірімді мәмілесін бір-біріне сүйіншілейді. Қорқыныштары біраз азаяды. «Әнбия» сүресіндегі жүз жетінші аяти каримада «Сені әлемдерге мейірімділік ретінде жібердік» деген мағынасы осылайша көрініс табады.

Сол сәтте қандай екенін ешкім білмейтін бір мизан (таразы) құрылады. Мизанның бірі нұрдан, екіншісі қараңғылықтан жаратылған екі табағы болады.

Бұдан кейін Аллаһу та'ала уақытқа, мекенге, материяға тәуелсіз және пәк түрде өз құдіретін көрсеткенінде адамдар оған тағзым етіп сәждеге жығылады. Бірақ кәпірлер, мүртәдтер сәжде ете алмайды. Өйткені олардың белдері тас қатқандай сәжде етуге мүмкіндік бермейді. Бұл «Нун»  (Қалам) сүресінің қырық екінші аятында баяндалған: «Көздерден перде көтеріліп, қиыншылық артқан кезде сәжде жасауға шақырылады. Бірақ олар сәжде ете алмайды».

Имам Бұхаридің (рахметуллаһи алейһ) мұның тәфсирінде пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) дейін риуаят етушілерін көрсетіп хабарлаған хадис шәрифінде былай делінген: «Аллаһу та'ала қиямет күнінде шындықтар ашылады. [Балақтар түйріліп балтыр ашылады. Яғни өте қиын және ауыр жағдай болады. Сәжде етіңдер делінеді.] Бүкіл мүминдер сәжде жасайды.» Мен бұл хадис шәрифтің тәуилінен (түсіндірмесінен) қорқтым. Мысал-ғой деп сөз қозғағандардың сөзін де жақтырмадым. Мизан, яғни таразы мелекут әлеміне тән бізге белгісіз нәрселер қатарында болып, дүниедегі таразыға ұқсамайды. Өйткені жақсылықтар мен жамандықтар зат пен дене емес, араз, яғни сипат болып табылады. Сипаттарды, қасиеттерді біз білетін таразымен заттарды тартқандай өлшеу дұрыс болмайды. Тек белгісіз болған таразымен ғана өлшеу дұрыс болады.

(Мұхаммед Бұхари 256 [м.870] жылы Самарқандта қайтыс болды.)

Мүминдер сәждеде жатқанда Аллаһу та'ала үндеу салады. Бұл жақыннан да, алыстан да естіледі. Имам Бұхари риуаят еткендей, Аллаһу та'ала [хадис құдсида]: «Мен бәрін жазалайтын дайянмын. Маған ешбір залымның зұлымдығы зиянын тигізе алмайды. Егер зиянын тигізсе, мен залым болар едім» деген.

Кейін хайуанат арасында үкімін береді. Мүйізі бар қошқардан мүйізі жоқ қошқардың ақысын алып береді. Тау жануарлары мен құстар арасындағы ақылары өтеледі. Кейін оларға «Топырақ болыңдар» дейді. Бірден хайуандар топыраққа айналып кетеді. Кәпірлер бұл жағдайды көргенде әр қайсысы «Нәбә» сүресі қырқыншы аятында хабар берілгеніндей «Қане енді, топырақ болсам ғой» дейді.

Сосын Аллаһу та'ала тарапынан үндеу келіп «Ләуһ-и махфуз қайда?» дейді. Бұл дауыс адамдарды таңқалдыратындай түрде естіледі. Аллаһу та'ала «Ей, Ләуһ! Тәурат пен Інжіл және Құран кәрімнен сенде жазғандарым қайда?» деп сұрайды. Ләуһ-и махфуз айтады: «Ей, әлемдердің Раббысы! Мұны Жәбрейіл алейһиссаламнан сұрай гөр!»

Бұл кезде Жәбрейіл алейһиссалам әкелінеді, қалтырап тұрғандай болады. Сасқанынан тізесіне шөгеді. Аллаһу та'ала айтады: «Йа, Жәбрейіл! Бұл Ләуһтің айтуынша сен менің сөзімді және уахиымды құлдарыма жеткізген екенсің, дұрыс па?» Жәбрейіл алейһиссалам «Йа, Раббым, дұрыс» деп жауаптайды. Аллаһу та'ала «Оны қалай іске асырдың?» деп сұрайды. Жәбрейіл алейһиссалам «Йа, Раббым, Тәуратты Мұса алейһиссаламға, Інжілді Иса алейһиссаламға, Құран кәрімді Мұхаммед алейһиссаламға түсірдім және әрбір Расулға пайғамбарлықты және әрбір сухуф иесі пайғамбарға сухуфтарын жеткіздім» дейді.

Бір үндеу: «Йа, Нұх!» дегенде Нұх алейһиссалам әкелінеді. Ол дірілдеп Аллаһу та'аланың алдына келеді. Оған қарап: «Йа, Нұх! Жәбрейіл алейһиссаламның айтуынша сен Расулдардансың» дегенде «Йә Рабби! Дұрыс» деп жауаптайды.

Тағы сұрайды: «Қауымыңмен не істедің?» Нұх алейһиссалам «Йа, Раббым! Оларды күндіз-түні иманға шақырдым. Менің шақыруым оларға еш пайдасын тигізбеді. Олар менен қашты» дейді. Сонда тағы бір үндеу келіп: «Ей, Нұх қауымы!» делінеді. Олар бір топ болып әкелінеді. Оларға айтылады: «Мына бауырларың Нұх алейһиссаламның айтуынша, сендерге менің дінімді уағыздаған екен.» Олар: «Ей, біздің Раббымыз, өтірік айтады. Бізге ештеңе уағыздамады» дейді. Пайғамбарлықты жоққа шығарады.

Аллаһу та'ала «Йа, Нұх! Сенің куәгерлерің бар ма?» деп сұрайды. Нұх алейһиссалам «Йа, Раббым! Менің куәгерім Мұхаммед алейһиссалам және Оның үмбеті» дейді.

Аллаһу та'ала «Йа, Мұхаммед (алейһиссалам)!» Нұх (алейһиссалам) дінді уағыздағанына сені куә қылуда» дейді. Пайғамбарымыз (алейһиссалам) Нұх алейһиссаламның дінді уағыздағанына куә болып, «Худ» сүресінің жиырма бесінші аятын оқиды. Бұл аяти каримада: «Біз Нұхты адамдарға пайғамбар қылып жібердік. Оларды Аллаһу та'аланың азабымен қорқытты. Аллаһу та'аладан басқа нәрселерге ғибадат жасамаңдар деді» делінген. Аллаһу та'ала Нұх алейһиссаламның қауымына: «Сендерге азап беру хақ болды. Өйткені азап кәпірлерге лайықты» дейді.

Осылайша бәрі тозаққа тасталады. Амалдарына қаралмайды, есепке де тартылмайды.

Одан кейін «Ад қауымы қайда?» деген үндеу естіледі. Нұх алейһиссаламның қауымына жасалғандай, Худ алейһиссалам мен оның қауымы Ад халқы арасында дау орын алады. Оған пайғамбарымыз алейһиссалам мен үмбетінің қайырлылары куәлік етеді. Пайғамбарымыз «Шуара» сүресінің жиырма үшінші аяти каримасын оқиды. Бұл қауым да тозаққа тасталады.

Бұдан кейін «Йа, Салих немесе Сәмуд» деген үндеу естіледі. Салих алейһиссалам және қауымы келеді. Қарсы шыққандарына пайғамбарымыздан куәлік етуі сұралады. Пайғамбарымыз алейһиссалам «Шуара» сүресінің жүз қырық бірінші аяти каримасын оқиды. Олар да бұған дейінгілер сияқты тозаққа тасталады.

Құран кәрімнің хабар бергеніндей, үмбеттер бірінен соң бірі ретпен Аллаһу та'аланың алдына шығады. «Фурқан» сүресінің отыз сегізінші және «Ибраһим» сүресінің сегізінші аяти карималары осыны хабар беруде. Мұнда анықтама бар, олар қарсы шығушы және бұзақы қауымдар. «Барих, Марих, Духа, Әсра» қауымдары және осылар сияқты кәпірлер. Олардан кейін үндеу Асхаб-и рәс уә тубба және Ибраһим алейһиссаламның қауымына келеді.

Олардың ешбіріне мизан құрылмайды, есепке тартылмайды. Олар ол күні Раббыларының алдында бас көтеріп тұра алмайды. Аллаһу та'аланың сөзін оларға бір аудармашы жеткізіп тұрады. Өйткені бір адам Аллаһу та'аланың назарымен және сөзімен абыройланса, ол адам азапталмайды.

Кейін Мұса алейһиссаламға үндеу шығады. Қатты жел тұрғанда жапырақтар қалай дірілдесе, солай дірілдеп келеді. Аллаһу та'ала оған қарап «Йа, Мұса! Жәбрейіл саған пайғамбарлығыңды және Тәуратты қауымыңа уағыздағаныңа куәлік етуде» дейді. Мұса алейһиссалам «Иә, ей, Раббым» дейді. «Олай болса, минберіңе шық! Саған уахи етілген нәрселерді оқы!» делінеді. Мұса алейһиссалам минберге шығып оқиды. Бәрі өз орнында үндемей тұрады. Тәуратты жаңадан енді түскеніндей асыл көрінісінде оқиды. Яһуди ғалымдары бұған дейін Тәуратты еш көрмеген, мүлдем білмеген сияқты болып тұрады.

Кейін Дауд алейһиссаламға үндеу шығады. Ол да желде дірілдеген жапырақтай қатты қалтырап келеді.

Аллаһу та'ала: «Йа, Дауд! Жибрил алейһиссалам Забурды үмбетіңе уағыздағаныңа куәлік етуде» дегенде Дауд алейһиссалам «Иә, ей, Раббым!» дейді. Аллаһу та'ала «Минберіңе шық, саған уахи етілген нәрсені оқы» дейді. Дауд алейһиссалам минберге шығады. Көркем дауыспен Забурды оқиды. Хадис шәрифте хабарланғанындай, Дауд алейһиссалам жәннат халқының жаршысы. [Дауд алейһиссаламның дауысы өте әдемі және күшті еді.] Сөйлегенде дауысын табут-и сәкинаныңимамы естіп, жамағаттың арасынан саптарды жарып, Дауд алейһиссаламның қасына келеді де, оны ұстап алады. Сөйтіп: «Маған жаман ниет еттің, саған Забур уағыз бермеді ме?» дейді. Хазреті Дауд қатты ұялып қысылады, жауап бере алмайды. Арасат қайғыра бастайды. Адамдар Дауд алейһиссаламың халін көріп мұңаяды. Бұдан кейін Дауд алейһиссаламға жабысып, Аллаһу та'аланың алдына шығады. Бетіндегі пердесі түседі. Табыттың имамы айтады: «Йа, Раббым! Дауд алейһиссаламның құрметіне маған мейірім таныт, ол мені соғысқа жіберген. Тіпті мен сонда өлтірілдім. Некелеспекші болған әйелімді өзіне алғысы келді. Алайда ол кезде одан басқа тоқсан тоғыз әйелі бар еді.» Аллаһу та'ала Дауд алейһиссаламнан: «Йа, Дауд! Мынаның сөзі дұрыс па?» деп сұрайды. Дауд алейһиссалам ұялғанынан және Аллаһу та'аланың азабынан қорққанынан, Аллаһу та'аланың кешіремін деген уәдесін ескеріп басын иеді. Өйткені адам бір нәрседен қорққанда және ұялғанда басын иеді. Бір нәрсені сұрағанда және өтінгенде басын көтереді. Бұл кезде Аллаһу та'ала табыттың имамына айтады: «Мен оның орнына саған зәулім үйлер мен қызметшілерден осынша-осынша бердім. Разысың ба?» деп сұрайды. Ол кісі «Разымын, йа, Раббым!» дейді.

Одан кейін Дауд алейһиссаламға «Сен де, йа, Дауд, бар, сені де кешірдім» дейді.

Одан кейін Дауд алейһиссаламға: «Минберіңе қайт, Забурдың жалғасын оқы» дейді. Ол Аллаһу та'аланың бұйрығын орындайды. Бұл уақытта Бәни Исраилге екіге бөлінуі әмір етіледі. Бір бөлігі мүминдермен, бір бөлігі кәпірлермен бірге болады.

Одан кейін: «Иса алейһиссалам қайда?» деген бір дауыс естіледі. Иса алейһиссалам әкелінеді. Аллаһу та'ала оған қарап «Маидә» сүресінің жүз он тоғызыншы аяти каримасындағы «Йа, Иса! Сен адамдарға Аллаһтан бөлек мені және анамды өздеріңе құдай қылыңдар дедің бе?» дейді.

Иса алейһиссалам Аллаһу та'аланы мадақтап, көп мақтайды. Кейін «Йа, Раббым! Сені нұқсан сипаттардан пәк қыламын және құрметтеймін, менің ақым болмаған нәрсені айтуым мен жақтан болмады. Егер мен оны айтқан болсам, ақиқатында Сен оны білесің. Йа, Раббым! Сен менің нәпсімде болған нәрсені білесің. Мен Сенің затыңда болғанды білмеймін. Йа, Раббым! Сен ғайыптарды білушісің» деген «Маидә» сүресінің жүз он алтыншы аяти каримасымен жауап береді.

Сонда Аллаһу та'ала жамал сипатын көрсетіп: «Бұл уақыт – адал жандарға адалдықтарының пайдасы берілетін кез» деген «Маидә» сүресінің жүз он тоғызыншы аяти каримасын айтады және «Йа, Иса! Сен дұрыс айттың. Минберіңе бар! Саған Жәбрейіл уағыздаған Інжілді оқы» дейді. Иса алейһиссалам «Құп болады йа Раббым» дейді де, оқи бастайды. Оқығанына халық әсерленіп, бәрі бастарын көтереді. Өйткені, Иса алейһиссалам риуаят жағынан адамдардың ең шебері. Мәнерлеп оқығаны соншалық, христиандар, монахтар Інжілдің ешқандай аятын білмейді екенбіз деп ойлайды. Осылайша Иса пайғамбар үмбеті - насранилер де екіге бөлінеді. Адасқандары, яғни христиандар кәпірлермен, адаспаған мүминдері мүминдермен тіріледі.

Одан кейін «Мұхаммед алейһиссалам қайда?» деген үндеу естіледі, пайғамбарымыз (алейһиссалам) келеді. Аллаһу та'ала айтады: «Йа, Мұхаммед! Жәбрейіл саған Құран кәрімді түсірдім дейді.» Пайғамбарымыз «Иә, ей, Раббым» деп жауаптайды. Сонда Аллаһу та'ала: «Йа, Мұхаммед, минберіңе шық та, Құран кәрімді оқы» дейді.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Құран кәрімді өте көркем және мәнерлі түрде оқиды. Мүминдерге сүйінші береді. Олар күліп қуанады. Құран кәрімге сенбегендердің, бұл қасиетті кітапты (әстағфируллаһ) "шөл заңы" деп жамандағандардың жүздері ұсқынсыз түрге енеді.

(Бұл қисса Мәуаһиб тәфсирінде «Сад» сүресінің жиырма үшінші аятында кеңірек жазылған. Пайғамбарлар ең кішкентай күнәні де істемейді және күнә істеу тіпті ойларына да келмейді. Осы тәфсирден оқылғанда ақиқат жақсырақ аңғарылады.)

Осы жерге дейін баяндалған пайғамбарларға қойылатын сұрақтарды «Араф» сүресіндегі: «Біз пайғамбар жіберілген қауымды әлбетте сұраққа тартамыз. Пайғамбарларды да сұраққа тартамыз» деген бесінші аяти каримасы хабар беруде.

Кейбірлері «Маидә» сүресінің жүз он екінші «Аллаһу та'ала ұлы пайғамбарларды жинаған кезде қауымдарыңнан қандай шақыру алдыңдар және қалай қабылдандыңдар?» деген аяти каримамен хабар берілген деді. Ол кезде пайғамбарлар: «Йа, Раббым! Сені тәсбих етеміз, бізде мүлдем ілім жоқ. Сен ғайыптарды ең жақсы білушісің» дейді. Алдыңғы аяти карима хабар берді деген ғалымдардың сөзі дұрысырақ. «Ихия-ул-улум» атты кітабымызда да осыны жаздық. Өйткені пайғамбарлардың дәрежелері бар. Ал Иса алейһиссалам олардың үлкендерінен. Себебі Ол «Рухуллаһ», «Кәлиматуллаһ». Пайғамбарымыз (алейһиссалам) Құран кәрімді оқыған кезде үмбеті мүлдем естімегенбіз деп ойлап қалады. Осы жайында хазреті Әсма'иден адамдар: «Сен Құран кәрімді ең көп жаттағандардансың. Сен де сондай боласың ба?» деп сұраған екен. Ол жауап  ретінде: «Иә, хазреті пайғамбардан естіген кезімде мүлдем естімеген сияқты боламын» деді.

Кітаптардың оқылуы аяқталғаннан кейін бір үндеу естіледі: «Ей, қылмыскерлер, енді сендер айрылыңдар!». Бұл үндеуден Арасат алаңы әрекетке түседі. Ол кезде бүкіл адамзат және махлуқатты қатты қорқыныш басады. Бір-бірлерімен аралас-құралас болады. Періштелер жындармен, жындар адамдармен араласады. Одан кейін: «Йа, Адам! Ұрпағыңнан тозаққа лайықты болғандарын жібер!» деген үндеу шығады. Сонда Адам алейһиссалам: «Йа, Раббым! Қаншауын?» деп сұрайды. Аллаһу та'ала «Мыңның тоғыз жүз тоқсан тоғызын тозаққа, біреуін жәннатқа» дейді. Кәпірлерді және Әһли сүннеттен (рахметуллаһи алейһим әжмаин) айрылған мүлхидтер мен ғапілдерді шығарып-шығарып, тек қана Аллаһу та'аланың бір уыс дегеніндей мүмин қалады. Әбу Бәкір Сыддықтың (радиаллаһу анһ) «Раббымыздың уысынан бір уыс қалады» дегенінің мағынасы осы.

(Әбу Саид Әсма'и 122 жылы Басрада туылып, 216 [м.831] жылы Мәрвте қайтыс болды. Шын есімі – Абдулмәлик (рахимә-һуллаһу та'ала).)

Одан кейін Ібіліс шайтандарымен бірге әкелінеді. Олардың жамандықтары да мизан таразыда игіліктерінен ауыр басады. Жер бетінде кімге дейін дін жетіп барған болса, барлығының сауап және күнәлары міндетті түрде мизанда тартылады. Шайтандар күнәлары ауыр басып, азапталатынын білген кезде: «Бізге Адам зұлымдық етті. Забани деп аталатын періштелер шаштарымыздан ұстап, бізді тозаққа сүйреді» дейді.

Осыған орай Аллаһу та'аладан  «Мүмин» сүресінің он жетінші аяти каримасындағы «Бұл уақытта зұлымдық болмайды. Аллаһу та'ала есепте өте жылдам» деген бір үндеу келеді. Күллі махлұқат үшін майданға шығыс пен батыс арасын қаптайтын үлкен бір кітап әкелінеді. Онда махлұқтардың (бүкіл жаратылыстың) барлық амалдары жазылған болады. Әлемде болған үлкен-кіші барлық оқиғаны хабарлайды. Аллаһу та'ала ешкімге зұлымдық жасамайды. Махлұқтардың өмірде күнде жасаған амалдары осы кітап арқылы Аллаһу та'алаға ұсынылады. Аллаһу та'аланың әмірімен «Абәсә» сүресінің он алтыншы аяти каримасында жазылған «Кирамун бәрәра» періштелеріне, яғни игі және мойынсұнғыш періштелерге сол амалдарды жазуды әмір еткен болатын. Бұл сол кітап. «Жасиә» сүресінің «Біз сендер жасаған амалдардың барлығын жаздырдық» деген жиырма сегізінші аяти каримасында келген мағына осыны хабар беруде.

Одан кейін бір жаршы бәрін бөлек-бөлек шақырады. Әркім жеке-жеке есепке тартылады. «Нұр» сүресі жиырма төртінші аятында: «Істегендерінің бәріне сол күні тілдері мен аяқ-қолдары куәлік етеді» делінген.

Дұрыс хабармен бізге жеткені бойынша, бір адам Аллаһу та'аланың алдында тұрады. Аллаһу та'ала оған «Ей, жаман құл! Сен қылмысқер және асау болдың» дейді. Ол құл «Йа, Раббым! Мен ештеңе істемедім» дейді. Сонда «Саған қарсы дәлелдер мен куәгерлер бар» делінеді. Ол адамның иығында отырған хафаза періштелері әкелініп, куәліктері алынады. Әлгі адам: «Олар мен туралы өтірік айтты» дейді. Бұл жағдай «Ол күні бәрі әкелінеді. Әркім өз нәпсімен күреседі» деген «Нахл» сүресінің жүз он төртінші аятында көрсетілген. Кейін оның ауызына мөр басылып, сөйлеткізбей қойылады. Бұл «Ясин» сүресінің алпыс бесінші аятында «Қиямет күнінде мен күнаға батқандардың ауызын мөрлеймін. Олар не істеп не қойған болса, енді бізге қолдары айтады және аяқтары куәлік етеді» деп көрсетілген. Олай болса, Аллаһқа бағынбағандардың мүшелері өз зияндарына куәлік етіп, тозаққа апарылуы әмір етіледі. Құдайдан безгендер [дін дұшпандары, харам істегендер, намазды менсінбегендер] өз мүшелерін балағаттап айқайлай бастайды. Мүшелері «Бұл куәлік біздің қалауымызбен емес. Бізге Аллаһу та'ала сөйлеткізді. Бәрін сөйлетуші Ол» дейді. Бұлар «Фуссиләт» сүресінің жиырма бірінші аяти каримасында баяндалған.

Есептен кейін барлық адамдар Сырат көпіріне қарай жіберіледі.

Сырат көпірінен өте алмай құлаған күнаһарлар тозақ қарауылдарына, яғни азаптаушы періштелерге тапсырылады. Сонда олар жылап ыңырси бастайды. Әсіресе момындар және бір Құдайға сенгендер арасынан шыққан күнаһарлар тозаққа тастап жатқанда қатты жылайды. Періштелер оларды ұстап лақтырып жатып «Міне осы сендерге уәде етілген қиямет күні» дейді. Бұл жағдай «Әнбия» сүресінің жүз үшінші аяти каримасында хабарланған.

Дат салу – тозақтықтардың қатты даттап жылайтын төрт жердің біріншісі сур үрленген кезде; екіншісі тозақ періштелердің қолынан шығып кетіп, махшардағыларға қарай атылған кезде; үшіншісі Адамды (алейһиссалам) Аллаһу та'алаға шапағатшы қылып жіберу үшін жиналған кезде; төртіншісі тозақ және азап періштелерінің қолына тапсырылған кездерінде болады.

Тозақилар жаһаннамдағы өз орындарына жіберілгеннен кейін, Арасат алаңында тек момын-мұсылмандар, қайырымдылық пен жақсылық жасағандар, арифтер, сыддықтар, әулиелер, шәһидтер, салихтар мен расулдар ғана қалады. Имандарында күмәні барлар, мұнафиқтар, зындықтар, бидғатшылар [яғни Әһли сүннет сенімінде болмаған мүминдер] ол уақытта тозаққа тасталған болады. Аллаһу та'ала «Ей, адамдар! Раббыларың кім?» деп сұрайды. Олар «Аллаһ» дейді. Аллаһу та'ала «Сендер Оны танисыңдар ма?» деп сұрайды. «Иә, танимыз, ей Рабби» дейді. Сол кезде оларға Арши аъланың сол жағынан бір періште көрінеді. Ол періште сондай құдіретті, сондай алпауыт болмақ, тіпті жеті мұхит оның бас бармағы ұшына қойылса бір тамшыдай болып та көрінбей қалады. Ол періште махшардағыларға Аллаһу та'аланың әмірімен оларды сынау мақсатында «Әнә Раббукум», яғни «Мен сендердің Раббыларыңмын» дейді. Сонда махшар халқы «Сенен Аллаһу та'алаға сыйынамыз» деседі.

Одан кейін Аллаһу та'ала оларға олар қалағандай жұмсақ, мейірімді мәміле жасайды. Махшар халқы бәрі бірдей сәждеге барады. Аллаһу та'ала оларға: «Сендер сондай бір жерге келдіңдер, бұдан былай сендерге жатырқау мен қорқыныш жоқ» дейді.

Аллаһу та'ала барлық мүминдерді Сырат үстінен өткізеді. Мүминдер дәрежелеріне қарай жәннатқа кіргізіледі. Адамдар топ-топ болып кіреді. Алдымен расулдар, кейін нәбилер, кейін сыддықтар, кейін әулиелер, арифтер, кейін қайырымдылық пен жақсылық жасаушылар, кейін шәһидтер, кейін басқа мүминдер кіреді. Мұсылмандардан күнәлары кешірілмегендер етбетімен құлаған болып, ал кейбірлері Арафта (жәннат пен тозақтың арасындағы жер) қамалып қалады.

Иманы әлсіз болғандардың кейбірлері Сыратты жүз жылда, кейбірлері мың жылда өтеді. Сондай-ақ, олар тозақта жанбайды.

Кімде-кім Раббысын көрсе, ол адам тозаққа тасталмайды. Мұсылман және қайырымшыл болғандардың дәрежелерін «Истидраж» атты кітабымызда баяндадық. Олар күлімдеген жылы жүзді адамдар. Көбі Сыратты найзағайдай тез өтеді. Көбі аш және шөлдеп өтеді, өкпе-бауырлары бөлшектеніп, тыныстары түтіндей шығады. Олар ыдыстары аспандағы жұлдыздардың санындай болған, суы кәусәр бұлағынан, үлкендігі Құдыстан Йеменге дейін және Аденнен Мәдинаға дейін болған Кәусәр хауызынан ішеді. Бұл пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Менің минберім хауызымның үстінде», яғни минберім Кәусәр хауызының екі жағасының бірінің үстінде тұр деп айтуымен бекітілген. Кәусәр хауызынан алыс болғандар істеген күнәларының дәрежесіне қарай Сыратта ұстап қалынады.

Қаншама дәрет алушылар бар, дәретті дұрыс және толық алмайды. Қаншама намаз оқушылар бар, ешкім сұрамаса да, намазын басқаларға айтып жүреді. Намазын хушумен (ықыласпен) оқымайды. Егер оны бір құмырсқа тістеп алса, намазын тастап, сол құмырсқамен әуре болады. Алайда Аллаһу та'аланың ұлылығын түсінген әулие құлдарының аяқ-қолдарын кессе де, еш намазда қимылдап, қарсылық көрсетпейді. Өйткені олар ғибадаттарын тек Аллаһу та'ала үшін орындайды. Аллаһу та'аланың алдында тұрған адам Оның айбаттылығы мен ұлылығын білгені шамасында беріледі, қорқады. Бір күні бір патшаның алдында тұрған кісіні шаян шағып алады, ол сабыр етеді. Патшаны құрметтегендіктен еш қимылдамайды. Бұл адамдардың махлұқпен (жаратылыспен) бірге болған кезіндегі жағдайы. Ал махлұқтар көбінесе ондай пайда мен зиянды ажырата бермейді.

Құрметті және ұлы болған Аллаһу та'аланың алдында тұрған адамның жағдайы басқа қандай болсын, айбаттылық, сұлтандық, ұлылық және Аллаһу та'аланың үстемдігін білетін адамның Аллаһу та'ала алдында тұруы әрине асқан хушу мен ықыласты талап етеді.

Ғибадаттарды орындаған болса да зұлымдық жасаған және тәубе еткен болса да мазлұмын (зұлымдық көрсеткен адамын) таба алмаған, дүниеде оның кешірімін ала алмаған адам туралы баяндалғанындай, ол Аллаһу та'аланың алдына апарылады. Дүниеде кешірімін ала алмаған құл (кісі) ақылары бар болса, бәрі көрсетіледі. Мазлұм (зұлымдық көрген) оның жағасына жабысады. Аллаһу та'ала мазлұмға «Ей, мазлұм! Жоғарыға қара» дейді. Мазлұм жоғарыға қарап, бiр зәулім сарай тұрғаның көреді. Ол өте үлкен. Үлкендігі мен әсемдігі таң қалдырады. Әлгі мазлұм: «Йа, Раббым, бұл не?» деп сұрайды. Аллаһу та'ала: «Бұл сатылатын үй. Менен сатып аласың ба?» дейді. Сонда мазлұм: «Йа, Раббым! Оның құнын төлейтіндей менің ештеңем жоқ» дейді. Аллаһу та'ала айтады: «Бауырыңның зұлымдығын кешіріп, құтқаратын болсаң, зәулім сарай сеніңкі.»

Сонда әлгі құл: «Йа, Раббым! Сенің әмірің себебімен ондағы ақымнан бас тарттым (кешірдім)» дейді.

 

Аллаһу та'ала тәубе еткен залымдарға осындай мәміле көрсетеді. Расында Исра сүресінің жиырма бесінші аятында: «Мен тәубе еткен адамдарды кешіремін» деген. Тәубе еткен дегені – зұлымдықтан, күнәдан бастартып, ол күнәні істемеген адам деген сөз. Дауд алейһиссалам «Әууаб» (тәубе еткен) деген есіммен аталады. [Алайда Дауд алейһиссалам мүлдем күнә істемеді. Онда «Хилаф-и әула» орын алды.] Расулдардан хазреті Даудтан басқалары да осындай.