12 - Рабиул-ахир, 1446 жыл.
     15 - Қазан, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Ислам ғұламалары / Хазреті Баязид Бистами

Хазреті Баязид Бистами

Ұлы әулиелердің бірі – хазреті Баязид Бистами м. 776 (х. 160) немесе м. 803 (х.188) жылы Иран өлкесі Хазар теңізінің жағалауы Бистам ауданында дүниеге келген. Лақабы Әбу Язид, есімі Тайфур, “Сұлтанул Арифин” деген атпен танымал болған. Анасының құрсағында жатқаннан бастап кереметтері көріне бастаған. Анасы жүкті кезінде күмәнді нәрсені ауызына алар болса, оны кері шығарып тастағанға шейін ішінен соға беретін.

 

Имам Жафар Садық дүниеден өтіп, қырық жыл өткеннен кейін туылса да, имам Али Ризаның сұхбатынан және оның берекетімен Имам Жафар Садықтың руханиятынан нәр алған. Шам өлкесінде отыз жыл тұрып, жүз он үш ғалымнан ілім алған. Иләһи ғашықтықта ілгері, ғибадаттағы дәрежесінің соншалықты жоғарылығы, намаз оқып жатқан кезінде Аллаһқа деген қорқуынан көкірек сүйектері сықырлайтын еді. Заманының терең ғалымы, өнегелі де әдепті еді, тасаууфтағы дәрежесі өте биік болған. Өлеңдері көпке танымал.

 

Бір күні жақындары: «Мырзам, пәлен жерде ұлы кісі бар.Өзі ізгілік пен керемет иесі әулие екен»,- деген секілді сөздермен көп мадақтайды. Сонда Баязид Бистами: «Олай болса, ол кісіні көруіміз қажет»,- дейді. Шәкірттерімен бірге ол кісінің тұратын жеріне барады. Баязид Бистами ол кісінің мешітке кетіп бара жатқанын және қыбла бағытына қарай түкіргенін көріп, онымен көрісуден бас тартып, кері қайтады. Кейін ол кісі жайында: «Діннің үкімдеріне, сүннетке мойынсұнуда, әдепке мән беруде әлсіз болған адамға қалайша керемет иесі делінеді. Мұндай кісінің Аллаһу та’аланың әулиелерінен болуы мүмкін емес»,- дейді.

 

Баязид Бистами қырық бес рет қажылыққа барады. Бір күні Арафат тауында нәпсісі оған: «Ей Баязид! Жер бетінде саған тең келетін адам бар ма екен? Қырық бес рет қажылыққа бардың және мыңдаған рет Құранды бастан аяқ оқып шықтың»,- деген ой береді. Хазреті Баязит нәпсісінен келген бұл ойға қатты ренжиді. Дереу түрегеп сол жердегі жиылған қауымға қарата: «Менің қырық бес рет жасаған қажылығымды кім бір бөлік нанға айырбастайды?»,- деп сұрайды. Сонда бір кісі басын көтеріп, «Мен аламын!»,- деп нанын ұзатады. Баязид Бистами нанды алып, сол жердегі бір иттің алдына тастайды. Ісін аяқтап біткен соң, жол дайындықтарын жасап, Рум аймағына (Анадолуға) қарай бет алады. Бірақ не үшін кетіп бара жатқанын өзі білмейді. Ұзақ күндерге созылған осы сапарда бір шіркеу попымен кездеседі. Ол Баязидтің қолынан ұстап, үйіне алып кетеді. Үйінің ішінен бір бөлмесін босатып беріп, күнделікті асын азанда және кешке әкеліп беріп тұрады. Баязид осы бөлмеде тек ғибадатпен уақыт өткізеді. Бұл жағдай бір ай жалғасады. Баязид Бистами кейін нәпсісіне қарата: «Ей нәпсім! Мен сені тәрбиелегім келеді, бірақ сен жамандықтан тыйылмайсың»,- деп тұрғанда поп ішке кіріп: «Есімің кім?»,- деп сұрайды. Ол: «Баязид!»,- деп жауап береді. Поп: «Өзің қандай жақсы адам екенсің. Шіркін, Масиһтің құлы болғаныңда ғой!»,- дегенде, бұл сөздері Баязидке ауыр тиіп, үйден кетуді ұйғарады, сонда поп: «Бұл жерден қырық күнді толтырып, бір-ақ қайт! Өйткені жақында біздің үлкен мейрамымыз келе жатыр, соны көріп тамашалағаныңды қалаймын. Біздің қадір тұтатын көсеміміз, ғұламамыз – бас попымыз сол күндерде бір ғана рет уағыз береді. Оның насихатын тыңдауыңды өтінемін!»,- дейді. Хазреті Баязид поптың бұл ұсынысын қабылдап, қырық күн қалатын болады. Қырық күн біткенде поп бөлмеге кіріп: «Марқабат, сыртқа шығуыңызды өтінем! Бүгін біздің мейрам күніміз!»,- дейді. Баязид Бистами сыртқа шығу үшін қамдана бастағанында поп: «Сіз мына киіміміңізбен қалайша мыңдаған шіркеулік поптардың ортасына кірмексіз? Үстіңіздегі киіміңізді шешіп, мына поптың киімін киіңіз де, мойныңызға Інжілді асыңыз!»,- дейді. Бұл ұсыныс та оған ауыр тиеді, бірақ «мұның да астарында жатқан бір хикмет бар шығар»,- деп поптың әкелген киімдерін киіп, жиындарына барады. Ешкімде оның мұсылман екенін аңғармайды. Біраз уақыт өткен соң поптардың көсемі келеді. Бірақ сөйлемей тұрып қалады. Неге уағыз насихатыңызды бастамайсыз деп сұрағанда: «Араларыңда бір мұсылман бола тұра мен қалайша сөйлейін!»,- деп жауап береді. Жиналған қауым мен поптар шулап: «Оны бізге көрсетіңіз, көзін құртайық!»,- деседі. Бас көсем: «Тынышталыңдар! Мен оның кімдігін сендерге айтпаймын. Егер оған тимейтіндеріңе уәде берсеңдер оны көрсетейін!»,- дейді. Сонда поптармен халық бір ауыздан уәде береді. Бас поп: «Әй, Мұхаммедтің үмметі! Аллаһ үшін орныңнан тұрып, ортаға шық!»,- деп дауыстайды. Алаңдап отырған поптардың арасынан Баязид Бистами орнынан тұрады. Бас поп: «Атың кім?»,- дейді. «Баязид»,- деп жауап береді. «Ілімнен хабарың бар ма?»,- дегенде «Раббым үйреткендерінен кейбір нәрселер білемін»,- дейді. Сонда поп: «Олай болса менің сұрақтарыма жауап бер! Екіншісі болмаған біреу, үшіншісі болмаған екеу, төртіншісі болмаған үшеу, бесіншісі болмаған төртеу, алтыншысы болмаған бесеу, жетіншісі болмаған алтау, сегізіншісі болмаған жетеу, тоғызыншысы болмаған сегіз, оныншысы болмаған тоғыз, он біріншісі болмаған он, он екіншісі болмаған он бір, он үшіншісі болмаған он екіншіні айт? Бұлар не?»,- дейді. Баязид Бистами бас попқа: «Мені жақсылап тыңдаңыз!

Екіншісі болмаған біреу – ортағы, серігі, теңі, ұқсасы болмаған Аллаһу та’ала.

Үшіншісі болмаған екеу – күн мен түн.

Төртіншісі болмаған үшеу – үш талақ (босату, ажырасу).

Бесіншісі болмаған төртеу – Тәурат, Забур, Інжіл мен Құран кәрім.

Алтыншысы болмаған бесеу – бес уақыт намаз.

Жетіншісі болмаған алтау – көктер мен жердің жаратылған алты күні.

Сегізіншісі болмаған жетеу – жеті қат аспан.

Тоғызыншысы болмаған сегіз – қиямет күні Аршты таситын сегіз періште.

Оныншысы болмаған тоғыз - әйелдің тоғыз ай жүктілік мерзімі.

Он біріншісі болмаған он – Мұса алейһиссаламның Шуайб пайғамбарға он бір жыл шопандық қызмет атқаруы.

Он екіншісі болмаған он бір – Юсуф пайғамбардың он бір бауырлары.

Он үшіншісі болмаған он екі – он екі ай»,- дейді. Поп күлімсіреп: «Дұрыс айттың! Ендеше маған ауадан не жаратылғанын, не сақталып қалғанын және кімнің ауамен жоқ болып кеткенін айт?»,- дегенде, «Иса пайғамбар ауадан жаратылды, ауада сақталды. Ад қауымы ауамен жойылып кетті»,- деп жауап береді. Поп: «Дұрыс айтасың! Ағаштан жаратылған не? Ағашта жансақтаған кім? Және ағашта өлген кім?»,- дегенінде, «Мұса алейһиссаламның асасы ағаштан жаратылды. Нұх алейһиссалам ағаштың ішінде (кемеде) сақталды. Зәкәрия алейһиссалам ағаштың ішінде ағашпен бірге арамен кесіліп өлді»,- дейді. Поп қайтадан: «Дұрыс айттың! Оттан кім жаратылды, оттан кім сақталды және оттан кім өлді?»,- деп сұрады. Хазреті Баязид: «Оттан Ібіліс жаратылған, Ибраһим алейһиссалам оттан сақталған, Әбу Жәһил оттан өлген»,- дейді. Поп тағы да: «Тастан кім жаратылды, тастың ішінде кім сақтанды және тастан кім өлді?»,- дегенде, «Салих пайғамбардың түйесі тастан жаратылды. Асхаби Кеһф тастың ішінде қорғанды және Әбраха мен әскерлері тастан өлді»,- дегенде поп: «Дұрыс айтасың! Ғалымдар: “Жәннатта төрт өзен бар. Біреуі балдан, біреуі сүттен, біреуі судан, біреуі де шараптан (жаннат шарабы). Бөлек-бөлек болған бұл өзендер бір қайнардан шығады”,- дейді. Осы дүниеде мұның бір мысалы бар ма?»,- деген кезінде: «Әлбетте бар. Адамның басынан төрт бұлақ шығады. Құлақ суы – ащы. Көз суы – тұзды. Мұрын суы – басқа бір дәм. Ауыз суы – тәтті»,- деп жауап береді. Поп қайтадан: «Дұрыс айтасың! Жәннат иелері ішіп-жейді бірақ та дәрет бұзбайды. Мұның да бұл дүниеде ұқсасы бар ма?»,- дегенде, «Әрине бар. Ана рақымындағы нәресте ішіп-жейді, бірақ нәжісі жоқ»,- деп жауап береді. Поп: «Дұрыс айттың! Жәннатта Туба деген ағаш бар. Бұл ағаштың талының көлеңкесі түспейтін жәннатта бірде-бір сарай жоқ. Мұның да дүниеде бір мысалы бар ма?», «Әлбетте бар. Азанда күн шыққанда қандай болады? осындай емес пе?»,- дейді. Поп: «Дұрыс айтасың! Қане, мына сұрақтарыма тағы жауап бер! Бір ағаш бар. Оның он екі бұтағы, әр бұтағында отыз жапырағы, әр жапырағында бес гүлден, олардың екеуі күнге, үшеуі қараңғыға қарап тұр. Бұл сонда қандай ағаш болғаны?»,- дегенде, «Ағаш – бір жылға теңеледі. Он екі бұтағы – он екі ай, әрбір бұтағындағы отыз жапырақ – күндері, әрбір жапырақтағы бес гүл – бес уақыт намазды білдіреді»,- деп жауап береді. Соңында поп былай дейді: «Маған мына нәрселерден хабар бер! Өзі қажылыққа барған, тауаф жасаған және биік мәртебелерге шыққан, бірақ оның рухы да жоқ, қажылық та оған уәжіп болмаған?»,- дегенде, Баязид Бистами: «Нұх пайғамбардың кемесі»,- деп, попқа қарап: «Ей, поп! Сіз маған көптеген сұрақтар қойдыңыз. Мен қолымнан келгенше жауап беруге тырыстым. Рұқсат етсеңіз мен сізге тек қана бір сұрақ қояйын. “Жәннаттың кілті не? Жәннат есіктерінің төбесінде не деп жазылған?”»,- дегенде, поп үндемей қалып, жауап беруден қашады. Жиналған поптар бұл жағдайдан мазасызданады: «Әй Иса масих үмбетінің ең ұлы ғұламасы! Неге жауап бермейсіз, бұл жеңілгеніңіз бе?»,- дейді. Бас поп: «Жоқ, мен сұрақтың жауабын білемін бірақ жеңілгім де келмейді»,- дейді. Жиналған қауым: «Олай болса неге жауап бермейсіз?»,- дейді. Бас поп: «Егер де жауап берсем, айтқандарыма қосыласыңдар ма?»,- дейді. Сонда бәрі бірауыздан “әрине қосыламыз” деп уәде береді. Бас поп: «Олай болса тыңдаңдар! Жәннаттың кілті мен есіктерінің төбесінде жазылған сөз: “Лә илаһә иллаллаһ Мұхаммедун Расулуллаһ”»- деп мұсылман болады. Оны тыңдауға келген мыңдаған поптар да бірауыздан “Кәлимай шәһадат” айтып мұсылмандықты қабылдайды. Баязид Бистами олардың қастарында біраз уақыт қалып исламды үйретеді. Осылайша оның бұл жерге келуінің хикметі ашылады.

 

Хазреті Баязид Бистамиді бір түні ұйқы қысып таң намазына ояна алмайды. Намазы қазаға қалғанына қатты өкінгендігі соншалықты, тәубе етіп көп жылайды. Бір кезде дауыс естиді «Ей Баязид, бұл күнәңды кешірдім. Бұл өкінгенің және жылағаның үшін жетпісмың намаз сауабын ихсан еттім.» дейді. Арадан бірнеше ай өткен соң оны тағы уйқы қысады. Шайтан келіп Баязидтің мубәрәк аяғынан түртіп оятып «Тұр намаз уақытының шығуына аз қалды» дейді. Баязид Бистами: «Ей малғұн! Сен мүлдем мұндай игілік жасамаушы едің. Адамдардың намаз оқымауын, намазы қазаға қалуын қалайтын едің. Қалайша мені оятып отырсың?» дегенде шайтан былай жауап береді: «Бірнеше ай бұрын таң намазын жіберіп алғаныңда өкініп, ренжіп көп жылағаның үшін жетпіс мың намаздың сауабын алған едің. Бүгін соны ойлап тек бір уақыттың сауабын алсын, жетпіс мың намаздың сауабына қауыша алмасын деп сені ояттым.» дейді.

 

Хазреті Баязид Бистами жаңбырлы күні жұма намазына бару үшін үйінен шығады. Қатты жауған жаңбырдан жолдар балшық ішінде еді. Жаңбыр тоқтағанға дейін бір үйдің дуалына паналап тұрады. Лайға батқан аяқкиімін үйдің дуал тастарына сүртіп тазалайды да жаңбыр бәсеңдегенде мешітке қарай жүре бастайды. Бір кезде мәжусидің (отқа табынатын адамның) дуалын кірлеткені есіне түсіп өкінеді. «Онымен халалдаспай (разылығын алмай) қалай намаз оқи аласың? Біреудің дуалын кірлеткен күйде қалай Аллаһу та’аланың алдында тұрасың?» деп ойлайды. Дереу кері қайтып мәжусидің есігін қағады. Есікті ашқан мәжуси:

-          Бір бұйымтайыңыз бар ма?-деп сұрайды.

-          Сізден кешірім сұрауға келдім.

-          Кешірімі несі? Сізбен ешқандай сауда-саттық

жасағаным жоқ.

-          Біраз бұрын сіздің дуалыңызды байқаусыз кірлеттім.

Жаңбырдың қаттылығы “құл ақысы” деген маңыздылықты ұмыттырды.

-          Несі бар, бәрібір дуалым балшық ішінде, сіздің

аяғыңыздан жағылған балшықтан да келер зиян жоқ еді.

-          Бірақ бұл да болса құл ақысы және иесінің разылын

алу керек. Бәрібір кір деп, менің де кірлетуіге ақым жоқ еді.

-          Сізге бұл нәрсені дініңіз үйретті ме?

-          Ия, дініміз және бұл діннің пайғамбары Мұхаммед

алейһиссалам үйретті.

Сонда мәжуси «олай болса біз неге бұл дінге кірмей жүрміз?» деп мұсылман болады.

 

Баязид Бистами бір түні бірнеше шәкірттерімен бір адамның үйінде қонақ болады. Үй иесі үйдің жарық болуы үшін бір шырақ жағады. Баязид Бистами хазірет үй иесінен былай деп сұрайды:

- Мына шырақ жанып тұр бірақ жарық бермей тұр. Мұның хикметі не болды екен?

- Ұстаз, біз бұл шырақты бір түн қолдану үшін көршіден аманатқа алған едік. Сіздер қонаққа келген соң бүгін екінші түн қолданып отырмыз, бәлкім содан болар.

Баязид Бистами шырақты өшіріп:

- Шырақты иесіне қайтарып беріңдер. Егер оларға керек болмаса, бір түн тағы қолданып тұруға рұқсат сұраңдар! –дейді.

Үй иесі шырақты көршісіне алып барып, болғандарды айтып, шырақты тағы бір түн қолдануға рұқсат алады. Үйге келіп шырақты қайта жағады. Бұл жолы бөлме өте жақсы жарықтанады. Баязид Бистами хазірет:

-         Міне енді жарықты көріп тұрмын- дейді.

 

Баязид Бистами қайтыс боларында өзін жақсы көретіндерден Әбу Мұса атты шәкірті жанында жоқ еді. Бірақ ол түні түсінде Аршты басының үстіне қойып көтеріп жүргенін көреді. Бұл түсіне қатты қайран болып, хикметін түсіне алмайды. Мұны Баязид Бистамиден сұрау үшін жолға шығады. Жолда Баязидтың қайтыс болғанын естиді. Бистам қаласына келгенінде жаназа рәсімі үшін жиналған қалың халықтың шоғырын көреді. Табытын алып жүру абыройына қауышу үшін жақындауға қанша тырысқанымен адамның көптігінен бұл мүмкін болмайды. Өзі айтады «Ол кезде көрген түсім туралы мүлдем ұмытқан едім, хазреті Баязидтің табытын көтеріп жүру абыройына қауышқым келді. Еш мүмкіндік болмаған соң табытты алып жүргендердің араларынан қиналып өтіп табыттың астына кірдім. Басымды табытқа тіреп жүріп бара жатқанымда кенеттен табыттың ішінен дауыс естідім “Ей Әбу Мұса! Кешегі көрген түсіңнің мәні сенің осы халің еді.” деді.»

Хазреті Баязид Бистами 875 жылы (х 261) мамыр айында қайтыс болған. Қабірі Бистам қаласында.