Ғибадаттарды пайдасы үшін орындауСұрақ: Діннің әмірлері мен тыйымдарын адамға дүниелік пайдасын тигізгендіктен орындау дұрыс па? Жауап: Ислам дінін ұстануды, ғибадат етуді дүниелік пайдалардың үстіне құруға болмайтыны ақылды адамдарға айқын болған ақиқат. Шура сүресінің 20-аятында: «Ахиретте азаптан сақтану үшін еңбектенушілердің табыстарын арттырамыз. Ал дүниелік пайда үшін еңбектенушілерге көздегенін береміз. Бірақ ахиретте олардың қолына ештеңе түспейді» және Исра сүресінің 18-19 аяттарында: «Пайдалары мен ләззаттары тез өтетін, бітетін дүниені сұрағандарға қалағанымызға тілегенімізді береміз. Ахирет пайдалары үшін еңбектенген мүминдердің марапаттары мол» делінген. Хадис шәрифтерде де: «Аллаһу та'аладан басқасына кім не істеген болса, қайтарымын содан сұрасын, - деп айтылады» және «Аллаһу та'ала ахирет үшін жасалған жақсылықтарға дүниеде де марапатын береді. Бірақ тек қана дүниелік үшін жасалған істерге ахиретте ешқандай марапат бермейді» делінген. Ислам дінінің үкімдерінің ахиреттегі пайдаларымен қатар дүниедегі пайдаларын, қоғамдағы жақсылықтарын да ойлауға тыйым салынбайды. Тіпті бұл пайдаларды заманның жаңа білімдерімен айқындап түсіндіру – дін ғұламаларының міндеті. Ислам үкімдері негізіне құралған әлеуметтік көзқарастар мұсылмандардан көбірек дін дұшпандарына қарсы қорғану қаруы және бәсекелесу құралы ретінде дайындалуы қажет. Ислам үкімдерінің дүниедегі пайдалары мен жақсылықтарын мұсылмандардың да білуі әрине пайдалы. Бірақ, мұсылмандардың тек қана білумен шектеліп, ғибадаттарды дүниелік пайдалары үшін ғана орындау дәрежесіне жеткізбеу керек. Егер осылай болса, ғибадаттар бұзылады. Ислам діні талап еткен міндеттерде дүниелікке қаншалықты пайдасы тисе де, бұларды тек Аллаһу та'аланың әмірі болғандықтан және ахиретте азаптан құтылу үшін ғана орындау керек. Осындай ниет болса, дүниелік пайдаларын бөлек ойлауы орындалған ғибадатқа зиянын тигізбейді. Ғибадаттарда ахиреттік пайдаларды тастап қойып, тек қана қоғамдық жақсылықтарын іздеу және осы іздестіруді негізге алу – дінге сенбеу ауруының белгілерінен. Діннің үкімдерінің дүниедегі пайдалары, жақсылықтары өте маңызды және айқын болғанымен, жәннат пен тозаққа сенгендер дүниелік пайдаларды тіпті ойына да алмайды. |